Қазақстанның халық әртісі, белгілі актер, театр режиссері, профессор, қазақ театр өнерінің тарланы Есмұхан Несіпбайұлы Обаев өмірден өтті.
Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев дүниеден өтті
Фото: gov.kz
203
оқылды

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми мәлімдеме жасап, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Есмұхан Несіпбайұлы Обаев 1941 жылы 23 маусымда Алматы облысы Кеген ауданы Кеген ауылында туған.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның халық әртісі, белгілі актер, театр режиссері, профессор, платиналы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, мемлекеттік стипендияның лауреаты Есмұхан Несіпбайұлы Обаевтың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады.

Есмұхан Несіпбайұлы саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің дамуына, сахна мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық режиссура мен актерлік мектептің қалыптасуына арнаған көрнекті тұлға болатын. Ұлт мәдениетінің мерейін өсірген, театр өнерінің абыройын асқақтатқан ардақты азамат қай кезеңде де өнерге адалдықтың, кәсібіне жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді.  Ол тәрбиелеген буын, сахналаған туындылар мен қалыптастырған көркемдік ұстаным қазақ театрының алтын қорында қала бермек.

Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Есмұхан Несіпбайұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!, - делінген қайғылы хабарламада.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.