ҚР Ыстамбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараға Ыстамбұл, Анкара, Анталья, Измир және Бурса қалаларында білім алатын қазақстандық студенттер қатысты, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға ғылыми-академиялық қауымдастықпен қоса, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ түрлі елдерден келген жастар жиналды.
Іс-шара барысында қонақтар қазақтың ең кең таралған дәстүрлі тағамдарының бірі – бауырсақтың дәмін татып көрді. Сонымен қоса, қазақ асханасының өзге де ұлттық тағамдары ұсынылып, қатысушылар дәмін сезініп қана қоймай, Қазақстанның бай мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Конкурстың негізгі мақсаты – бауырлас Түркияны дәстүрлі қазақ асханасымен таныстырумен қатар, шығармашылық бәсекелестік арқылы достық пен өзара ауызбіршілік атмосферасын қалыптастыру. Әрбір команда бауырсақтың дәстүрлі рецепттері мен дайындау техникасын көрсете отырып, өзіндік ерекше орындауын ұсынды.
Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл және Ыстамбұл Кент университетінің ректоры Неджметтин Атсу құттықтау сөз сөйлеп, мұндай шаралар бауырлас қазақ-түрік халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, ортақ дәстүрлерді танытуда маңызды екенін атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
