Қарағанды қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ауыр дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әйел адам бұрынғы күйеуінің жүйелі түрде соққыға жығуы салдарынан ауыр халде ауруханаға түсіп, ота кезінде көкбауыры алынған.
Жәбірленушінің айтуынша, бұл жағдай ол небәрі 16 жаста болған кезде басталған. Сол уақытта 31 жастағы ер адам оған көңіл білдіріп, кейіннен қамқорлық қорқыту мен зорлыққа ұласқан.
Оның сөзінше, алғашқы соққы мен қысым жасөспірім шағында болған. Қорқыныш салдарынан ол құқық қорғау органдарына жүгінуге батпаған. Кейіннен қорқыту жалғасып, қыз тұрақты үреймен өмір сүрген.
17 жасында ол сол ер адамнан бала көтеріп, кейін ресми түрде некеге тұрған. Биыл ер адам ажырасуға өтініш беріп, қысым көрсету арқылы ортақ баланы өзінде қалдыруға мәжбүрлегені айтылды. Сондай-ақ оның ықпалды таныстары бар екені де алға тартылған.
Сәуір айында келіншек бірнеше күн қатарынан соққыға жығылған. Жағдайы күрт нашарлаған кезде ол туыстарына хабарласқан. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақырылып, әйел ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер шұғыл ота жасап, көкбауырын алып тастауға мәжбүр болған.
Қазіргі таңда жәбірленуші бұрынғы күйеуінің жауапкершіліктен жалтарып кетуінен қауіптеніп отыр. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
