Алматы қаласының полиция департаменті әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Әл-Фараби даңғылында бір топ жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бейнежазбада олардың қарсы бағыттағы жолаққа шығуы, күрт маневрлер жасауы, апатты жағдай туындатуы және қауіпсіздік талаптарын елемеуі тіркелген.
Полиция мәліметінше, жедел жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар барлық жүргізуші анықталып, ұсталды.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинур Тасыбаев хабарлағандай, құқық бұзушыларға қатысты бірқатар әкімшілік шаралар қолданылған. Атап айтқанда, қауіпті маневр жасау, қарсы жолаққа шығу, жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін жағдай туындату, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану және қауіпсіздік белдігін тақпау деректері бойынша жауапкершілікке тартылды.
