Президент осындай салмақты делегацияның келуі Орталық Азия мен одан тысқары жерлердегі экологиялық мәселелердің шешімін табудағы БҰҰ-ның рөлін талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Akorda-ға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы геосаяси тұрақсыздық белең алған шақта климат өзгерісі, қоршаған ортаның нашарлауы және су ресурстарының тапшылығы секілді қазіргі сын-қатерлерге қарсы іс-қимылды үйлестіру өте өзекті екеніне тоқталды.
– Қазақстанның тиімді әрі көпжақты дипломатияны қолдайтынын жақсы білесіздер. Қарабайыр күш халықаралық құқыққа үстемдік етіп отырған, геосаяси ахуал ушыға түскен құбылмалы кезеңде сіздермен жолығып отырмыз. Кеше осы күрделі мәселелер жөнінде егжей-тегжейлі баяндадым. Халықаралық қоғамдастық мұны Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да көпжақты құрылымдар шеңберінде бірлесе шешуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаһандық мәселелерді шешуде мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыра алатын БҰҰ-ның әмбебап халықаралық платформа ретіндегі баламасыз рөліне назар аударды. Осы орайда Ұйымның тиімділігі мен беделін көтеруге арналған Бас хатшының UN80 бағдарламасын қолдайтынын тағы да атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ делегациясының мүшелеріне елімізде әділетті әрі орнықты мемлекет құруға бағытталған ауқымды реформалар іске асырылып жатқанын айтты.
