Атырау қаласының «Жұлдыз-2» ықшамауданында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бой көтерген №48 жалпы орта білім беретін мектеп бүгінде өз тиімділігін айқын дәлелдеп отыр.
«AMANAT»: Атыраудағы жаңа мектеп жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашты
99
оқылды

900 орындық заманауи білім ордасы үш ауысымды оқыту мәселесін кезең-кезеңімен шешіп қана қоймай, сапалы білім мен қолайлы орта қалыптастырудың нақты үлгісіне айналды.

Бұған дейін ықшамаудан тұрғындары балаларын қаладағы өзге мектептерге тасымалдауға мәжбүр болған. Бұл өз кезегінде ата-аналарға қосымша салмақ түсіріп, оқушылар үшін де қолайсыздық туғызды. Бұл мәселе партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүйелі шешімін тапты. Осылайша, 2023 жылы ғимараттың құрылыс жұмыстары басталып, оның әр кезеңі партияның бақылауында болды. Нәтижесінде, жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушылар үшін қауіпсіз әрі заманауи білім беру кеңістігі қалыптасты.

Бүгінде білім ордасында оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.  Аз уақытта мектеп оқушылары бірқатар зияткерлік және шығармашылық байқауларда жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, «Зерде» ғылыми жобалар байқауында үздік жұмыстар қалалық кезеңге жолдама алып, «Алтын түлек» олимпиадасында 4 оқушы жүлдегер атанды. Сондай-ақ «Алтын сақа» математикалық олимпиадасы мен басқа да білім додаларында оқушылар үздіктер қатарынан көрінді. 

Шығармашылық бағытта да жүйелі жұмыс жолға қойылған. Оқушылар «Жұмекен оқулары», «Жарқын болашақ», «Мәшһүр Жүсіп оқулары», сондай-ақ  ProEco байқауларында жүлделі орындарға ие болып, өздерінің әлеуетін таныта білді. Бұл – жаңа мектепте оқушылардың қабілетін жан-жақты дамытуға басымдық беріліп отырғанының айқын дәлелі.

Спорт саласындағы жетістіктер де аз емес. Республикалық деңгейдегі жарыстарда мектеп оқушылары жүлделі орындарға ие болып, білім ордасының беделін арттыруда. Мәселен, Қарағанды қаласында өткен республикалық дойбы чемпионатында Елубай Бейбарыс I орынды иеленсе, «Бастау» олимпиадасында бастауыш сынып оқушылары жоғары нәтиже көрсетті.

«Жаңа білім ордасының ашылуы оқу процесіне тың серпін берді. Бүгінде білім алушыларға сапалы білім мен жан-жақты даму үшін барлық жағдай жасалған. Ұжымымыздың бірлескен еңбегінің нәтижесінде оқушыларымыз түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап, білім сапасын одан әрі арттыруға күш саламыз», – дейді мектеп директоры Орынгүл Қажығалиқызы.

Ал жергілікті тұрғындардың пікірінше, мектептің ашылуы – көптен күткен мәселенің шешімі. Енді балалар алысқа қатынамай, өз ықшамауданында сапалы білім алуға мүмкіндік алды.

Жалпы, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында іске қосылған №48 мектеп – нақты сұраныстан туындап, қысқа мерзімде нәтижесін көрсеткен тиімді жоба. Жаңа білім ордасы тұрғындар үшін маңызды мәселені шешіп қана қоймай, жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына берік негіз қалыптастырып отыр.