Алматыда мотоцикл кроссы бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатының бірінші кезеңі өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz
Жарыс Алматы қаласы Түрксіб ауданында орналасқан Құлжа тасжолы бойындағы арнайы трассада өтті. Аталған алаң толыққанды жаттығу және жарыс өткізуге бейімделген: жарықтандыру жүйесі кешкі уақытта жаттығуға мүмкіндік береді, ал суару жүйесі трасса сапасын сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген спортшылар қатысты. Чемпионат аясында түрлі жас санаттары мен кластар бойынша бәсекелер ұйымдастырылды: 50 см³-тан бастап Open санатына дейін, сондай-ақ қыздарға арналған жеке категория қарастырылды.
Мотокросс - тек жылдамдық пен адреналин ғана емес, жоғары дайындықты талап ететін күрделі спорт түрі. Спортшылар физикалық төзімділікпен қатар техникамен жұмыс істеу, жылдам шешім қабылдау және тұрақты жаттығу тәртібін сақтауы тиіс. Осыған байланысты әлемдік тәжірибеде спортшының айналасында толыққанды команда қалыптасады.
Қазақстанда бұл бағыт әлі даму үстінде. Негізгі мәселе - қызығушылықтың емес, жүйелі қолдаудың шектеулі болуы. Соған қарамастан, соңғы жылдары мотокроссқа қызығушылық артып келеді, ал Алматыдағы трассаға басқа өңірлерден және шетелден келетін спортшылар саны көбейіп отыр, - дейді ұйымдастырушылар







