Себебі қазіргі технологиялар оларға алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуға және жылдам іске асыруға мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен олар адамдардың сенгіштігі мен эмоциясын пайдаланады. Егде жастағы адамдар бұл тұрғыда көбірек осал болғанымен, тәжірибе көрсеткендей, қаржылық алаяқтықтың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Өте сақ әрі қырағы азамат та алданып қалуы ықтимал.
Егер сіздің атыңызға өзіңіз білмейтін кредит рәсімделсе, не істеу керек? Мұндай жағдайда қалай дұрыс әрекет ету керектігін заңгер, заң орталығының басқарушы серіктесі Төлеген Болтанов түсіндірді.
«Ең алдымен полицияға жүгініп, алаяқтық фактісі бойынша арыз жазу қажет. Осыдан кейін қылмыстық іс қозғау туралы қаулыны және жәбірленуші деп тану туралы қаулыны алу керек. Сонымен қатар тергеушіден кредит рәсімделген қаржы ұйымына пайыздар мен айыппұлдарды есептеуді уақытша тоқтату туралы хат жолдауды сұрау қажет», – дейді Төлеген Болтанов.
Полициядан осындай хабарлама түскен соң банк әдетте кредит шартының күшін алты айға дейін уақытша тоқтатады. Сонымен бірге кредит беруші полиция құжатын алған сәттен бастап үш күн ішінде пайыздар мен айыппұлдарды есептеуді тоқтатуға міндетті. Егер бұл талап орындалмаса, жәбірленуші Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) eOtinish порталы арқылы шағым түсіре алады.
«Егер тергеу барысында жәбірленушінің бұл кредитті өзі рәсімдемегені, яғни оның деректері заңсыз пайдаланылғаны анықталса, азаматтық сотқа жүгініп, кредит шартын жарамсыз деп тануды талап етуге болады. Мұндай жағдайда банкке ештеңе төлеудің қажеті болмайды. Алайда көп жағдайда адамдар алаяқтардың нұсқауымен өздері құжаттарға қол қойып, SMS-кодтарды енгізіп, сілтемелер арқылы келісім береді. Яғни, олар алданады, бірақ мұны дәлелдеу өте қиын. Ал банктер заң жүзінде азаматтардың мұндай қателіктері үшін жауап бермейді», – деп атап өтті сарапшы.
Қалай болғанда да, қарыз өздігінен жойылмайды. ҚНРДА мәліметінше, алаяқтық жолмен рәсімделген кредитті есептен шығару автоматты түрде жүргізілмейді. Ол үшін банк немесе микроқаржы ұйымы тарапынан заңбұзушылықтардың болғаны дәлелденуі керек, сондай-ақ полиция мен соттың тиісті құжаттары қажет.
Мысалы, онлайн кредит рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүргізілмесе; клиенттің кредиттен өз еркімен бас тартқанына қарамастан, кредит берілсе; немесе жас шектеулері сақталмаса (21 жасқа толмаған немесе 55 жастан асқан адамға келісімінсіз кредит рәсімделсе) – мұндай жағдайларда қарызды сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығару мүмкіндігі қарастырылады.
Ал алаяқтардың өзінен ақшаны қайтарып алу іс жүзінде өте қиын. Көп жағдайда олар шетелде болады, сондықтан олардың жеке басын анықтау және жауапкершілікке тарту күрделі процесс. Мұндай жағдайда заңгердің айтуынша, ең тиімді тәсілдердің бірі – «дропперлерге» қатысты азаматтық талап қою.
«Банктер қаражатты шетелдік емес, қазақстандық карталарға аударады. Демек, бұл – маңызды із. Сондықтан тергеушіге жүгініп, осы деректерді қаржы ұйымынан сұрату қажет. Жәбірленушінің өзіне бұл ақпарат берілмейді, ал банк тергеушінің сұрауы бойынша міндетті түрде ұсынады. Осы мәліметтерді алғаннан кейін жәбірленуші сотқа жүгініп, негізсіз баю фактісі бойынша қаражатты дропперлерден өндіріп ала алады. Қазіргі таңда бұл – ең тиімді әрі шынайы алгоритмдердің бірі», – деп түйіндеді Төлеген Болтанов.
Атыңызға алаяқтық кредит ресімделсе, не істеу керектігі жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де түсіндіріп өткен.