Бұл бастама мемлекеттік басқаруды жаңғырту, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың үніне құлақ асатын ашық жүйе қалыптастыру, жастарға мүмкіндік беру және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін арттыруға бағытталған. Бүгінде бұл өзгерістер елорда деңгейінде ғана емес, өңірлерде де нақты мазмұнға ие бола бастады.
Соның бір көрінісі ретінде Батыс Қазақстан облысында жастармен, мемлекеттік қызметшілермен және қоғам белсенділерімен өткен кездесулерде жаңа реформалардың басым бағыттары кеңінен талқыланды. Жиында мемлекеттік қызметке жастарды тарту, кадрлық резерв жүйесін жетілдіру, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуы және «Адал азамат» құндылықтарын орнықтыру мәселелері көтерілді.
Қазіргі Қазақстанда жастарды мемлекеттік басқару ісіне тарту маңызды басымдықтардың біріне айналды. Себебі жаңа буынның энергиясы, білімі мен цифрлық сауаты ел дамуына тың серпін бере алады. Осыған байланысты өңірлерде жастар кадр резервтері құрылып, мемлекеттік қызметке кіру тетіктері жеңілдетіліп жатыр.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жастар қоғамның қозғаушы күші екенін атап өтті.
– Жастар қай кезеңде де қоғамды алға сүйрейтін күш болған. Сондықтан олардың бастамаларын қолдау, қабілетін ашу, мемлекеттік басқаруға тарту – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Жас мамандардың ел дамуына қосар үлесі зор, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысының айтуынша, 2024 жылы аймақта жас әрі білікті мамандарды іріктеу жұмыстары жүргізіліп, жүздеген үміткер арасынан 30 жас маман өңірлік кадр резервіне қабылданған. Қазір олардың басым бөлігі түрлі мемлекеттік органда еңбек етіп жүр.
Президент бастамасымен енгізілген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаларының біріне айналды. Оның мәні – азаматтар мен билік арасындағы кері байланысты күшейту, халықтың сұранысына жедел жауап беру, шешім қабылдау кезінде қоғам пікірін ескеру.
Осы міндеттерді түсіндіру және іске асыру аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, жастармен, студенттермен және өңір активімен кездесті. Кездесулерде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі, жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер, елдегі реформалардың мазмұны жан-жақты талқыланды. ол мемлекеттік аппарат қоғам үшін ашық әрі қолжетімді болуға тиіс екенін айтты.
– Бүгінгі мемлекеттік қызмет – халықтан алшақ кабинет жүйесі емес. Бұл азаматтардың мәселесін тыңдайтын, әділ шешім қабылдайтын, қоғам сеніміне жұмыс істейтін заманауи институт болуы керек, – деді Дархан Жазықбай.
Бүгінде азаматтар қоғамдық кеңестер, онлайн-петициялар, ашық талқылаулар, сайлау жүйесі арқылы елдегі маңызды шешімдерге ықпал ете алады. Бұл – саяси жаңғырудың маңызды нәтижелерінің бірі.
Жиында ерекше назар аударылған бағыттардың бірі – «Адал азамат» тұжырымдамасы. Бұл бастама жауапты, еңбекқор, заңға құрметпен қарайтын, қоғам алдындағы міндетін сезінетін тұлға қалыптастыруды көздейді.
Кез келген реформаның табысты болуы тек заңдарға емес, азаматтардың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігіне де байланысты. Егер қоғамда адал еңбек пен әділдік құндылығы орнықса, мемлекеттің де сапасы артады.
Кездесуде жастарға сапалы білім алу, кәсіби даму, елге қызмет ету секілді бағыттарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Мемлекетке қызмет ету үшін тек диплом жеткіліксіз. Ең алдымен адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және елге деген жанашырлық қажет. «Адал азамат» қағидаты осы құндылықтарды біріктіреді, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.
Батыс Қазақстан облысында жастарды қолдау бағытында тұрғын үй мәселесіне де басымдық беріліп келеді. Соның бірі – «Жайық жастары» бағдарламасы. Жоба аясында ондаған жас маман баспаналы болған.
– Жастарды өңірде ұстап қалу үшін тек жұмыс орны жеткіліксіз. Оларға баспана, даму мүмкіндігі, сенім мен қолдау қажет. Сондықтан біз жастарға арналған бағдарламаларды жалғастыра береміз, – деді Нариман Төреғалиев.
Бұл бастама әсіресе өңірлерге жас кадрларды тартуда маңызды рөл атқарып отыр.
Әмина МҰХАНБЕТ
