Елімізде еңбекті бағалау жүйесі «күн көру» деңгейінен «өмір сүру» стандартына бет бұрмақ. Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін 150 мың теңгеге дейін көтеруді көздеп отыр. Бұл қадам халықтың тұрмысын түзей ме, әлде инфляцияға жұтылатын ақша массасын ғана арттыра ма? Әлеуметтік әділет ұғымы немен өлшенеді?
Халықтың хақысы
95
оқылды

Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) медиандық жалақының кемінде жартысына тең болуы керек. Қазақстанда медиандық жалақы – шамамен 300 мың теңге. Демек, ЕТЖ-ны 150 мыңға жет­кізу қисынға да, заңға да қайшы емес. Жақында Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин осы межені кезең-кезеңімен бағындыру жоспарда бар деп мәлімдеді. Нақты мерзімі әлі белгісіз. Үкімет көрпеге қарап көсілмекші. Бюджет түсімі тұрақты сақталса, жалақы да ұлғаяды. Әйтпеген жағдайда 85 мыңды місе тұтуға тура келеді.

Шыны керек, ЕТЖ көлемі көп нәрсеге әсер етеді. Біріншіден, жұмыс беруші қыз­меткерінің ЕТЖ сомасынан төмен жалақы төлей алмайды. Осы арқылы мемлекет жұмысшылардың құқығын қорғап, еңбек қатынастарын реттейді. Екіншіден, зей­нетақы, жәрдемақы, медициналық сақ­тандыру жарнасы сияқты әлеуметтік тө­лемдер ЕТЖ-ға сәйкес есептеледі.

Жалақы деңгейі экономикалық ахуал­мен тікелей байланысты. Мұны вице-ми­нистр жоққа шығармай, ашық айтты. Енді қараңыз, былтыр Қазақстанда ЖІӨ 6,5 пайыз өсім көрсетіп, кейінгі 10 жылда болмаған рекорд орнатты. «Бірақ тапқаны тамақтан артылмайтын қалың бұқараның жағдайы 6,5 пайызға жақсарды ма?» деген сұрақ туады осындайда. Қазір ЕТЖ мөлшері 85 мың теңге деп белгіленген. Яғни, жаңағы медиандық жалақының 30-ақ пайызына тең. 10 жылда ЕТЖ көлемі 19 996 теңгеден басталып, 2024 жылы әупірімдеп, 85 мыңға жетті де, содан бері мұрты бұзылмастан мызғымай тұр. Көңілге қонбайтын көрсеткіш екенін халық та біледі, билік те мойындайды. Кейде ЕТЖ-ны ешқашан дүкенге бас сұқпаған, базар аралап көрмеген біреу­лер бекітті ме деп таңғаласың. Азық-тү­лік тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына сүйенсек те, 85 мың деген сома ақылға сыймайды. Екінің бірі банкке борышкер. Үкімет қанша жерден тежеп ұстауға тырысса да, тауар бағасы ауыздыққа көнбей, ала қашып барады. Тіпті, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де: «Мен өзім ол ақшаға өмір сүре алмас едім», – деп ағынан жарылған. Инфляция мен девальвацияны ескерсек, ЕТЖ бекітілген екі жылда тұрғындардың тұрмысы на­шар­лап кетті деуге болады. Себебі эко­номикада жалақы деңгейі оның но­ми­нал­ды мәні бойынша емес, сатып алу қа­білеті бойынша есептеледі. Сондықтан бү­гінгі 85 мың теңгені кедейліктің заңмен ше­геленген шегі демеске лажымыз жоқ.

Жалпы, қазақстандықтар үшін жалақы – негізгі табыс көзі. Жұмыспен қамтылған азаматтардың төрттен үш бөлігі жалданып жұмыс істейді. Өз кезегінде жалақы ха­лық­тың ақшалай кірісінің 70 пайызына пара-пар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде ЕТЖ-ны 1 млн 800 мың адам алады. 329 мың адам 80 мыңнан да аз жалақыға кү­нелтіп жатыр.

Бірақ кей мамандар жалақыны күрт кө­теруге күдікпен қарайды. Өйткені жа­лақы өссе, өндіріс шығындары да өседі. Соның салдарынан тауар мен тариф құны шарықтайды. Тұтыну секторына қосымша ақша құйылса, сұраныс артады, шектен тыс сұраныс инфляцияны өршітеді. Мұндай құбылыс Қытай экономикасында анық байқалған. 2014-2016 жылдары ондағы орташа жалақы 700-800 доллардан асып, арзан жұмыс күші деген түсінік жойылды. Нәтижесінде, Қазақстан нарығында қы­тай­лық өнімдерден гөрі Ресей мен Бе­ларусь тауарлары қолжетімді болып қалды. Сондай-ақ бюджет тапшылығы мен бизнес мүддесін алға тартып, жалақыны арттыруға қарсы уәж айтатындар көп.

Әйткенмен, екінші тараптың талап­тарына да құлақ асқан дұрыс. Бізде жұмыс берушілердің мүддесі жұмысшылардың мүддесінен жоғары тұратыны жасырын емес. Сенбесеңіздер, Ұлттық экономика бюросының статистикасына жүгініп, мәселенің мән-жайын «100 теңге» мы­­салы­мен түсіндірейік. 2010 жылы Қа­зақ­­станға табыс ретінде түскен әрбір 100 теңгенің 34,3 теңгесі жұмысшыға бұйырса, 45,2 теңгесі жұмыс берушінің қалтасында кеткен. 2021 жылы ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі 31,2 теңгеге дейін азайып, капитал иелерінің үлесі, керісінше, 50,8 теңгеге дейін молайған. Ең жаманы, 2016-2019 жылдары жұмысшының сы­ба­ғасы 28-30 теңгеге дейін құлдырап, биз­нестің таза пайдасы 52 теңгеге дейін көбейген. Былайша айтқанда, аталған 10 жылда  байлар байыған үстіне байып, кедейлер жұтаған үстіне жұтай берген. Салыстырсақ, АҚШ пен Еуроодақта ЖІӨ құрылымындағы жалақы үлесі 55-60 пайызды құрайды. Бұл елдерде кәсіпкердің пайдасынан жұмысшының табысына басымдық беріледі. Ал біздегідей пайданың жалақыдан  20 пайызға артық болуын экономикалық теңсіздіктің аса бір сорақы көрінісі деуге болады. Ендеше ЕТЖ-ны 150 мың теңгеге көтеру шарасын халықтың хақысын қайтаруға деген талпыныс деп қабылдауымыз қажет. Президент «ұлттық байлықтың әділ бөлінуі» дегенде сыбайлас жемқорлықты ғана емес, осы проблеманы да меңзеген деп ойлаймыз.

Жұмысшы табысын инфляцияға же­гізбей, қымбатшылық салдарымен (себебімен емес) күресетін бір те­тік – жалақыны индекстеу. Алайда қолданыс­тағы заңымыз бұл жерде де жұмыс беру­шінің сойылын соғатын тәрізді. Еңбек кодексінің 157-бабында жалақыны индек­стеу тәртібі ұжымдық келісімшартқа ен­гізілуі «мүмкін» деп екіұштылау жазыл­ған. Мұндағы «мүмкін» сөзі – міндеттеу емес, ұсыныс қана. Сөйтіп, заңдағы кіш­кен­тай бір саңылау жалақыны индекстеу мә­селесін қожайынның өз еркіне қал­дырған. Бір ғана «мүмкін» деген сөз млн-даған жұмысшының өмір сапасын жұмыс берушінің патша көңіліне тәуелді қылып қойған.

Дегенмен енді жалақыны есептеудің жаңа дәуірі басталды десек, асыра сілтемейтін шығармыз. Былтыр Парламент Сенаты Халықаралық еңбек ұйымының №131 конвенциясын мақұлдады. Оған сәйкес, министрлер кабинеті бұдан былай ЕТЖ-ны өлшегенде, еңбек өнімділігі мен экономикадағы медианалық жалақыны міндетті түрде назарға алады.

Ең бастысы, жұмысшының қолына тиетін ақша көбейіп, оның сатып алу қабілеті бәз баяғы қалпында қалмауға тиіс. Жалақы мен баға жарысын тоқтатып, экономикадағы тұйық шеңберден «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шығатын жол табу Үкімет пен Ұлттық банкке серт болсын!

Еркебұлан НҰРЕКЕШ