Краш, вайб, кринж... Бір қарасаңыз, қарапайым ғана сөздер. Бірақ қалыпты тілде сөйлеп үйренген үлкен буын үшін бұл ал­ғашында ерсі естілуі мүмкін.
Трендке айналған сленг
168
оқылды

Алайда дәл осындай аралас тіл бүгінгі Tik Tok буынының күнделікті коммуникациясына ай­налған. Мұндай жаңа сөздердің тілдік қолданысқа енуіне әлеу­меттік желілердің ықпалы басым. Кейінгі жылдары TikTok, Instagram сияқты платформалар  ойын-сауық құралы ға­на емес, тілдік трансформацияның негізгі алаңына ай­нал­ды. Себебі 10-15 секундтық контент тұтынған жаңа буынның қыс­қа сөздер мен жылдам мағынаға еті үйреніп барады. 

Әлеуметтік желіде ең жиі кездесетіні – акронимдер 

Ғалымдар негізінен сленгті жас­тар­дың өзін-өзі таныту, эмоция біл­діру және топқа тиесілігін көрсету тә­сі­лі ретінде қарастырады. Енді мы­­­­на бір дерекке назар аударыңыз. International Journal of English Linguistics Literature and Education жария­ла­ған 2025 жылғы зерттеу нәтижесіне сүйен­сек, TikTok-та зумер ұрпағы қол­­­данатын 50 түрлі сленг сөз анық­тал­ған. Оның ішінде, 30 пайызы қыс­қар­­тылған сөздер (акроним), 22 пайы­­зы жаңадан ойдан шығарылған сөздер, ал 12 пайызы жеңіл сипаттағы сөз­дер екені айтылған. авторлар тал­дау бары­сында әлеуметтік желіде ең жиі кездесетіні акронимдер екенін атап өтеді. Бұл құбылыс зумерлердің жыл­­дам, қысқа әрі түсінікті ком­му­ни­кацияға бейім екенін айқындайды. 

Қазіргі цифрлық ортада қалып­тасқан сленгтердің тілдік айналымға жыл­дам еніп бара жатқанына күн­де­лікті өмірде куә болып жүрміз. Бұл құ­бы­лысты қазақ тілінің табиғи эволюциясы ретінде қарастыруға бо­ла ма? Осы тұста мұндай үрдіс тілдің шұ­барлануына әкеліп соқпай ма де­ген сауал туады. Алайда тіл мамандары бұл процеске біржақты баға бермейді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­­­верситетінің доценті, филология ғы­лымдарының кандидаты Аяужан Таусоғарова сленгтің таралуын то­лық­тай теріс құбылыс деп бағалауға бол­майтынын айтады. 

– Кез келген құбылыстың эволюциясы оның пайда болуынан бастап, жетілу, то­лығу сияқты үдерістерді басынан өткеріп, дамудың ең жоғары шегіне жету ке­зең­дерін қамтиды. Мұндай эволюциялық да­му тілге де қатысты. Мысалы, ХІХ ға­сыр­да неміс ғалымы Август Шлейхер тілді «туу, өсу, өлу» сияқты процестер тән тірі ағ­­­­за­ға теңеген. Ол тіл дамуының «тарихқа дейінгі классикалық дәуірі» және  «тарих­тан кейінгі құлдырау дәуірі» деген екі ке­­­­зеңін көрсеткен. Қазір тіл эволюциясы А.Шлейхер тұжырымдарымен дәлме-дәл бол­мағанымен, соған келіп саятын құбы­лыс­ты байқауға болады. Тілдің қолдануға, ой­ды ықшам жеткізуге икемділігін арт­тыру және екінші тіл, шетел тілі ретінде үй­ренуге оңтайландыру оның құры­лы­мы­ның қарапайымдануын талап етеді. Бұл сол уақытта тілді өзінің образды, поэти­ка­лық бай сипатынан ажырауына мәжбүр етеді. Бір қарағанда, тіл құрылымының қара­пайымдануы, образдылық сипатынан ажырауы я жұтаңдануы эволюцияға қай­шы құбылыс сияқты көрінуі мүмкін. Бір­ақ заман өзгерісімен, технология да­муы­мен тіл жаңа атаулармен толығады. Сіз ай­­тып отырған цифрлық ортада орыс, ағыл­­шын немесе америкалық ауызекі тіл лек­сикасын қазақ тілімен араластырып сөй­леу де қазіргі қоғамдағы жаһандану үде­­рісімен байла­нысты, – деді Аяужан Қайрат­қызы.

Масс-медиада асыра сілтеушілікке жол берілмеуге тиіс

Қазір жаңа сленг сөздер күнделікті қол­даныстан ақырындап медиатілге, тіпті ресми мәтіндерге де сіңісіп барады. Бірақ сарапшы бұл жағдайға уақытша құбылыс деп қарайды.

– Иә, бұл – өкінішке қарай, шындық. Кеш­кі жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламалардағы «жасанды ақпараттық шу» деген мағынада «хайп» сөзінің, «хайп қуу» тіркесінің еркін қолданысы, сонымен қа­тар «лайк басыңыз», «репост жасаңыз» деген сөздердің әкімдіктердің Instagram па­­­рақшаларында, «дедлайн» сөзінің ғы­лыми конференциялар туралы ресми ха­барламаларда жиі көрініс беруі әдеби тіл мен ауызекі тіл аражігінің жойылып бара жатқанындай әсер береді. Алайда сленг­тердің ресми салаға енуі өтпелі, уа­қытша құбылыс деп есептеймін. Егер тілді тірі ағза десек, оның соған сәйкес им­му­ни­теті болуы заңды. Яғни, тілдік им­му­ни­тет медиа мен ғаламтордағы бей­берекет сленгтерді біртіндеп реттейді. Осыған ұқ­сас мысалдарды тіл тарихынан іздеп та­буға болады. Бір кездері «пробка», «со­товый / сотка», «скачать / загрузка» сияқ­ты сленгтердің бүгінде сәтті баламасы тіл­де орнығып, сленгті ығыстырып шы­ғар­ды, – деді ғалым.

«Өз адамы» мен «бөтенді» ажырататын әлеуметтік белгі

Қоғамда бұл құбылыстың тілдік қана емес, әлеуметтік қыры да бар. Әлеумет­тану­шы Айсұлу Молдабекова егер жас адам ресми, ғылыми, тұрмыстық және он­лайн-тіл арасында еркін ауыса алса, бұл құл­дырау емес, керісінше, тілдік бай­лық­тың көрсеткіші деп санайды. Онымен қо­са сарапшының сөзінше, белгілі бір сленг­ті қолдану адамды нақты бір топтың мү­шесі ретінде танытады.

– TikTok пен басқа да платформаларда қа­лып­тасқан сленг, қысқарған сөздер, ара­лас тіл бүгінгінің тағы бір көзге ұратын құ­былысы. Бір қарағанда, бұл «норма бұзу», «тілді шұбарлау» сияқты көрінуі мүм­кін. Бірақ тіл тарихына қарасақ, әр дәуір­дің өз жастық тілі, өз «құпия коды» бол­ған. Қазіргі интернет-сленг – сол үр­діс­тің цифрлық жалғасы. Жастар қысқа ви­деоға сыйдыру үшін ойды ықшамдайды, эмо­цияны эмодзи, мем, қысқа тіркеспен бере­­ді, әңгімеге қазақша, орысша, ағыл­шын­­ша элементтерді қатар қосады. Бұл – тілдің табиғи бейімделуі, жаңа комму­ни­кация­лық жағдайға икемделуі. Екінші жа­ғы­нан, «өз адамы» мен «бөтенді» ажы­ра­­­татын әлеуметтік белгі. Белгілі бір сленг­ті түсіну – сол ортаға тиесілі екенің­нің кө­рі­­­ні­сі, символдық белгісі. Мәселе – осы код­тың жалғыз ғана тілдік репертуарға ай­­­налып кетпеуінде, – деді ғалым.

Қазіргі медиакеңістікте «TikTok буы­ны» деген түсінік қалыптасқан. Бұл ұғым ғы­лыми тұрғыда қаншалықты негізді? Бү­гінгі жастарды алдыңғы буындардан ай­қындайтын басты әлеуметтік белгілер қан­дай? Әлеуметтанушы бұл сауалымызға төмендегідей жауап берді. 

– «TikTok буыны» ғылымидан гөрі  ме­­­­диалық және публицистикалық ме­та­фора. Бұл атау бүгінгі – жастарды түсіну­дің кіл­тіне айналды. Ол – әрине, жастар­дың өмірі цифрлық кеңістікке, қысқа ви­деолар мен үздіксіз онлайн-комму­ни­кацияға бай­ланған дәуірді дәл сипат­тай­тын бей­не­лі ұғым. Қазіргі жастардың бала кез­ден смартфонмен өскені, жаңалықты да, әзіл­ді де, саясатты да ең алдымен әлеу­мет­тік же­ліден алуы – олардың әлеуметтік кел­бе­тін түбегейлі өзгертті. Ақпаратпен жұ­мыс істеу форматы да басқа. Олар үшін ұзақ дәріс не көлемді мәтіннен гөрі бір­не­ше секундтық үзінді, визуал, эмоцио­нал­ды әсер маңыздырақ. Сондықтан бү­гін­гі ұрпақты жай «жаңа жастар» емес, цифр­лық ортада социализацияланған, ме­диа арқылы өзін де, әлемді де танитын ерек­ше әлеуметтік топ деп қарастыру қи­сынды, – деді Айсұлу Тұрсынбайқызы.

«TikTok буынына» тән тағы бір құ­бы­лыс – лүпіл мен қаралымның маңызды ин­дикаторға айналуы. Себебі сандар көр­сеткіші жаңа буынның арасында кон­тент­тің ғана емес, жеке тұлғаның да бағалануы ре­тінде қабылданады. 

– Осының бәрін байланыстырып тұ­р­­ған тағы бір көрініс – лүпіл мен қаралым­ның билігі. Бүгінгінің жасына сандық көр­­­­сеткіш өте нақты, түсінікті сигнал бе­реді: «Менің сөзім, бейнем, ойым маңыз­ды ма, жоқ па?». Қаралым көп болса, сен қы­­­­зықсың, лүпіл аз болса, қоғам сені «бай­қамағандай». Осыдан барып таны­мал­дық тек жеке бедел емес, әлеуметтік капи­талға, материалдық мүмкіндікке ай­нал­ды. Көп қаралым жарнама мен та­бысқа, жаңа таныстықтарға, кәсіби ұсы­ныс­тарға жол ашады. Бірақ «цифрлық валю­та» жастардың ішкі дүниесіне де әсер етпей қоймайды, – деді әлеуметтанушы А.Молдабекова.

Кез келген сленгтің «тағдыры» бірдей емес

Тарих көрсеткендей, кез келген сленг­тің «тағдыры» бірдей емес. Кейбір сөздер уақыт өте келе кең қолданысқа ие болса, ен­ді бірі тар әлеуметтік топ шеңберінде қа­лып қояды.  Тіл маманының пікірінше, тех­нологиялық ортадан шыққан сленг­тер­дің термин ретінде орнығу ықтимал­ды­ғы жоғары. Ал тұрмыстық, эмоциялық си­паттағы сөздер көбіне уақытша құбы­лыс болып қалады.

– Біршама сленгтердің тілге қабыл­дан­бай, тысқары қалуы да заңдылық. Нақ­ты айтқанда, тұрмыстық сленгтердің тіл­ге сіңісіп, оның сөздік қорды байыту мүм­кіндігі төмен болса, технологиялық сленгтердің термин, қайсыбір саланың ар­наулы лексикасы ретінде орнығу мүм­кін­дігі зор. Мысалы, өткен ғасырдың 90-жыл­дарындағы «базар жоқ», «крышасы кету», «қораға кіру» сияқты тіркестер тілге сің­ген жоқ. Олар шектеулі әлеуметтік топ­тың сөйлеу тілінде уақытша өмір сүрді. Ал бір кездері қаржыгерлердің кәсіби жар­гоны болған  «бюджет» сөзі – қазір эко­номика саласының термині. Дегенмен сленг­тің уақыт сүзгісінен өтпей, жаппай түп­кілікті тілге сіңірілуі, тілдік нормаға ай­налуы – неғайбыл жағдай, меніңше, мүм­кін емес, – деді А.Таусоғарова.

Зумер буынның 65 пайызы сленгті TikTok арқылы үйренген

Батыржан Жұмаділов – бүгінде марке­тинг саласында қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі SMM маманы. Осыған дейін бірнеше жобамен айналысқан ол контент жа­саушылар үшін трендке ілесу маңызды фак­­­­тор екенін алға тартады. Сол себепті  егер желіде қандай да бір сленг трендке ай­налса, SMM мамандары мұны қалт жі­бермеуге тырысады. Қазір жастар ара­сын­да сленг қолдану контентті «шынайырақ» етіп көрсетеді деген пікір бар. Бұл көз­қа­рас­­ты Батыржан Жұмаділов те құптайды. 

– Иә, сленг қолдану аудитория се­ні­мі­­не тікелей әсер етеді. Әсіресе, жастар үшін тым ресми тіл кейде жасанды немесе алыс­­­татылғандай көрінуі мүмкін. Ал сленг пен қарапайым сөйлеу стилі кон­тент­ті шынайы әрі оқырманға «жақын» ете­ді. Көрермен экранның ар жағында өзі­не ұқсас, қарапайым адам отырғанын се­зінеді. Бұл сенімді арттырып, ауди­то­рия­мен байланыс күшейеді, – деді ол.

Жоғарыда әлеуметтанушы атап өт­кен­дей, сленг сөздер адамды өзінің белгілі бір әлеуметтік топтың мүшесі секілді көр­се­теді. Ал контент жасау барысында расы­мен де осындай тілдік стереотиптерге мән беріле ме? SMM маманынан сұрап көрдік.  

– Контент жасау кезінде аудиторияның жас ерекшелігі мен тілдік стилі міндетті түр­де ескеріледі. Бұл – контент стра­те­гия­сының бір бөлігі. Жеке тәжірибемде мен әртүрлі сөйлеу стилін қолданамын. Ол кө­біне парақшаның позициясына, стилі­не және берілетін ақпараттың форматына бай­ланысты. Дегенмен қазіргі уақытта ком­мерциялық парақшалардың көбінде, әсіресе, контентмейкері зумер немесе альфа буынына жатса, сленг пен заманауи тіл­дік тәсілдер жиі қолданылады. Бұл ау­диторияға жақын болу үшін жасалатын са­налы таңдау, – деді Б.Жұмаділов.

New York Post басылымында жарық көр­ген зерттеу нәтижесіне сәйкес, зумер буын­ның 65 пайызы сленгті TikTok арқы­лы үйренген. Тарихта сленг сөздердің қол­данысқа енуі қалыпты құбылыс санал­са да, сарапшылар кейінгі жылдары әлеу­мет­тік желілер тілдің өзгеру қарқынын бұ­рын-соңды болмаған деңгейге жеткіз­ге­нін мәлімдеген.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы