Ауқымды алаңда отандық және шетелдік сарапшылар жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға қатысты өзекті мәселелердің кең ауқымын талқылап, ашық диалог жүргізуде.
Ербол Тұяқбаев KIOSH 2026 алаңында еңбекті қорғауды цифрландыру стратегиясымен таныстырды
128
оқылды

Астанада 28-30 сәуір аралығында еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 14-ші қазақстандық халықаралық конференциясы мен көрмесі – KIOSH 2026 өтуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ауқымды алаңда отандық және шетелдік сарапшылар жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға қатысты өзекті мәселелердің кең ауқымын талқылап, ашық диалог жүргізуде. Конференцияның бірінші күніндегі басты оқиға «Жасанды интеллект: Қазақстан қауіпсіздіктің жаңа моделін қалыптастыруда» тақырыбындағы стратегиялық пленарлық сессия болды. Оның аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев қатысушыларды еліміздегі еңбекті қорғау саласын цифрландырудың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы жан-жақты хабардар етті. Жалпы, конференция бағдарламасына саланың негізгі бағыттарын қамтитын 11 тақырыптық сессия мен бизнес-ойын енгізілген.

Іс-шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты (ЕҚРҒЗИ) және  ITECA  компаниясы ұйымдастырды.

Конференция жұмысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері,  PARYZ  Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов, APOSHO бас директоры және NSCA Foundation төрағасы Берни Дойл, «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Николай Радостовец қатысты.

Сонымен қатар спикерлер қатарында халықаралық деңгейдегі сарапшылар: ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша бюросының маманы Дарко Дочински, ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев, ERG компаниясының цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі бас директорының орынбасары Еркен Шназбаев және IDS Robotics директоры Алексей Шилин бар.

Стратегиялық сессия барысында сарапшылар өндірістегі қауіпсіздікті арттырудағы жасанды интеллектінің іргелі рөлін талқылап, тәуекелдерді ерте анықтау және өндірістік жарақаттануды жүйелі түрде төмендету мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Қатысушыларға өнеркәсіп секторы мен тау-кен өндірісі саласында жасанды интеллект алгоритмдерін қолданудың нақты тәжірибелері ұсынылды, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы түйткілдерді шешуде предиктивті аналитиканы пайдалану мәселелері қаралды. Білікті кадрларды даярлау, жасанды интеллект саласындағы ұзақ мерзімді саясатты қалыптастыру және цифрлық мониторинг экожүйелерін енгізу мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттары секілді инновациялық шешімдерді қолдану мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Ербол Тұяқбаев өз сөзінде конференцияның Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтіп жатқанын атап өтіп, бұл еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

«Жаһандық сын-қатерлер кезеңінде, сондай-ақ Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жағдайында қалыптасып отырған жаңа конституциялық орта қазақстандықтар үшін қауіпсіз, лайықты әрі өнімді еңбек етуге кең мүмкіндіктер ашады, бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына оң әсер етеді», – деді бірінші вице-министр.

Ол сондай-ақ өткен жылы өндірістік жарақаттанудың төмендеу үрдісі сақталғанын атап өтті. Дегенмен бұл көрсеткіштердің артында нақты адамдардың тағдыры тұрғанын ескеріп, әлеуметтік әріптестер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін айтты. Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының 26 конвенциясын ратификациялап, Лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасын табысты жүзеге асырды. Мемлекет басшысы еңбек қауіпсіздігін жетілдіру және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңға қол қойды.

Спикер әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруға ерекше тоқталды. Бүгінде елімізде Кәсіпорындардың цифрлық картасы мен Еңбек тәуекелдерінің картасы жұмыс істейді. Жақын уақытта жұмыс ортасының параметрлерін нақты уақыт режимінде бақылайтын бірыңғай ахуалдық орталық іске қосу жоспарланып отыр. Бұл қауіпті жағдайларды алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

«Еңбекті қорғауды цифрландыру – тек техникалық міндет емес, бұл елдің адами капиталының сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық бағыт. Қазіргі таңда қажетті ресурстық база қалыптасты, әлеуметтік әріптестермен тиімді өзара іс-қимыл жолға қойылған. Баршамыздың мақсатымыз ортақ – әрбір қазақстандық үшін қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету», – деді Ербол Тұяқбаев.

KIOSH 2026 конференциясының бағдарламасы 29 сәуірде өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін талқылаумен жалғасады. Панельдік сессиялар аясында қатысушылар тәуекелдерді проактивті басқару модельдеріне көшу, жұмыскерлердің қатысу деңгейін арттыру және цифрлық құралдарды күнделікті процестерге енгізу мәселелерін қарастырады. Сарапшылар негізгі назарды сыни тәуекелдерді басқару мен ірі өндірістік оқиғалардың алдын алуға аударады. Теориялық бөліммен қатар, конференцияның екінші күні практикалық мазмұнға басымдық беріледі. Атап айтқанда, қатысушылар жабық кеңістіктерде жұмыс жүргізу бойынша тренингке қатысып, қорытынды форсайт-сессияда пікір алмасады, сондай-ақ Safety Games интерактивті турнирінде нақты уақыт режимінде өндірістік жағдайларды модельдеу арқылы қауіпсіз әрекет ету дағдыларын пысықтайды.

Биыл KIOSH көрмесі 9 елден келген 87 компанияны бір алаңға жинады. Олардың қатарында Әзербайжан, Бельгия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Латвия, Ресей, Түркия және Өзбекстан бар. Халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін 53 шетелдік компанияның қатысуы дәлелдейді, ал отандық тараптан 34 кәсіпорын ұсынылған. Сонымен қатар 18 компанияның көрмеге алғаш рет қатысуы қауіпсіздік саласының қарқынды дамып, кәсіби қауымдастықтың ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.