Алматылық оқушы Дана Қадырбек Венада өткен Cleantech Days 2026 форумында әлемнің үздік үш жас өнертапқышының қатарына енді. Ол атмосферадан су жинауға арналған құрылғыларды әзірлейтін стартапты ойлап тапты. Жоба құрғақ климат жағдайында да ауызсу тапшылығын шешуге бағытталған. Электр қуатынсыз жұмыс істейтін бұл қондырғы ауадағы ылғалды өзіне сіңіріп, оны суға айналдырады. Осы жобаны қолға алуына және қалай дайындағаны жайында 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек Aikyn.kz сайтына айтып берді.
– Дана, марапатыңыз құтты болсын! HydroTech стартапы GCIP Global (Cleantech Innovation Programme) бағдарламасының жаһандық финалында үздік үштігіне кіріп, Венада өткен Cleantech Days 2026 халықаралық алаңында арнайы наградасымен марапатталдыңыз. Оның елімізге берері не?
– Бұл жетістік – Қазақстан табиғи ресурстарымен ғана емес, технологиялық шешімдер мен инновациялар жасайтын ел екенін дәлелдейді. Және еліміздің инновациялық экожүйесі жеңімпаз стартаптарды тәрбиелей алатынын көрсетті. Біріншіден, осындай бағдарламалар Қазақстанда жасыл технологиялар мен инновациялық стартаптарды дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Екіншіден, мұндай халықаралық бағдарламалар жас ғалымдар мен инженерлерге өз жобаларын дамытуға жол ашып, тәжірибе алмасып, әлемдік деңгейде өздерін көрсетуге көмектеседі.

– Неге ауызсу мәселесін көтердіңіз? Жобаңыз жайлы айтып берсеңіз?
– Еліміз қандай кең-байтақ болса, жеріміз де сондай кең. Оның арасында шұрайлы жер ғана емес, шөл дала да бар. Сол бір құрғақ аймақтарды көргенімде су тапшылығы барын байқадым. Шалғай жерлерде, яғни өзен-көлдерде әрдайым су тұрақты бола бермейді. Міне, сол кезде халыққа тұрақты су көзі қажет деп ойладым. Содан ауадан су жинау технологиясын дамыту идеясы туды.
HydroTech – атмосферадан су жинауға арналған құрылғыларды әзірлейтін стартап. Біздің технология ауадан ылғалды жинап, оны таза ауызсуға айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе орталықтандырылған су жүйесі жоқ немесе су тапшылығы қатты сезілетін аймақтар үшін өте маңызды. Құрылғы арнайы материалдардың көмегімен ауадан ылғалды тартып, оны суға айналдырады, нәтижесінде адамдар табиғи су көзіне тәуелді болмай-ақ ауадан су ала алады.
Тағы бір артықшылығы – климат өзгерсе де құрылғымыз жұмыс істей береді. Ешқандай электр күшіне байланбайды, яғни жұмыс істеу үшін электр энергиясы қажет емес. Өйткені су өндіретін технологияның көбісі токсыз қосылмайды. Ал біздің құрылғы табиғи процестерге негізделген. Соның арқасында электр энергиясы үнемделіп, энергияға деген тәуелділік азаяды. Мұндай шешім инфрақұрылымы әлсіз немесе тұрақты электр энергиясы берілмейтін аймаққа қажет дүние.

– Бұл жобаны қанша уақыт дайындадыңыз? Сіз үшін ең қиыны не болды?
– Жобаны екі жылдан астам уақыт дайындадым. Зерттеу барысында ең қиыны – құрылғыда қолданылатын наноматериалдардың дұрыс синтез әдісін табу. Біз бір емес, бірнеше түрлі әдістерді сынадық. Одан нәтиже көрмеген соң эксперименттік тәсілдерді бірнеше рет өзгерттік. Сөйтіп, біраз тәжірибеден кейін қазіргі уақытта қолданып отырған тиімді синтез әдісіне келдік. Ендігі мақсат – бұл жобаны пилоттық түрде шалғай аймақтарда іске қосу. Соның арқасында құрылғының нақты жағдайларда қалай жұмыс істейтінін тексеруге мүмкіндік туады. Егер пилоттық кезең сәтті өтсе, технологияны кеңінен енгізе аламыз. Өйткені электр энергиясына немесе күрделі инфрақұрылымға тәуелді болмай, ауадан автономды түрде таза ауызсу алу – үлкен жетістік. Еліміздегі су тапшылығы бар аймақтар, әсіресе ауылдар сумен қамтылар еді.
