Аргентинадағы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері музыкалық аспаптарға мұқтаж білім беру ұйымдарын қолдауға бағытталған жаңа қайырымдылық бастаманы іске қосты. Жобаның мақсаты – балаларға музыкамен айналысуға мүмкіндік беру, олардың шығармашылық әлеуетін ашу және өзге елдердің мәдениетімен таныстыру, – деп хабарлайды Aikyn.kz dimashnews.com-ға сілтеме жасап.
Аталған акцияның алғашқы нысандарының бірі Мар-дель-Плата қаласындағы генерал Хосе де Сан-Мартин атындағы №5 бастауыш мектеп болды. Музыкалық аспаптарды табыстау мақсатында жанкүйерлер қауымдастығының қатысушылары 400 километрден астам қашықтықты еңсерді.

Іс-шара аясында оқушыларға, ата-аналарға және педагогтерге арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, онда қонақтар Димаш Құдайбергеннің шығармашылық жолы туралы баяндап, қатысушыларды Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерімен таныстырды. Сонымен қатар, мектепте ұлттық киімдер, ақпараттық материалдар және таныстырылым стендтері қойылған тақырыптық көрме ашылды.
Бұл күннің ең әсерлі сәттерінің бірі – мектеп әкімшілігінің музыкалық кабинетті Димаш Құдайбергеннің құрметіне атау туралы шешімі болды. Бұл – сирек әрі символдық оқиға, себебі Аргентинадағы білім беру мекемелерінде әдетте атақты тұлғалардың есімдері қайтыс болғаннан кейін беріледі. Аталған жағдайда өнерпаздың халықаралық мәдениетке қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде ерекше шешім қабылданды.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл бастама елдің өзге де білім беру ұйымдарында жалғасын табады. Олардың пікірінше, музыка адамдарды біріктіріп, балаларды шабыттандырып, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайта алады.
Жоба Аргентинадағы Димаш Құдайберген жанкүйерлері мен «La Era Dimash» командасының қолдауымен жүзеге асырылды. Кездесу соңында мектеп өкілдері қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
