Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында Президент өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті мол екеніне тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Екіжақты саяси ынтымақтастық пен экономикалық қарым-қатынастың болашағы зор деп санаймын. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы миссияларымыз тығыз жұмыс істеп, диалогты тұрақты түрде сақтап келеді. Көптеген бағыт бойынша байланыстарымызды дамытуға мүмкіндік жеткілікті, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Чехияның сындарлы әрі прагматикалық сыртқы саясатына жоғары баға берді. Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы саяси диалог сан қырлы серіктестікке қолайлы жағдай жасайды. Парламентаралық ықпалдастық қарқынды дамып келеді.
Мемлекет басшысы Чехия Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екеніне назар аударды.
– Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
