Жиында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жаңа Конституция халықтың кең қолдауына ие болғанын атап өтті.
– Референдумға облыс тұрғындарының 73 пайыздан астамы қатысты, яғни 435 мыңнан астам адам. Олардың 90 пайызы «қолдаймын» деп дауыс берді. Бұл азаматтардың жоғары белсенділігін және конституциялық реформаларды қолдайтынын көрсетеді. Негізгі заң 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жақын арада ұлттық заңнаманы жаңа нормаларға сәйкестендіру жұмыстары жалғасады, – деді ол.
Басты өзгерістердің бірі – Парламенттің бір палаталы модельге көшуі болмақ. Ал Құрылтай сайлауы 2026 жылдың тамыз айында өтеді.
Парламент Сенатының депутаты, Қостанай облысының тумасы Бибігүл Аққожина өз сөзінде дәстүрлі құндылықтардың рөліне ерекше тоқталды.
– Конституцияда отбасы институтын сақтау, ұрпақтар сабақтастығы мен мәдени мұраға құрмет көрсетуге бағытталған нормалар бекітілген. Яғни, неке – ер мен әйелдің ерікті әрі теңқұқықты одағы екені айқын жазылып тұр. Сондай-ақ мұндағы маңызды нормалардың бірі – кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың еңбекке қабілетсіз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті екендігі. Конституцияда бекітілген бұл норма дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауда маңызды болып саналады, – деді депутат.
Бибігүл Бүркітқызының сөзін Қостанай облысы бойынша балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Несібелі Басенова жалғастырды. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда отбасы институтын дамытуға қатысты мәселелер кеңінен қамтылған. Балалардың құқықтарын қорғау ғана емес, ата-аналардың жауапкершілігі де күшейтіліп, балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері қарастырылған.
Қатысушылар сондай-ақ Конституцияның практикалық маңызына да ерекше назар аударды. Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Қостанай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Бектұрғанов Конституцияны қабылдау үдерісі бүкіл қоғам үшін маңызды кезең болғанын айтты.
– Конституцияны талқылау көптеген азаматты басты заң мәтініне қайта үңіліп, оның күнделікті өмірге қалай әсер ететіні туралы ойлануға итермеледі. Бұл – құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды қадам, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл құжатты толық негізде «халықтық» деп атауға болады, өйткені оны талқылауға елдің барлық азаматы қатыса алды.
Сонымен қатар оның пікірінше, басты мәселе – заңның мазмұны ғана емес, оның орындалуы.
– Конституция – мемлекеттің негізгі іргетасы. Ондағы әрбір «кірпіштің қалай қаланғаны» ғана емес, олардың әрқайсының іс жүзінде қалай қажетке жарайтыны маңызды. Ешбір Конституция өздігінен қоғамды әділетті әрі өркенді ете алмайды. Бұл әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты. Біз өзара түсіністік, келісім, өзара диалог, құрмет және бір-бірін тыңдауға дайын болу арқылы ғана алға жылжи аламыз, – деді ол.
Жиын қорытындысында сарапшылар, бастысы – заңның мазмұны емес, оның іс жүзінде орындалуы және Конституция қоғамның дамуы үшін негіз болғанымен, әділеттілік пен өркендеу әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты деп атап өтті.
