Осынау ұлттық құндылығымызды заман ағымымен үндестіріп, бүгінгі күнмен қайта қауыштырған қалалардың бірі – Тараз шаһары. 2022 жылы екі мыңжылдық тарихы бар көне Тараздың дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуі үлкен мәртебе. Әрине, ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңде жатқан қаланың бұл тізімге енуі – заңдылық. Осыған орай бүгінде шаһарда халықаралық қолөнершілер фестивалін өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын тауып, Тараз төрінде кезекті көрме шымылдығын түрді.
Фестивальдың салтанатты ашылу рәсіміне Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, Парламент Мәжілісінің депутаттары, халықаралық ұйым өкілдері, шетелдік және отандық қолөнершілер қатысты.
Шараның ашылуы ұлттық нақышпен өріліп, ерекше сән-салтанатпен басталды. Қонақтарды қарсы алу сәтінде ұлттық киім киген қыздар мен ардагерлер дәстүрлі қонақжайлық үлгісін паш етіп, қазақтың жеті тағамынан дәм ұсынды. Бұл көрініс халқымыздың бай мәдениеті мен ғасырлар бойғы салт-дәстүрін танытқаны хақ.
Ең әуелі сөз алған облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы Тараздың терең тарихына тоқталып, көне шаһардың қолөнер мен өркениет орталығы ретіндегі беделіне ерекше екпін түсірді.
– Екі мың жылдан астам тарихы бар қала ғасырлар бойы сан түрлі халықты табыстырып, өнер мен дәстүрдің үзілмес желісін қалыптастырды. 2022 жылы қаламыздың дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енуі – ел мерейін өсірген айтулы жетістік. Осы мәртебе ата-бабадан аманат болған ұлттық қолөнеріміздің жаһандық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі, – деді аймақ басшысы.

Келесі кезекте Президенттің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы фестивальдың рухани және мәдени маңызына тоқталып, ұлттық өнердің халық бірегейлігін сақтаудағы рөлін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуға әрдайым ерекше мән беріп келеді. Президентіміз үнемі халқымыздың мәдени мұрасын жаңғырту, ұлттық өнерді қолдау мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтуде. Бұл – тәуелсіз еліміздің рухани жаңғыру жолындағы берік ұстанымы.
Бұл шара әр елден келген қолөнершілердің тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыстардың нығаюына және жаңа идеялардың туындауына жол ашады деп сенемін. Сонымен қатар жас ұрпақты ұлттық өнерге баулып, төл мәдениетімізге деген құрметін арттыруда ерекше маңызға ие, – деген М.Отарбаев ұлттық құндылықтарды ұлықтауға сүбелі үлес қосқан бірқатар қолөнер шеберіне ел Президентінің Алғысхаты мен Құрмет грамотасын табыстады.
Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым мен Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымының мүшесі, «Қазақстан этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті Салтанат Жапарова ұлттық қолөнерді заманауи талаптарға бейімдеу, этнодизайнды дамыту және қолөнер индустриясын кәсіпкерлікпен ұштастыру бағытындағы маңызды бастамаларды ортаға салды.
Шара барысында мәртебелі меймандар шеберлердің туындылары қойылған көрмені аралап, қолөнер және туризм орталығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ арнайы безендірілген он қазақ үйдің экспозициясы көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір киіз үй белгілі бір тақырыпқа негізделіп жасақталып, онда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, музыкалық аспаптары, зергерлік өнері, киіз басу, ағаш ою, тері өңдеу секілді дәстүрлі кәсіп түрлері кеңінен таныстырылды.

Биылғы фестивальда ел шеберлерінен бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен келген 33 қолөнерші өз жұмыстарын ұсынды. Солардың қатарында Өзбекстаннан келген Шерзод Каримов те бар.
– Таразға келу мен үшін үлкен мәртебе әрі ерекше әсерлі сапар болды. Осы арқылы бұл қаланың қолөнердің рухы сақталған, шеберлік дәстүрі үзілмеген қасиетті орта екеніне көз жеткіздім. Бұл фестиваль біз секілді шеберлерді бір алаңға тоғыстырып, өнер арқылы үндестіріп отырған маңызды халықаралық алаң деп білемін.
Мен бүгінгі көрмеге өз қолыммен жасаған пышақтар мен қылыштарды алып келдім. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан ұсталық өнердің жалғасы, ата-бабадан қалған аманат. Әрбір бұйымның бедерінде еңбек пен тарих жатыр. Мұндай дүниелерді жасау үлкен төзімділік пен дәлдікті талап етеді. Болатты шыңдау, өрнек салу, сабын үйлестіру – бәрі де терең тәжірибеден өтетін күрделі жұмыс. Сондықтан мұны тек кәсіп емес, өнер деп бағалау керек.
Біз мұнда өз туындыларымызды ұсынып қана қоймай, тәжірибе алмасып, өзге елдердің шеберлерімен пікір бөлісіп жатырмыз. Бұл – қолөнердің дамуына өте қажет орта. Осындай кездесулер арқылы ұқсас мектептерді салыстырып, жаңа тәсілдер үйренуге мүмкіндік туады. Мен қазақ пен өзбек ұсталық дәстүрінің тамыры жақын екенін осы жерде тағы сезіндім. Ою-өрнекте, металл өңдеуде, қару жасау мәдениетінде ортақ белгілер өте көп. Бұл біздің халықтардың тарихи сабақтастығын көрсетеді. Осындай фестивальдар сол ортақ мұраны жаңғыртып, түркі дүниесінің мәдени байланысын күшейтеді.
Маған, әсіресе, Тараз халқының өнерге деген құрметі ерекше әсер етті. Көрмеге келген жұрт әр бұйымның жасалуына қызығып, оның тарихын сұрап, бағалап жатыр. Бұл қолөнердің қоғамдағы қадірі жоғалмағанын көрсетеді. Өнерді түсінетін орта болған жерде шеберлік те дамиды.
Менің ойымша, мұндай халықаралық фестивальдар тек мәдени шара ретінде қаралмауы керек. Бұл – туризмді дамытатын, шеберлерді қолдайтын, ұлттық бренд қалыптастыратын үлкен мүмкіндік. Тараздың дүниежүзілік қолөнершілер қаласы ретіндегі мәртебесі бекер берілмегеніне куә болдым. Мұнда сол атаққа лайық рух пен әлеует бар.
Осындай ауқымды бастаманы ұйымдастырып отырған азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Бұл фестиваль шеберлерді шабыттандырып қана қоймай, жастарды дәстүрлі өнерге жақындатады. Өйткені қолөнер – өткеннің сарқыншағы емес, болашаққа апарар құндылық. Біз соны бірге насихаттауымыз керек. Тараздан алған әсерім өте жоғары, – дейді шебер.
Екі күнге ұласқан ауқымды фестиваль аясында шеберлік сағаттары, «Дәстүр және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, гала-концерт, ASPARA FASHION WEEK сән көрсетілімі және кәдесый өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жалпы, бұл игі шара өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, қолөнер саласындағы кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік беретіні анық. Халықаралық қолөнершілер көрмесінің басты құндылығы да осында.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
