«AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен тазалық жұмысы жүргізілді.
«Таза бейсенбі»: Табиғатқа жанашырлық – экологиялық мәдениеттің мәйегі
101
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елімізде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілуде. Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында орналасқан «Тақсай ханшайымы» қорымы аумағында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен тазалық жұмысы жүргізілді. Іс-шараға М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері, партия белсенділері, ауыл тұрғындары қатысты. Оның барысында ескерткіш айналасы тазаланып, әктеу, көшеттер егу жұмысы қолға алынды.

«Басты мақсат – тарихқа тағзым етіп, өңір аумағындағы құнды жәдігерлерімізді жас ұрпаққа таныстыру. Бірқатар студент партия белсенділерімен бірге тазалық жұмысын жүргізіп, музей қызметкерінің тарихи жәдігер туралы ақпаратын тыңдады. Осы бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деді «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Гаухар Шайхиниязова.

Ал Жамбыл облысы Жамбыл ауданында «Аса» өзенінің жағасы тазаланды. Оған партия мүшелері, мәслихат депутаттары және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты. Нәтижесінде 1,5 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы техниканың көмегімен белгіленген орындарға шығарылды.

«AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Талап Әбдібековтің айтуынша, «Таза бейсенбі» акциясы – тек тазалық жұмысымен шектелмей, тұрғындарды ортақ жауапкершілікке шақыратын маңызды бастама.

«Қоршаған ортаның тазалығы – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Әсіресе көктем мезгілінде табиғат аясында, өзен-көл жағасында демалушылар саны артады. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар қоқыстарын жинамай кетіп жатады. Бұл – экологияға кері әсерін тигізеді. Сондықтан бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – тек аумақты тазалау ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру», – деді Талап Әбдібеков.

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында «Ақтоғай – Қызыларай» бағытындағы автомобиль жолының жиегін абаттандыру және санитарлық тазалық жүргізу жұмысы қолға алынды. Акцияға 50-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында аудандық мәслихат депутаттары, партиялық актив өкілдері, жастар, еріктілер және белсенді тұрғындар бар. Қатысушылар жол жиегіндегі тұрмыстық қалдықтарды тазалап, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтірді.

«Бүгінгі акция – бір реттік іс-шара емес, әрбір азаматтың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. «AMANAT» партиясының бастамасы адамдарды ортақ мақсат төңірегінде топтастырып, елді мекендерді таза әрі жайлы етуге жол ашады», – деді Ақтоғай аудандық мәслихатының депутаты Мейірман Кәрібаев.

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты Ұлы Отан соғысы Батырларының ерлігін ұлықтайтын Даңқ мемориалы мен ескерткіштер аумағында тазалау, абаттандыру жұмысын жүргізді.  

«Қазақстан халқының бірлігі күні – тек достық пен келісімнің мерекесі ғана емес, сондай-ақ ұлтына қарамастан Отан үшін күрескен жандарды еске алатын күн. Ел мен жер үшін майдан шебіне аттанған азаматтарды Отанға деген сүйіспеншілік біріктірді. Ал біз болсақ, бүгін олардың ерлігіне деген құрметіміз арқылы жұдырықтай жұмылып отырмыз. Мұндай акциялар этносаралық келісімді нығайтып, жастардың бойында шынайы патриоттық құндылықтарды қалыптастырады», – деді «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.