Көктем мен жаз көп адамдар үшін түшкіру, мұрынның бітуі, көзден жас ағу секілді жайсыз белгілерді алып келеді. Әлемде шамамен 400 миллион адам аллергиялық риниттен зардап шегеді.
Маусымдық аллергияны азайтудың тиімді жолдары
Мамандар ішетін антигистамин мен мұрын спрейін қатар қолдану артық шығын екенін ескертеді. Фото drjafrey.com сайтынан алынды
104
оқылды

BBC News талдауына сүйенген Aikyn.kz маусымдық аллергияға қарсы тиімді ем жолдарын түсіндіреді.

Мамандардың айтуынша, климаттың өзгеруі салдарынан маусымдық аллергияға шалдыққандар саны да, оның белгілерінің ауырлығы да артып келеді. Бірақ соңғы жылдары аллергияға қарсы тиімді емдеу тәсілдері көбейді. Ең бастысы – дұрыс дәріні таңдау және оны дұрыс қолдану. 

Ғылыми деректерге сүйенсек, мұрынға арналған кортикостероидты немесе антигистаминді спрейлер таблеткаларға қарағанда әлдеқайда тиімді. Себебі таблетка бүкіл ағза арқылы өтіп барып әсер етсе, спрей тікелей мұрын тіндеріне түсіп, қабыну үдерісіне бірден ықпал етеді.

Қазір мамандар балалар мен ересектер үшін бұндай спрейлерді бірінші кезектегі ем ретінде ұсынады. Ал ең тиімді нұсқалардың бірі – құрамында әрі кортикостероид, әрі антигистамин бар біріктірілген спрей.

Мұрын бітелгенде жиі қолданылатын тамыр тарылтқыш спрейлерді абайлап қолдану керек. Олардың әсері жылдам болғанымен, бес күннен артық қолданылса, кері әсерлер бере бастайды. Мұрын бұрынғыдан да қатты бітеліп, адам оны қайта-қайта қолдануға тәуелді болып қалады. Сондықтан бұндай құралдар ұзақ емге жарамайды.

Егер таблетка қабылдау қажет болса, екінші буындағы антигистаминдерді таңдаған дұрыс. Мысалы, цетиризин, лоратадин немесе фексофенадин алғашқы буындағы дәрілерге қарағанда ұйқышылдықты аз тудырады және тиімді әсер етеді. Дегенмен мамандар ауыз арқылы ішілетін антигистамин мен мұрын спрейін қатар қолдану көп жағдайда артық шығын екенін ескертеді.Емді белгілер басталған соң емес, аллергия маусымы басталмай тұрып қыс айларында алдын алу емдерін бастаған жақсы нәтиже береді. Сонымен қатар дәріні күн сайын, тіпті белгі байқалмайтын күндері де үзбей қолдану маңызды.

Профессор Стивен Даремнің айтуынша: «Адамдар бұл дәрілер көмектеспейді дегенде, әдетте екі себеп болады: не оларды дұрыс қолданбайды, не тұрақты түрде пайдаланбайды».

Дәріні дұрыс қолдану да шешуші рөл атқарады. Мұрын спрейін тым терең енгізіп, басты шалқайту дұрыс емес. Керісінше, бүріккішті танауға аздап енгізіп, құлаққа қарай бағыттау керек. Сол сияқты көзге тамшы тамызғанда басты шалқайтып емес, қиғаш ұстап, дәріні көздің ішкі бұрышына тамызған жөн.

Дәріден бөлек, тозаңнан сақтану маңызды. Терезені жабық ұстау, сыртта күннен қорғайтын көзілдірік не маска тағу, үйге келген соң жуыну немесе душ қабылдау пайдалы. Егер соған қарамастан жағдай жеңілдемесе, дәрігерге қаралған дұрыс. Өйткені кейде мәселе шөп безгегі емес, демікпе не басқа тыныс жолы ауруы болуы мүмкін. Ал ауыр жағдайларда аллергенге қарсы иммунотерапия ұзақ мерзімді көмек бере алады.Қорыта айтқанда аллергиядан сақтанудың тиімді 9 тәсілі мыналар:

1. Таблеткадан гөрі мұрын спрейін таңдаңыз . Кортикостероидты не антигистаминді спрей тиімдірек.

2. Тамыр тарылтқыш спрейді 5 күннен артық қолданбаңыз, ол мұрынды одан әрі бітеп тастауы мүмкін.

3. Таблетка ішсеңіз цетиризин, лоратадин, фексофенадин секілді екінші буынды дәрілерді таңдаңыз.

4. Емді аллергия маусымы басталмай тұрып қыс айларында алдын ала бастаңыз.

5. Дәріні тұрақты қолданыңыз, белгі болмаса да, күн сайын бір уақытта пайдалану керек.

6. Мұрын спрейін тым терең енгізбей дұрыс қолданыңыз, мұрын қуысына жақын құлаққа қарай бүрку қажет.

7. Көз тамшысын көздің ішкі бұрышына тамызып, кейін жыпылықтаңыз.

8. Аллергенмен байланысты азайтыңыз: терезені жабыңыз, сыртта маска не көзілдірік тағыңыз, үйге келген соң жуыныңыз, мұрныңызға су тартып, сіңбіріңіз.

9. Жағдай жақсармаса, дәрігерге көрініңіз. Сізде басқа тыныс жолы ауруы болуы да мүмкін.

Маңызды ескерту.

Бұл мақала тек ақпараттық сипатта жазылған, дәрігер кеңесін алмастырмайды. Аллергияға қатысты емді, дәрілерді дәрігеріңіздің кеңесінен кейін қабылдаңыз.