The Financial Times жариялаған шұғыл материалға сүйенген Aikyn.kz америкалық қару-жарақтағы кідірістер Украинаға қалай әсер етуі мүмкін екенін талдайды.
Вашингтон Ұлыбритания, Польша, Литва және Эстония сияқты Еуропадағы одақтастарына америкалық қару-жарақ жеткізілімі ұзақ уақытқа кешігетінін ескертті. Бұған Иранмен соғыс салдарынан АҚШ-тың өз қорларының азаюы себеп болған. Кідірістер Еуропаға ғана емес, Ресеймен соғысып жатқан Украинаға тікелей әсер етуі мүмкін.
Дереккөздердің айтуынша, Пентагон бірқатар зымыран жүйелерін жеткізуде елеулі кешігулер болатынын хабарлаған. Азияға жеткізілімдерді де кейінге қалдыру талқылануда. Соңғы екі айда Иранға қарсы операцияларда көп көлемде қару қолданылғандықтан, АҚШ-тағы қару-жарақ қорының деңгейіне қатысты алаңдаушылық күшейген. Тапшылықты жабу үшін америкалық әскерилер қаруды өзге аймақтардан, соның ішінде Үнді-Тынық мұхиты аумағынан Америкаға қайтаруға мәжбүр болған.
Бұл жағдай АҚШ-та Қытайды тежеуге немесе Тайвань төңірегіндегі ықтимал болашақ қақтығыста жеткілікті қор бар ма деген күмәнді де күшейтуде. Еуропа мен Украина үшін бұл жаңалық ауыр соққы болды. Өйткені Ресеймен төрт жылдық соғыста Киевтің АҚШ қолдауына қатысты сұрақтар онсыз да көбейіп отыр.
Еуропаға жіберілуі тиіс қару-жарақ кідірістері HIMARS, NASAMS және басқа жүйелерге арналған оқ-дәрілерге әсер етеді. HIMARS – Украинада қолданылған жоғары мобильді зымыран жүйесі, ал NASAMS – Raytheon мен норвегиялық Kongsberg бірігіп шығаратын орта қашықтықтағы әуе қорғаныс кешені.
Пентагон бұл мәселеге байланысты: «Серіктестерден келген жаңа техника сұраныстарын және қару беру жөніндегі қолданыстағы істерді мұқият бағалап жатырмыз», – деп мәлімдеген.
Сарапшылардың айтуынша, бұл Еуропаны жазалау емес, АҚШ-тың өзінің әскери қару-жарақ қорына деген алаңдаудың белгісі.
Байден әкімшілігінде жауапты қызсмет атқарған, Брукингс институтының өкілі Том Райт: «Пентагон Таяу Шығыста созылмалы соғыс жүргізуге мәжбүр болуы мүмкін. Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы тежеуді (Қытайға қарсы – авт.) күшейтуі керек. Ол бұл үшін Еуропаны өз күнін өзі көруге қалдыруға дайын», – деген. Оның пікірінше, Еуропа қорғаныс-өнеркәсіптік базасын өте қысқа мерзімде өздері күшейтуі керек.
Трамп жұма күні (1 мамыр) алаңдаушылықты жоққа шығарып: «Бізде қорлар әлемнің әр түкпірінде бар, қажет болса, соларды қолдана аламыз», – деді. Бірақ қауіпсіздік сарапшылары Азиядағы одақтастар да жаңа жағдайға дайын болуы керек деп ескертеді. Жапония мен Оңтүстік Корея Patriot секілді америкалық жүйелерге тәуелді.
The Asia Group сарапшысы Кристофер Джонстон: «Азиядағы одақтастар АҚШ-тағы оқ-дәрі тапшылығының өздеріне қаншалық ұзақ әсер ететінін толық бағалай алмауда», – дейді.
Қазірдің өзінде бұл қысым Украинаға әсер етуде. Жоғары лауазымды украин шенеунігінің сөзінше, Киевке америкалық қару жеткізілімі Иранмен соғыс басталғалы кешеуілдеп келеді. Ал Владимир Зеленский кейде осы кешігулердің кесірінен ресейлік зымыран шабуылдары кезінде Patriot қондырғылары оқ-дәрісіз босқа тұрғанын айтқан.
Пентагонның одақтастарына қару-жарақ беруді тоқтататыны туралы сенсациялық мәлімдеме, екі айдан аз ғана Иранға шабуылдаған америкалық әскерилердің әлеуеті Ресей сияқты ұзақ соғыстарға жарамайтынын анық көрсетіп берді. Бұл жағдай АҚШ-тың әскери-өнеркәсібі ұзақ майдан құруға дайын еместігін аңғартады. Қысқа мерзімді қақтығыстың өзінде қару-жарақ қоры таусылса, онда Ресей сияқты қарсыласпен созылмалы соғыста Вашингтонның жағдайы қалай болмақ?!
