Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің стратегиялық маңызы модельдің ауқымына қарай емес, керісінше экономиканың нақты секторымен қаншалықты үйлесім тапқанына байланысты анықталатынын айтты.
– Шын мәнінде, парадигмалар түбегейлі өзгеріп жатыр. Жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде пайдалану өсімнің басты факторы санала бастады. Сондықтан бізге деректерді, үдерістер мен адамдарды біріктіретін біртұтас жүйе құру қажет. Осындай негіз қалыптасқанда ғана пилоттық шешімдермен шектелмей, жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізуге жол ашылады. Жаһандағы технологиялық жарыста бірде бір ел өз бетінше жасанды интеллект әлеуетін толық пайдалана алмайды. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес, ең алдымен, экономика және цифрлық платформа саласында келісілген тәсілдер әзірлеп, озық тәжірибелермен алмасу үшін құрылды. Осыған орай Кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыру қажет деп ойлаймын. Өйткені өндіріс – қосылған құны жоғары өнім өндіретін және жаңа технологияны сынап көретін ең басты алаң. Бұл орайда тау-кен кешені, энергетика, агроөнеркәсіп секторы, логистика салаларындағы өнімділікті арттыру, шығынды азайту және басқару тиімділігін жетілдіру мәселелеріне баса мән беруді ұсынамын. Индустриялық деректерді дамытып, өндірістің цифрлық телнұсқаларын енгізу, сондай-ақ процестерді жаппай автоматтандыру арқылы біз стратегиялық мақсаттардың пікірталас күйінде қалмай, нақты іске ұласуына мүмкіндік жасаймыз, – деді Президент.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Sinovation Ventures және 01.ai бас директоры Ли Кай Фу, Cambrian Futures бас директоры Олаф Дж. Грот, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Меруан Дебба, Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам және Oxford Insights бас директоры Ричард Стирлинг сөз сөйледі.
