Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Косшоқы стансасында бүгін ауыр өндірістік жазатайым оқиға тіркелді.
"Баспалдақтан аяғы тайып кеткен": Ақмолада 20 метр биіктіктен құлаған әйел ауруханаға түсті
91
оқылды

Элеваторда 20 метр биіктіктен оқыс құлаған әйел жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Алдын ала мәліметке сәйкес, жергілікті элеваторда жұмыс істейтін 50 жастағы әйел қызметтік міндетін атқару барысында биік мұнараға көтеріліп бара жатып, баспалдақтан тайып кеткен. Соның салдарынан ол шамамен 20 метр биіктіктен төмен қарай құлдилай құлаған.

Қатты соққы алған зардап шегуші түрлі деңгейдегі ауыр жарақаттар алған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Миы шайқалып, бірнеше жерінен сынған, сондай-ақ травматикалық шок алғаны анықталған.

Оқиға 4 мамыр күні күндіз болған. Әйел шұғыл түрде елордадағы ауруханаға жеткізілді.

Алайда оқиға орнында жедел жәрдемнің кешігіп жеткені белгілі болды. Алғашқы медициналық көлік бұзылып қалғандықтан, медицина қызметкерлері жолай өткен көлікпен жетуге мәжбүр болған. Кейін зардап шегушіні тасымалдау үшін қосымша жедел жәрдем шақырылған.

- Аталған дерек Целиноград аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар Ақмола облысы бойынша еңбек инспекциясы департаменті бұл жағдайға қатысты жұмыс берушіден ресми хабарлама түспегенін мәлімдеді.

- Осы жағдай бойынша Ақмола облысы бойынша еңбек инспекциясы департаментіне жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы хабарлама түскен жоқ, Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда», – делінген ведомство хабарламасында.

Оқиғаның себептері мен кінәлі тұлғалар тергеу нәтижесінде белгілі болмақ.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы