Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) жергілікті бюджеттер есебінен ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне біржолғы материалдық көмек көрсетілген, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мереке аясында Қазақстанда тұратын ҰОС ардагерлерінің әрқайсысына 5 млн теңгеден (10 мың доллардан астам) төленген.
Жалпы алғанда, әкімдіктер тарапынан берілген мерекелік төлемдер 32,9 мың адамды қамтыды. Олардың қатарында ҰОС ардагерлері, сондай-ақ Жеңіске үлес қосқан өзге де азаматтар бар (тыл еңбеккерлері, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері, жарақат, контузия немесе мертігу салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың жұбайлары және т.б.).
Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер көлемі жыл сайын артып келеді. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ҰОС қатысушыларының ай сайынғы жиынтық төлемі (зейнетақыны ескергенде) орта есеппен шамамен 290 мың теңгені құрайды. Ал ҰОС кезеңінде мүгедектік алған азаматтар үшін бұл көрсеткіш 300 мың теңгеден астам соманы құрайды.
Қаржылай көмектен бөлек, ардагерлерді қолдаудың бірыңғай жүйесі қалыптасқан. Атап айтқанда, оларға тегін шипажайлық-курорттық емдеу, мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек, тұрғын үймен қамтамасыз ету және өзге де қолдау шаралары ұсынылады.
Сонымен қатар жергілікті деңгейде әкімдіктер тарапынан қосымша көмек көрсетіледі: тұрғын үйлерді жөндеу, дәрі-дәрмекпен, отынмен, азық-түлік жиынтықтарымен қамтамасыз ету және басқа да қолдау түрлері қарастырылған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
