«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қатысты пікірімен бөлісіп, Сенат енгізген түзетулерді қолдауды ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптары жөнінде бірқатар нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізген.
– Атап айтқанда, иесіз жануарлардың санын реттеу мәселелері, оның ішінде тәртібі мен мерзімі жергілікті өкілді органдардың құзыретіне берілді, «иесіз жануарлар» ұғымы нақтыланды, жануарларды жансыздандыру туралы шешімді ветеринариялық қорытынды негізінде қабылдау нормасы толықтырылды және өзге де түзетулер енгізілді.
Жалпы алғанда, Мәжіліс қабылдаған заңның тұжырымдамасы өзгеріссіз сақталады, енгізілген түзетулер нақтылаушы сипатқа ие. Заңның тұжырымдамасы өзгермейді. Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады және оны Сенат қолдады.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырудың, үй жануарларына қатігездікке жол бермеудің, сондай-ақ жануарлар иелерінің жауапкершілігін күшейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында жануарларды есепке алу мәселесін нақты регламенттеу қажет. Сенат ұсынған редакцияда қандай да бір құқықтық айқынсыздық бар. Сондықтан жануарларды есепке алу және чиптеу меншік құқығын растаудың негізгі әрі тиімді тетігі болуы тиіс деп санаймыз. Қарапайым тілмен айтқанда, егер жануар есепке алынбаса – оның иесін анықтау мүмкін емес, ал иесі анықталмаса – жауапкершілік те болмайды.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында Мәжіліс депутаттары тиісті түзетулер әзірледі. Аталған түзетулер жануарлар иелерінің жауапкершілігін күшейтетін нормалармен бірге, бүгін бірінші оқылымда мақұлданған «аңшылық шаруашылығы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері туралы» заң жобасы шеңберінде қаралады, – деді Ерболат Сатыбалды.
