Қазақстанда 22 600 адамның көлік басқаруға қарсы медициналық көрсетілімі (диагноздары) болса да, жүргізуші куәлігін алған.
Депутат еліміздегі автомектептердің қызметін реттеуді ұсынды
www.istockphoto.com
103
оқылды

 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов жүргізушілерді даярлайтын мектептердің қызметін реттеуді көздейтін заң жобасын қолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Депутаттың айтуынша, елімізде 727 автомектеп бар. Олар «хабарламалық» тәртіп бойынша жұмыс істейді. Яғни, автомектепке рұқсат алудың қажеті жоқ. eGov порталы арқылы қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберу жеткілікті. Мемлекет оларды алдын ала тексермейді. Бақылау жүргізілмейді. Бұл кейбір автомектептердегі оқыту сапасының төмендеуіне әкеліп соғуда.

– Сондықтан автомектептердің қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Мұндай рұқсаттарды алу үшін оқу ұйымдарының жылжымайтын мүлкін пайдалану құқығын растайтын, оқу-материалдық базасын айқындайтын құжаттардың, даярлық бағдарламаларының болуы, сондай-ақ оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің тізімдерін ұсыну талап етіледі.

Сонымен қатар автомектептердің тізілімі (реестр) құрылады, оны Ішкі істер министрлігі жүргізеді. Автомектептердің қызметі заң талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, олар тізілімге енгізілмейді және жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Бұл бақылауды күшейтуге, автомектептердегі оқу сапасын арттыруға оң әсер етеді және адал бәсекелестікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұған қоса, заң жобасы жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін арнаулы техникалық құралдарды қолдануды көздейді. Мұндай құралдар мемлекеттік органдардың, жедел медициналық жәрдем қызметтерінің көліктеріне, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдайтын көліктерге орнатылады. Бұл норма жол қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді, – дейді ол. 

Нұртай Сабильянов бұл заң жобасында Денсаулық сақтау министрлігінің жүргізушілерге қатысты медициналық деректерін Ішкі істер министрлігінің автоматтандырылған дерекқорымен біріктіруді және ақпарат алмасуды көздейтінін жеткізді. 

– Осы уақытқа дейін көлік құралдарын басқаруға тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдері бар жүргізушілердің көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату тек сот шешімі бойынша жүзеге асырылып келді. Бұл көп уақытты талап етеді және денсаулық жағдайына байланысты көлік басқаруға болмайтын адамдардың көлік жүргізуді жалғастыруына мүмкіндік береді. Ал бұл, өз кезегінде, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, елімізде 22 600 адамның көлік құралдарын басқаруға қарсы медициналық көрсетілімдері (диагноздары) бар. Оның ішінде 5 500 адамның жүргізуші куәлігінің күші сот шешімімен тоқтатылған. Бұл рәсімге айлар, тіпті жылдар кетуі мүмкін.

Бұл ретте азаматтардың нақты диагноздары берілмейді, тек денсаулық жағдайына байланысты «көлік жүргізуге болмайды» деген ақпарат қана ұсынылады. Жалпы алғанда, заң жобасы жүргізушілерді даярлаудың неғұрлым тиімді, ашық және басқарылатын жүйесін қалыптастырып, елдегі жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға ықпал етеді, – дейді Нұртай Сабильянов.