Осы ретте Сыр өңіріндегі әскери әлеуетті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтудағы маңызды қадамның бірі саналады.
Әскери білімнің әлеуеті жоғары
Негізінде, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі әрбір мемлекеттің басты құндылығы екені даусыз. Ал сол қауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі күш – кәсіби даярланған, рухы биік, отансүйгіш азаматтар екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда әскери білім беру жүйесіне жүктелетін жауапкершілік аса зор. Өйткені әскери даярлық тәртіп мектебі, жауапкершілік алаңы және елге адал қызмет етудің бастауы саналады.
Елімізде әскери оқыту арқылы елін, жерін сүйетін, сын сағатта сабыр сақтап, батыл шешім қабылдай білетін, мемлекеттік құпияны қорғай алатын азаматтарды тәрбиелеуге мән беріліп келеді. Сонымен қатар жастарға әскери іс негіздерін меңгеруге, оларды нақты жағдайларда әрекет етуге даярлауға басымдық жоғары. Бұл тұрғыда Сыр өңіріндегі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті жанынан құрылған әскери кафедраның атқарған жұмыстары ұшан-теңіз.
Жалпы, аталмыш кафедра Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы қаулысына сәйкес ашылып, өңір жастарының мүмкіндігін арттыруда еселі еңбек сіңіріп келеді. Нақты айтқанда, 2000-2001 оқу жылынан бастап өз жұмысын бастаған бұл кафедра бүгінде Сыр өңіріндегі әскери кадрлар даярлайтын маңызды орталыққа айналды.
«Әскери кафедрада оқу үдерісі «әскери күн» әдісі арқылы жүргізіледі. Яғни, студенттер аптасына бір күнін толықтай әскери дайындыққа арнайды. Бұл тәсіл теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, нағыз тұлға болып қалыптасуға мүмкіндік береді. Офицерлік бағдарлама – екі жыл, ал сержанттық бағдарлама бір жыл мерзімді қамтиды. Кафедраға қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Бұл физикалық және психологиялық тұрғыдан дайын, талапқа сай жастардың ғана іріктелетінін көрсетеді», – дейді бұл жөнінде Әскери кафедра бастығы Нұрсейіт Увайдаев.
Кафедра бастығының айтуынша, әскери кафедрадағы білім тек аудиториямен шектелмейді. Оқу соңында курсанттар міндетті түрде әскери жиындардан өтіп, практикалық деңгейін жетілдіреді. Ең бастысы, оларды әскери тәртіппен өмір сүріп, шынайы әскери ортаға бейімдейді.
Теориядан тәжірибеге төте жол
Жалпы, әскери білім жастардың төзімділігін арттырып, жауапкершілігін күшейтетін, командалық рухын қалыптастыратын маңызды сынақ саналады. Әрбір асқақ рухты, өр тұлғалар ұлан әскери мамандықты игеру арқылы өзінің жарқын болашағына жол ашады.

Бүгінде Қызылордадағы әскери кафедрада даярлық жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, кафедра жалпы әскери бөлімшелерді жауынгерлік қолдану, құрлық әскерлерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстар, аумақтық қорғанысты жоспарлау, зениттік зымыран кешендерін басқару мен атқыштық даярлық бағыттарын қамтиды. Аталмыш мамандықтар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған талаптарға толық сәйкес келетіні алға тартады.
«Жалпы, әскери кафедра ашылғалы бері 3 мыңнан астам запастағы офицерлер мен сержанттар даярланды. Бүгінде олардың бір бөлігі Қазақстан Қарулы Күштері қатарында қызмет етіп жүр. Кейбірі құқық қорғау және қауіпсіздік салаларында жемісті еңбек етуде. Ең бастысы, полиция, кеден және ұлттық қауіпсіздік құрылымдарында кафедра түлектерінің кәсіби дайындығы мен тәртібі жоғары бағаланып келеді. Бұл – әскери кафедра жұмысының нақты нәтижесі деп айта аламын», – дейді кафедра бастығы.
Сырдың әскери даярлық жүйесінде заман талабына сай жаңғыру үдерісі байқалады. Ал алдағы уақытта пилотсыз ұшу аппараттарын басқару операторларын даярлау жоспарланып отырғанын жеткізіп отыр.
Қазірдің өзінде дрон технологиялары әскери саланың ажырамас бөлігіне айналған. Соның негізінде кафедрада дронмен барлау, бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологиясы кеңінен қолданылып келеді. Сонымен қатар мектеп оқушыларымен әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарды күшейту де күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, мұны жас ұрпақты ерте жастан елжандылыққа тәрбиелеудің тиімді жолы ретінде қарастырады.
Тәрбие – басты нәтиже
Мамандар жастардың тұлғалық қалыптасуы үшін әскери даярлықтың маңызы зор деп есептейді. Әсіресе, тың тәртіпке төселген ұландар уақытты тиімді пайдалануды, қиындықтарды еңсеруді, мақсатқа жетуді үйренеді екен. Әскери кафедрадан өткен студенттердің тәртіптілігімен, жауапкершілігімен, жинақылығымен ерекшеленуі – соның айқын дәлелі.
Жалпы, әскери тәртіп пен тәрбие әрбір азаматтың тұлға болып қалыптасуына жол ашып, нақты нәтижеге жетелейді деген ұғым бар. Бұл тұрғыда Сыр өңіріндегі әскери даярлық жүйесі – ел қорғанысын нығайтудың берік тірегі айналып тұр. Яғни, іргелі оқу орны жанынан құрылған әскери кафедра ұстаздары тек білім беріп қана қоймай, нағыз патриоттарды тәрбиелейтін өмір мектебін қалыптастыру жолында аянбай тер төгіп келеді.
Тәртіп пен талап ұясында бүгінгі курсанттарды ертеңгі ел қорғаушысына айналдырып, тәуелсіз Қазақстанның сенімді қалқанын қалыптастыруда еселі еңбектің лебі еседі. Кафедра жұмысымен танысу барысында осыны аңғардық.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
