Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп отыр.
Өңір дамуына серпін берген серіктестік
93
оқылды

Кейінгі жылдары екі елдің стратегиялық әріптестігі нақты нәтижелермен көрініс тауып, шекара маңындағы аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік ашуда. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Түркістан облысының экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға тікелей ықпал еткені анық.

Осы үрдістің айқын көрінісі – Түр­кістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бахтиер Ибрагимовтың кездесуі. Ерекше маңызға ие кездесуде екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің нақты бағыттары қарастырылып, сауда-эконо­микалық байланыстарды кеңейтуге бас­ым­дық берілді. Бұл тек дипломатиялық деңгейдегі келіссөз емес, өңірдің бола­шағына әсер ететін нақты экономикалық шешімдердің алаңы болды. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында республика бойынша жетекші орындардың бірін иеленеді. Осы тұрғыда Өзбекстанмен бірлескен жобалар агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Әсіре­се, мақта-тоқыма кластерін дамыту, суару жүйелерін жетілдіру және ауыл шару­ашылығы өнімдерін өңдеу бағыт­ындағы жобалар өңір экономикасының тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашу­ға, ауыл тұрғын­дарының табысын арттыруға және ішкі нарықты сапалы өнім­мен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңірдегі өнеркәсіп саласының даму­ына да екі ел арасындағы серіктестік оң әсерін тигізуде. Бірлескен өндіріс орын­дарын ашу арқылы өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып, шикізаттық бағыттан дайын өнім шығаруға көшу үдерісі жеделдей түсуде. Бұл Түркістан облысының экспорт­тық әлеуетін күшейтіп, сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін артты­рады. 2025 жыл­дың қорытындысы бо­йы­н­ша екі ел ара­сындағы тауар айналы­мының 560 мил­лион АҚШ долларына жетуі осы ба­ғыттағы жұмыстардың нәти­желі екенін көрсетеді.

Инвестиция тарту мәселесі де ерекше назарда. Түркістан облысында қалып­тасқан қолайлы инвестициялық ахуал шетелдік серіктестер үшін тиімді мүм­кін­діктер ұсынуда. Қазір өңірде 21 индустрия­лық аймақ пен арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бұл алаңдарда инвесторларға салықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі. Өзбекстаннан тартылған тікелей инвести­циялар көлемінің артуы да осы саясаттың тиімділігін дәлелдейді. Инвестициялардың есебінен жаңа өндірістер іске қосылып, өңір экономикасына қосымша серпін бері­луде. Туризм саласы да – екі ел арасын­дағы ынтымақтастықтың маңызды бағыт­тарының бірі. Түркістан қаласының тарихи мәдени мәртебесі мен рухани орталық ретіндегі орны өзбекстандық туристер үшін ерекше тартымды. Қаланың инфра­құрылымын дамыту, туристік қызмет са­па­сын арттыру және бірлескен туристік бағыттарды қалыптастыру арқылы бұл саланың әлеуетін толық пайдалану көзделуде. Туризмнің дамуы шағын және орта бизнестің өркендеуіне, қызмет көрсету саласының кеңеюіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Шекара маңы ынтымақтастығын да­мы­ту да өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Көлік логистикасын жетілдіру, сауда ағындарын жеңілдету және инфрақұры­лым­д­ы жаңғырту арқылы екі ел арасындағы экономикалық байланыстар одан әрі нығая түседі. Бұл өз кезегінде өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық саудадағы рөлін күшейтеді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жоғары деңгейдегі келісімдер бұл ынты­мақтастықтың берік негізін қалыптастырып отыр. Өзара сенім мен достық қарым-қатынас өңіраралық байланыстардың тұрақты дамуына жол ашты. Осы саяси ерік-жігердің нәтижесінде Түркістан облысында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ет өңдеу кешендері, балық шаруашылығы және суару жүйелерін өндіру жобалары өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосуда. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы