Режеп Тайип Ердоған бүгінгі келіссөздер барысында экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Тарихы терең бауырластығымызды келешек ұрпаққа аманат етіп, сан-салалы қарым-қатынасымызды нығайта береміз
114
оқылды

Президент Түркия елінің Бірінші ханымы Эмине Ердоған Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында аса маңызды «Zero Waste» жобасын ұсынып, ауқымды жұмыс атқарып жатқанына тоқталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Осы бастама елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасымен үндес екенін ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз Эмине ханымның аса қажетті жобасын белсенді түрде қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Мәртебелі Режеп Тайип Ердоған мырзамен әлемдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты.

– Қазіргідей күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығып тұрғанына алаңдаушылық білдірдік. Халықаралық құқықтың және әмбебап ұйымдар ықпалының әлсіреуі туралы ой бөлістік. Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін күшейту, оның қарарлары мен жарғыларын қатаң сақтау, халықаралық құқық үстемдігін қамтамасыз ету және әділдік қағидатын ұстану мәселесіне қатысты ортақ байламға келдік. Барлық дау-дамайлар мен жанжалдарды дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Қазақстан мен Түркия алдағы уақытта да халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын жалғастыра береді. Біз жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіреміз, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның стратегиялық серіктестігін нығайту – халықтарымыздың ортақ мақсат-мұраты екенін атап өтті. 

– Біз тарихи тамыры терең бауырластығымызды келешек ұрпаққа аманат етіп, қазіргі сан-салалы қарым-қатынасымызды нығайта береміз. Бұл қос халықтың алдында тұрған қасиетті парыз деп санаймын. Құрметті Президент мырза! Ардақты бауырым, досым! Өзіңізге және делегация мүшелеріне мазмұнды келіссөздер үшін шын жүректен алғыс айтамын. Ынтымағымыз арта берсін! Қазақстан мен Түркияның достығы мәңгі болсын! – деді Қазақстан Президенті.

Режеп Тайип Ердоған бүгінгі келіссөздер барысында экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланғанын жеткізді.

Сондай-ақ Түркия Президенті екі елдің іскерлік орталары арасындағы ықпалдастықты арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.

– Жібек жолының бүгінгі баламасы ретінде Каспий арқылы өтетін Орта дәліздің маңызы күн санап артып келеді. Біз Қазақстанмен және басқа да серіктестерімізбен бірге бұл дәлізді тауар тасымалын ілгерілету үшін ынталандыруды жалғастырамыз. Жерорта теңізінен Орталық Азияға дейінгі аумақта тілде, пікірде, істе бірлік ұранымен байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз. Түркі әлемінің мәдени қазыналарын, ұлы тұлғалардың идеяларын, шығармалары мен рухани мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттауды ортақ жауапкершілігіміз деп білеміз, – деді Режеп Тайип Ердоған.