Көлік ағынын үйлестіруді, астана жолдарында қауіпсіздікті арттыру мен олардың шамадан тыс жүктемесін азайтуды Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы қамтамасыз етеді.
Адамдарға арналған қала: Астана мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң жайлылық мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
126
оқылды

Бүгінгі өтіп жатқан Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заңы бойынша осы 3 түзету келіп түскенін және барлық келіп түскен түзетулер мен ұсыныстар екінші оқылымға дейін қаралатыннын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың айтуынша, өз баяндамасында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Омарбеков Бауыржан Бақытұлы заң жобасында ұсынылатын негізгі аспектілерді көрсеткен. 

 – «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тұрақты комитеттері оң қорытындыларын ұсынды. Бүгінгі күні осы Заң жобасы бойынша 43 түзету келіп түсті. Депутаттар заң жобасының жекелеген нормаларын Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелеріне сәйкес келтіру бойынша түзетулер, сондай-ақ жекелеген нормаларды нақтылайтын және Заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді. Барлық келіп түскен түзетулер мен ұсыныстар екінші оқылымға дейін қаралатын болады, – деді Нұртай Сабильянов.

Осыған байланысты депутат «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.

 – «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 2-бабының 4-тармағын іске асыру үшін әзірленді. 

  Конституциялық заң жобасының мақсаты – астананың мәртебесін тұтас және жүйелі құқықтық реттеуді қалыптастыруға, қалалық ортаның сапасын, халықтың тұрмыс жайлылығы деңгейін және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған заңнаманы одан әрі жетілдіру.

Заң жобасында, біріншіден, жергілікті мемлекеттік басқарудың ерекшеліктері көзделген. Олар:

-  астананың Республиканың саяси, әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы ретіндегі рөлін атқаруы үшін жағдайлар жасау;

-  тұрақты әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы бар астананың бәсекелестік мүмкіндіктерін арттыру;

-  астананы халықаралық қатынастар орталығы ретінде дамыту.

Екіншіден, астананың мәслихаты мен әкімдігінің қала құрылысы, көші-қон, экология, көлік және жол жүрісі жөніндегі өкілеттіктері бекітіледі.  Бұл ретте, астана мәслихатының өкілеттіктеріне, атап айтқанда:

-  астананы дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын;

-  астана бюджетін және оның орындалуы туралы есепті;

-  сондай-ақ, астана қала құрылысы регламентін және астанада жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасын бекіту жатады.

ҚР Құрылыс кодексінен қала құрылысы регламенттерi – аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген жол берiлетiн кез келген өзгерiстерiнiң режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда);

Үшіншіден, заң жобасында астананың аумағы мен қала маңы аймағын айқындау ұсынылады. Бұл ретте, астананың қала маңы аймағының мөлшері мен шекарасын астана мәслихаты мен әкімдігінің, аумағы қала маңы аймағына кіретін облыс мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен ұсыныстары бойынша Үкімет белгілейді және өзгертеді.

Төртіншіден, заң жобасында қаланың дамуын кешенді басқару көзделеді. Астананың коммуналдық меншігі бекітілген. Және де:

-  астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру;

-  астананың дизайн-кодын енгізу және сақтау;

-  инфрақұрылымды салу мен дамытуды реттеу;

-  қала маңы аймағын дамыту жөніндегі нормалар регламенттеледі.

Мәселен, астана аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі астананың бас жоспары мен мемлекеттік нормативтерге қатаң түрде сәйкес келетіндей болып жүзеге асырылуға тиіс. Бүгін де астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға, астананың дизайн-кодына сәйкес қоғамдық кеңістікті дамытуға және қала ішінде заманауи стандарттарды енгізуге қатысты шаралар кешені іске асырылуда.

Бұл қалалық ортаның жүйелі және тұрақты дамуына бағытталған. Сонымен қатар, астананың аумағында құрылыс салу мәселелерін үйлестіру үшін қала құрылысы кеңесі құрылады, оның жұмысына қоғамдық бірлестіктер, қауымдастықтар мен сарапшылар тартылуы мүмкін.

Бесіншіден, заң жобасында көлік саласына қатысты:

-  көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға;

-  көлік инфрақұрылымын жетілдіруге;

-  тұрақты қалалық ұтқырлықты дамытуға;

-  және астананың жол қозғалысын басқарудың заманауи интелектуалды жүйелерін енгізуге бағытталған нормалар ұсынылып отыр. Сонымен қатар, көлік ағынын үйлестіруді, астана жолдарында қауіпсіздікті арттыру мен олардың шамадан тыс жүктемесін азайтуды Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы қамтамасыз етеді, – деді Нұртай Сабильянов.