Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық отбасы күнімен құттықтауында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айтулы мерекеге арнап әлеуметтік желідегі парақшасында құттықтау жариялаған министр берекелі отбасы – тәрбиелі ұрпақтың, ал тәрбиелі ұрпақ – мықты мемлекеттің негізі екеніне тоқталды. Бүгінде елімізде отбасы институтын нығайтуға, ана мен әкенің мәртебесін арттыруға, балалардың қауіпсіз әрі бақытты ортада өсуіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта жас отбасыларға қолдау көрсету, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, бала тәрбиесі мәдениетін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Ата-аналар академиясы», Отбасын қолдау орталықтары, Әкелер одағы мен Аналар одағы сияқты бастамалар қоғамда жауапты ата-ана болу мәдениетін қалыптастыруға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және отбасы құндылықтарын дәріптеуге зор үлес қосып келеді. Мұның бәрі – әр шаңырақтың берік, әр баланың бақытты, әр отбасының қамқор ортада өмір сүруі үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар, – деді Аида Балаева.
Құрметті достар! Баршаңызды Халықаралық отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат мекен. Адам алғаш рет мейірімді де, жауапкершілікті де, құрмет пен қамқорлықты да өз шаңырағында сезінеді. Баланың бойына ізгілік, еңбекқорлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, елге деген сүйіспеншілік ең алдымен отбасында дариды. Сондықтан халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Шаңырақ – қазақ үшін қасиетті ұғым. Ол тек киіз үйдің төбесі ғана емес, ұрпақтың жалғасы, әулеттің амандығы, татулық пен берекенің нышаны.Шаңырағы биік, керегесі кең, босағасы берік елдің болашағы да нық болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді», – деген болатын.
Бүгін, Халықаралық отбасы күні елімізде дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына өтінім қабылдау басталады. Бұл байқау – өнегелі өмірі, еңбегі, татулығы, ұрпақ тәрбиесіндегі үлгісі арқылы көпке жол көрсетіп жүрген отбасыларды танытатын ерекше жоба. Қазақстандық отбасыларды осы конкурсқа белсенді қатысуға шақырамын! Әр шаңыраққа амандық, татулық пен береке тілеймін. Отбасыларыңызда әрдайым мейірім мен сүйіспеншілік, сыйластық пен түсіністік салтанат құрсын!, – делінген министрдің арнайы құттықтауында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
