Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр.
Мемлекет басшысы Алтын Орда мәселесін зерделеу бойынша іргелі бастамаларды қолға алуды ұсынды
419
оқылды

Президент жақында Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды ұсынды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Сонымен қатар Алтын Орда мәселесін зерделеп жүрген шетел мамандарын жұмылдырып, баспа саласына қатысты іргелі бастамаларды қолға алу қажет.

Креативті индустрия және медиа бағытындағы түрлі жобалар, ең алдымен, академиялық зерттеулерге арқа сүйеуі керек.

Жаһандану, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде көшпенділік, яғни, номадизм тұжырымдамасы туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру – өте маңызды. Бүгінде бұл ұғымның сипатын «цифрлық көшпенділердің» жасампаз рухы мен сарқылмас күш-қуатынан айқын көруге болады.

Әділдік, ашықтық және мәдениеттер диалогі – Дала өркениетіне арқау болған құндылықтар. Осы мемлекеттілік дәстүрін жан-жақты зерттеу бүкіл Орталық Еуразияның ұзақ мерзімді дамуына ықпал етері сөзсіз. Қазір бұл аймақ жаңа сипаттағы қайта өрлеу, яғни, ренессанс кезеңіне қадам басты деп айтуға болады», - деді Президент.

Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр.

«Алтын Орда мұрасы – ұшан-теңіз. Біз осы алып рухани, тарихи қазынаны ХХІ ғасырға бейімдеп, жаңғырту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.

Менің бастамаммен Қазақстанда Жошы Ұлысын зерделеу институты құрылды. Бұл – осы тақырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме.

Қазіргі таңда әзірленіп жатқан Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр.

Жошы Ұлысының мол тарихи-мәдени мұрасын жұрт жадында жаңғырту үшін фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып жатыр. Сондай-ақ спектакльдер де қойылып, ескерткіштер орнатылып, көрмелер өткізілуде.

Алайда Алтын Орданың мән-маңызын терең зерделеп, оның тарихи рөлін жан-жақты насихаттау үшін мүлде жаңа, яғни, халықаралық ауқымдағы жұмыс істелуі қажет», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.