Қалада 1973 жылы іске қосылған құбырларды ауыстыру қажеттілігі әлдеқашан туындаған.
Степногор қаласында жылу магистралі жөнделеді
143
оқылды

Өткен жылыту маусымында ғана Степногор қаласының басты жылу магистралінде 72 апат болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Қалаға жылу жеткізетін бұл құбырлар сонау 1973 жылы іске қосылған, тозығы жеткен құбырларды ауыстыру қажет. Дегенмен 2026 жылға дейін мұнда тек «апат салдарын тез арада ретке келтірумен» ғана шектеліп, тесілген жерлерді жамап-жасқап келді. 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, «ЖЭО-Қала» жылу желісінің 70,3 пайызы тозған.

ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында жылу магистралі ақыры жаңартылатын болды. Бұл Степногор  тұрғындары үшін коммуналдық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Табиғи монополияларды реттеу комитеті  Ақмола облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, жылу магистралін қайта құру жобасы 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Қазірдің өзінде құбыр жеткізуге қатысты келісімшарттар ресімделіп, қосалқы мердігерлермен шарттар жасалып жатыр. Жуырда жұмысшылар ескі құбырларды бұзуды (демонтаж жасауды) бастайды.

Жөндеудің бірінші кезеңі биыл 1 қыркүйекте, ал екінші кезеңі 2027 жылдың 1 қыркүйегінде аяқталады.

«Жұмыстарды жүргізу кезінде отандық өндірушілердің материалдары қолданылады. Бұл алдын ала оқшауланған болат құбырлар, бұрылыстар, тіректер, тармақтар, арматура мен металл бұйымдары, темірбетон өнімдері және т.б. Барлығы 36 түрлі материал пайдаланылады», – деді мердігер ұйым «РемЭнергоМаш» ЖШС директоры Андрей Тишков.

«Степногорск Теплотранзит» ЖШС директоры Егор Лысенконың айтуынша, жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр және биыл 1 қыркүйекке дейін орындалады.

1-кезеңде 4,823 шақырым   жылу магистралі ауыстырылады.

2-кезеңде 4,673 шақырым  жылу магистралі ауыстырылады.

Жоба «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» тарапынан пайыздық мөлшерлемені ішінара субсидиялаумен ТМС қарызы есебінен іске асырылады. Жобаға құйылатын инвестиция көлемі – 5,8 миллиард теңге.

Нәтижесінде, жоба аяқталған кезде 20 431 абонент, соның ішінде 288 көпқабатты үй, 14 жеке үй және 154 басқа да ғимарат сапалы жылумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 25 уақытша және 30 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жөндеу жұмыстарынан кейін «ЖЭО-Қала» жылу желісі негізгі құбырының тозу деңгейі 20,8%-ға төмендейді.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.