Жиынға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та қатысты.
Жаңа Конституцияға сәйкес әзірленген «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын депутаттарға Мәжіліс депутаты, бірлескен комиссияның төрағасы Үнзила Шапақ таныстырды.
– Заң жобасы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жолдауымен Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Конституциялық заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Вице-президентінің құқықтық жағдайын айқындайды, – деді комиссия төрағасы.
Қабылданған заңға сәйкес, Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының символы әрі кепілі болып қала береді.
Заң нормалары Президенттің Бас Прокурорды, Конституциялық Сот, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жоғары аудиторлық палата, Орталық сайлау комиссиясы, Ұлттық Банк төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің ұсынысы бойынша Жоғарғы Сот төрағасын тағайындау құқығын бекітеді.
Құрылтайдың келісімі бойынша Президент Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық Соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ Жоғарғы Соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды.
Бірлескен отырыста Парламент депутаттары тобының бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң да қабылданды.
Заң жобасын Мәжіліс депутаты, бірлескен комиссияның төрағасы Марат Башимов таныстырды. Құжаттың негізгі мақсаты – Құрылтай қызметін ұйымдастыру және құқықтық реттеу.
– Конституциялық заң жобасы биылғы жылдың 15 наурызында республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ережелерін орындау мақсатымен әзірленді. Заң жобасында Қазақстан Республикасының Құрылтайы бес жыл мерзімге сайланатын жүз қырық бес депутаттан тұратыны белгіленеді. Құрылтай төрағасының үш орынбасары болады, оларды депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай сайлайды, – деді Марат Башимов.
Қабылданған Конституциялық заңмен Құрылтай депутаттарының мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, соның ішінде депутаттық бірлестіктерді, парламенттік көпшілік пен оппозицияны құру мәселелері, сондай-ақ депутаттың әдеп ережелері бекітіледі. Бұған қоса, заң шығару бастамасы құқығы субъектілерінің аясы Қазақстан Халық Кеңесі есебінен кеңейтіледі, Халық Кеңесі бұл құқықты Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы іске асырады.
Сонымен қатар құжат Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-әрекет жасау тәртібін, Құрылтайдың Вице-Президент, Премьер-министр, Конституциялық Сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелері лауазымдарына кандидаттарды келісу жөніндегі өкілеттіктерін белгілейді. Сондай-ақ Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы Сот судьяларын сайлау нормалары және Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмаушылық құқығынан айыру тетігі айқындалған.
«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңмен халық мүдделерінің өкілдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған жаңа институттың құрылуы бекітілді.
Сенат депутаты, бірлескен комиссияның төрағасы Нұртөре Жүсіп атап өткендей, заң Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін үйлесімді ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге арналған алаң ретінде әрекет ететін жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде айқындайды.
– Халық Кеңесі – тек диалог алаңы емес, ол халықтың шынайы үнін жеткізетін, стратегиялық деңгейде ықпал ететін бірегей институт болады. Мұнда азаматтардың ұсыныстары жүйелі түрде қаралып, нақты саясатқа әсер ету мүмкіндігіне ие болады. Бұл әсіресе Қазақстан сияқты көпэтносты және көпқырлы қоғам үшін аса маңызды. Себебі тұрақтылық пен дамудың негізі – әділ өкілдік пен ашық диалог. Кеңес әртүрлі әлеуметтік топтардың, өңірлердің және буындардың мүдделерін тоғыстырып, ортақ ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға ықпал етеді. Аталған заң демократиялық қағидаттарды одан әрі нығайтады. Ашықтық, жариялылық және есептілік жаңа деңгейге көтеріледі. Мемлекет қоғам сұранысына жедел әрі жүйелі жауап беретін құрылым ретінде дамиды. Ең бастысы – азаматтардың мемлекеттік басқарудағы рөлі артады. Егер бұрын көптеген бастама тиісті деңгейде ескерілмей қалса, енді Халық Кеңесі арқылы олар институционалды түрде қаралатын болады. Бұл – Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Сонымен қатар заң өңірлердің рөлін күшейтуге де мүмкіндік береді. Жергілікті бастамаларды қолдау арқылы әлеуметтік, мәдени, білім беру және экономикалық жобаларды дамытуға жол ашылады, – деді Нұртөре Жүсіп.
Қазақстан Халық Кеңесіне ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты қамтамасыз ету өкілеттіктері беріледі. Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктеледі.
Парламент «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл құжат астананың қызметі мен дамуының құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Мәжіліс депутаты, бірлескен комиссияның төрағасы Нұртай Сабильянов заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында комиссия депутаттар мен Парламенттің тұрақты комитеттерінің ұсыныстарын жан-жақты қарастырғанын атап өтті.
– Заң жобасының жекелеген нормаларын Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізілді. Астананың қала маңы аймағына қосылған жерлерді пайдалану тәртібі мен режимі бойынша нормалар нақтыланды. Осындай жерді пайдалану тәртібі мен режимін Үкімет қала және облыс мәслихаттары мен әкімдіктерінің, сондай-ақ жергілікті агломерация кеңесінің бірлескен ұсынысы негізінде айқындайтын болады. Астананың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының міндеттері, астана мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері бойынша нормалар нақтыланды, – деп түсіндірді депутат.
Бұдан бөлек, конституциялық заңда құрамына астана әкімдігінің өкілдері, сәулетшілер, тәуелсіз және кәсіби сарапшылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін сарапшылар енген Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру көзделіп отыр.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заңды әріптестеріне сенатор Әли Бектаев таныстырды. Құжатпен әкімшілік-аумақтық бірліктердің түрлері айқындалып, осы саладағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктері белгіленді, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктерге қатысты мәселелерді қараудың нақты құқықтық критерийлері қарастырылды. Бұл тәсіл тиісті шешімдерді белгілі бір кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің негізінде ғана қабылдауға бағытталған.
Бұған қоса, цифрландыру талаптарын негізге ала отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекараларын «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде есепке алу және тіркеу өкілеттігі бекітіледі.
Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады.
Сенат депутаты, бірлескен комиссияның төрағасы Нұрлан Бекназаров айтқандай, түзетулер әкімшілік-аумақтық бірліктер қайта құрылған кезде сайлау комиссияларының өкілеттіктерін сақтау және ауыстыру мәселелерін реттеуді қарастырады.
– «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына Қазақстан Халық Кеңесінің жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеруге қатысты конституциялық құқығын айқындауға бағытталған түзетулер енгізілді. Конституциялық Соттың құрамы мен оны құру тәртібі, Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьяларының қызметтеріне тағайындалу тәртіптері және құқықтық мәртебелері, Конституциялық Сот құзыретіне, конституциялық іс жүргізу тәртібіне қатысты нормалар да Жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатымен жетілдіріліп, нақтыланды. Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған қолданыстағы барлық конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын жүйелі Конституциялық заң жобасы жаңа Ата заңымызды іске асырудың құқықтық тетіктерін бекітіп, мемлекеттік билік тармақтарының мәртебесі мен құзыреттерін нақтылап, прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметтерін де құқықтық реттеуді жетілдіруді қамтамасыз етеді, – деп түйіндеді Нұрлан Бекназаров.
Заң жобаларын қарау және талқылау барысында сенатор Әли Бектаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңда жергілікті органдардың есепке алу мен тіркеуді цифрландыру жөніндегі қызметі нақтыланғанын, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің тізбесі кеңейтілгенін және жергілікті өкілді әрі атқарушы органдардың құзыреті айқындалғанын айтты. Оның сөзінше, бұл шаралар қала маңындағы аумақтарды тиімді басқаруға және агломерацияларды дамытуға арналған нақты құқықтық негіз қалыптастырады.
– Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын аумақтың бөлігі ретінде «әкімшілік-аумақтық бірлік» ұғымы енгізілді. Оны есепке алу мен тіркеуді цифрландыру бойынша жергілікті органдардың құзыреттері нақтыланды. Бұл құқықтық қарама-қайшылықтарды жойып, мемлекеттік деректердің өзектілігін арттырып, ақпараттық жүйелердің өзара үйлесімділігін күшейтеді. Конституциялық заң жобасында еліміздің бірлігі мен тұтастығы туралы қағидат күшейтілді. Мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымы ел аумағының тұтастығын сақтап, оған қол сұғылмауын және оның бөлінбеуін қамтамасыз ететін болады, – деп атап өтті Әли Бектаев.
Бұдан бөлек, кандидаттарды ұсыну процесі жүйеленеді және әкім лауазымына үміткерлердің жинаған дауыстары тең болған жағдайда қайта дауыс беруді өткізу тәртібі реттеледі. Сондай-ақ конституциялық заңмен ақпараттық алаңдарда сайлау алдындағы үгіт-насихатты жүргізу мәселелері реттелді, дауыс беру, дауыстарды санау немесе қорытындыны анықтау барысында конституциялық заң нормалары бұзылған жағдайда жекелеген сайлау учаскелерінде немесе әкімшілік-аумақтық бірліктерде сайлауды жарамсыз деп тану бойынша Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының құзыреті толықтырылды.
Түзетулердің жеке блогы Құрылтайдың құрылуына және пропорционалды жүйеге көшуге байланысты конституциялық нормаларды іске асыру мақсатында қабылданды.
