Министр Цой биыл үшінші рет ахуалдың тұрақталғанын жариялағанымен, пандемияның аяқталар түрі көрінбейді. Қазақстан бұған дейін COVID-19 індетімен күреске 6 триллионнан астам теңге немесе 14 миллиардтай доллар шығындаған. Алайда Үкімет бәрібір дерттің таралуын шектей алмады. Аста-төк қаражаттың үлкен бөлігі ұрланған, мақсатсыз жұмсалған. Ауруханаларда дәрі жетіспеу проблемасы дүркін-дүркін бой көрсетуде. Ал құзырлы органдар ковид-препараттарды қолдан жасайтын жасырын цехтарды тапты.
Дәрі нарығы контрафактіге толған ба?
Денсаулық сақтау министрлігінің талдауы көрсеткендей, пандемия басталғалы жалған дәрі-дәрмек өндірісі алапат ауқымда артқан. Ресми статистикаға сенсек, 2015 жылы дәріні фальсификациялағаны үшін 125 әкімшілік іс және 2 қылмыстық іс қозғалған. 2018 жылы бұл қылмыстар саны 2017 жылмен салыстырғанда 56%-ға күрт өскен. Нәтижесінде, 287 әкімшілік іс тіркеліп, жалпы сомасы 52,6 миллион теңге айыппұл салынды (сомасы жөнінен 2017 жылғыдан 51%-ға көп). Кейінгі екі жылда жағдай мүлдем ушығып кеткен: бірден 1 421 бұзушылық әшкереленді, олар бойынша 1 443 әкімшілік іс қозғалып, жалпы көлемі 260,8 миллион теңге айыппұл салынған. Әрине, бұл тек беті ашылған қылмыстар ғана. Су асты иірімдеріндей, жалған дәрі-дәрмектің қара базарының саудасы жасырын қызуда. Контрафакт тауарлармен күресетін бас орган – Экономикалық тергеулер қызметі, салық төлеуден жалтарушыларды іздейтін Мемкірістер комитеті және ДСМ жүргізген рейдтер кезінде небір былық ашылды. Алматыда цефамед, цераксон, цефтазидин, физиотенс секілді коронавирус инфекциясын емдеуде қолданылатын дәрілерді қолдан жасайтын цех табылды. Тексерушілер сау ете қалғанда, қоймасында саудаға жеткізілмеген 60 мың дана дәрі жатқан. Күдіктілер қамауға алынды. Өз кезегінде дәріханалар цефтриаксон, азитромицин, парацетамол секілді сырқаттар аса зәру дәрілерді сатпай, жасанды түрде тапшылық туғызу, сөйтіп бағасын еселеп қымбаттату фактісі кездесті. Заңсыз схемаға елдегі 650 дәріхана қатысқан. Елордалық дәріханалардың бірі сертификаты жоқ ковид-препараттарды құпия түрде, қосалқы бөлмеден тым жоғары бағаға сатып келген. Ол дәріханадан жалпы сомасы 1,7 миллион теңгені құрайтын 2 811 қорап препарат тәркіленді. Тек Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеулер департаменті жалпы құны қара нарықта 252 миллион теңге тұратын 100 мың бірліктен астам фальсификацияланған дәріні анықтап, тәркіледі. Өткен жылғы тексеру іс-шаралары қорытындысында әкімшілік жауапкершілікке 1 000-ға жуық адам тартылды. Заңсыз айналымнан жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуықтайтын жарты миллиондай қорап медпрепарат тәркіленді. Анықталмағаны қанша екені белгісіз. 2021 жылғы тамыздағы жағдай бойынша, елімізде сатуға рұқсат етілмеген дәрілік құралдарды сатудың әзірге тек 12 фактісі әшкереленіп, 12 әкімшілік хаттама толтырылған, 8,1 млн теңге айыппұл өндірілген.Ауруханадағылар да дәріні өзі сатып алған
Денсаулық сақтау индустриясын дамытудың Корея институты (KHIDI CIS5) сарапшылық агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда дәрі-дәрмектің заңсыз айналымы 10-12%-ды құрайды. ДСМ дерегінше, «2020 жылы отандық дәрілік құралдар нарығының жалпы көлемі 480 млрд теңгені құрады, демек заңсыз айналым 52,8 миллиард теңге деп болжанады». «Дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы мемлекеттік бақылаудың қолданыстағы тетігі тым оралымсыз. Себебі ол жалған немесе медициналық қолдануға рұқсат етілмеген дәрілік құралдарды өткізу фактілерін тек халықтан, заңды тұлғалардан шағым түскенде немесе прокуратура мен құқық қорғау органдарының тексеруі кезінде анықтауға мүмкіндік береді», – деп түсініктеме берді Денсаулық сақтау министрлігі. Сондықтан 2022 жылдан Қазақстанда дәрі-дәрмектің әрбір қорабын міндетті таңбалау енгізіледі. Яғни, бірегей Data Matrix жапсырмасы жапсырылмаған дәрі-дәрмектер жалған болып саналады. Негізі, ковид-препараттарға қатысты қалыптасқан жағдай халықтың қабырғасына батып тұр. 13 қыркүйектегі жағдай бойынша, КВИ індетінен 78 512 адам емделуде: 70 184-і – коронавируспен, ал 8 328-і коронавирус пневмониясымен ауырған. Соның ішінде тек 16 345 пациент қана ауруханада ем алып жатыр. Ал 62 167 сырқат үйінде емделуге мәжбүр. Яғни, ондаған мың адамға ковид дәрмектерді өз қаражатына алуға тура келуде. Себебі мобильді бригада келгеннің өзінде екі түрлі дәріні ғана тастап кетеді. Қалғанын науқас өзі сатып алуы керек. Шымкент тұрғыны Бақыт Үсенқызы ата-анасы ауруханада жатса да, оларға аса қымбат дәріні өз қаражаттарына сатып алуға мәжбүр болғанын әңгімеледі. Оның 70 жастан асқан әкесі мен анасы биыл тамыз айында індетке душар болады. «Шымкенттегі Nazmed медициналық орталығына жатқызылды. Өкпелерінің қабынуы 30%-ға дейін жетті. ПТР-тест оң нәтиже көрсетті. Ауруханаға түскенге дейін ата-анам өз бетінше жүріп-тұратын, тыныс алатын. Тек жөтел қысып, қызу түспей қойды. Алайда апта ішінде күн өткен сайын жай-күйі нашарлай берді. Ақырында оттегісіз демала алмайтын жағдайға жетті. Хабарласқанымызда, ата-анамыз медперсоналдың шақырғанда келмейтініне, өзі сұрамаса науқастардың қызуы мен қысымын өлшемейтініне шағымданды. Аурухана іші лас, антисанитария. Емдеуші дәрігері нолипред және ремдесивир дәрілерін сатып алуымыз керегін айтты. Оны ұзақ іздеп, ремдесивирдің – 12 флаконын, солу-метилдің 3 флаконын, жалпы сомасы 252 мың теңгеге сатып алдық», – дейді ол. Жалпы, цефтриаксон (цеф-3, цеф-4) секілді коронавирусты емдеуге арналған бастапқы препараттар көмектеспесе, дәрігерлер тілімен айтқанда, науқастың ауруы меңдеп, «екінші толқын» басталса, ақ халаттылар ремдесивир секілді препараттарға жүгінеді. Дәрігерлердің мойындауынша, бұл – эксперименталды дәрі, оның нәтижелері мен тиімділігі әзірге толыққанды зерттелмеген. Алайда сырқатты аман алып қалу үшін олар амалсыз соны қолдануға барады.Қанша шенеунік жазаланды?
Коронавируспен күреске біраз қаражат бөлініп жатқанына қарамастан, Үкіметтің сырқаттарды ең құрығанда бірінші кезекте қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отырғаны қынжылтады. Ал осы қаражаттың қолды болуы қоғамның ашуын туғызады. Есеп комитеті COVID-19 індетімен күреске бөлінген қаражаттың жұмсалуына аудит жүргізе келе, 355 миллиард теңгенің бұзушылығын анықтады. Бірақ ол пандемияға қарсы төгіліп жатқан қаржы тасқынын толыққанды тексере алмаған. «6,9 триллион теңгенің 4,5 триллионы тексерілді. 355 млрд теңгенің бұзушылығы әшкереленді. Тағы 243 млрд теңге Үкіметпен бірлескен жұмыс нәтижесінде басқа бағыттарға қайта бөлінді», – деді Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова. Дегенмен ол сонша ақшаның қалай талан-тараж болғанының егжей-тегжейін айтпады. Назар аударар жайт, осы қылмыстар үшін әзірге биік лауазымды тұлғалар сотталған жоқ. Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов 14 қарашаға дейін ары қарай үй қамағында отырады, сыртқа шығуына, туысқандарымен кездесуіне рұқсат. Рас, оның қамауға алынуына пандемияның қатысы жоқ: бұрынғы министр және оның орынбасары Олжас Әбішев «министрліктің жұмысқа жарамсыз ақпараттандыру тұғырнамасын қабылдап алған» деп айыпталуда. Сондай-ақ санавиация ұшақтарын жеке мақсаттарына пайдаланған деседі. «СҚ-Фармация» басшылығы да жеңіл құтылды: бірыңғай дистрибьютордың экс-басшысы Берік Шәріп те 11 ай изоляторда отырғанымен, сотталмай, бостандыққа шықты. Ол Қытайдан КВИ-ге қарсы қорғаныш костюмдерінің жеткізілімін жарға жықты деген күдікке ілікті. Салдарынан 2020 жылдың ортасына дейін көптеген медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Жалпы алғанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пандемия кезеңінде 100-ден аса қылмыстық іс қозғаған. Оның жартысы ақша ұрлаумен байланысты болған. 132 өкпені жасанды желдету аппаратын нарықтық бағасынан 2 миллиард теңгеге қымбат сатып алудың жолы кесілді. «Халық үміт артқан, билік өкілеттіктерін жүктеген адамдар – жекелеген принципсіз шенеуніктер мен топ-менеджерлер пандемия кезінде не Құдайдан, не заңнан қорықпай, өз лауазымдарын жоғары табысты төл бизнесін дамытуға, бюджет қаржысын ұрлауға, жүйелі түрде пара алуға пайдаланды. Халықтың қасіретінен байлық жию сатқындық пен кісі өлтіруге тең!» – деді антикордың биылғы алқа отырысында сол кездегі төрағасы Алик Шпекбаев. Әйткенмен, артынша өзі отставкаға жіберілді. Қолда бар дерекке жүгінсек, 2020 жылы әртүрлі деңгейдегі 210 басшы қылмысы үшін жазаға тартылған. 25 аса ауыр және 1 368 ауыр қылмыс, сондай-ақ жүйелі коррупцияның 112 фактісі әшкереленген. Сотта ұйымдасқан қылмыстық топ құру туралы 4 іс қаралып жатыр. Алайда оның көбі сотта шашылып қалды. Антикор Президенттің тапсырмасымен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы ақша ұрлау фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған-тын. Бірақ артынша оның экс-басшысы Айбатыр Жұмағұловқа ешқандай тағар айыбы жоғын жария етті. Осылайша, ұсақ лауазымдағылар жауапкершілікке тартылғанға ұқсайды. Кем дегенде, 481 шенеунік тәртіптік жазамен құтылған. Қорытынды және толымды статистика әлі күнге жоқ. Қалай болғанда, пандемия аяқталғанда билік онымен күреске қанша ел қаржысы жұмсалғанын, оның қайсысы ел игілігіне айналып, қайтарым бергенін, ал қанша миллиарды ұрланып кеткенін ашып айтып, үлкен есеп берсе жөн. Бұл демократияға және «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келсе керек.Елдос СЕНБАЙ