Ұлттық банк 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің (КБК) шекті мәнін белгілеуді жоспарлап отыр.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бұған дейін азаматтар табысының 70-80 пайызына дейін несие рәсімдеп келген. Мұндай жағдай қаржылық тәуекелдерді күшейтіп, көптеген адамның қарызын уақытында өтей алмауына әкелді. Экономист жаңа шектеулер қарыз алуды белгілі бір деңгейде азайтып, азаматтардың қаржылық жауапкершілігін арттырады деп есептейді.
«Бұған дейін көп азаматтар дефолтқа ұшырады, қарыздарын төлей алмай қалды, сот орындаушылары коллекторлық ұйымдармен қысым жасау үдерістерінің барлығы соның салдарынан болды деуге болады. Сондықтан халық арасында белгілі бір дәрежеде қарыз алу азаяды деп айтуға болады. Қаржы нарығындағы банктер, қаржы институттарындың қаржылық тәуекелдерін азайтады», – дейді Мақсат Халық.
Бір сөзбен айтқанда, қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициенті бұл – адамның барлық несиесі мен микронесиесінің табысына қатынасы.
«Мысалы, шартты түрде бір адамның айлық табысы 500 мың теңге деп қарастырсақ, бүкіл несие төлемдері 220 мың теңге болып тұрса, онда осы несие төлемдерін оның табысына бөліп, 100-ге көбейтеді (220 000/500 000*100=44) сонда осы коэффициент шығады, 44 пайыз болады екен. Бұл мысалдың жағдайында банк ол азаматқа несие беруді мақұлдауы мүмкін. Қазіргі белгіленіп отырған шек 50 пайыздан аспауы керек. Ал 65%, 70% болып кетсе қарыздың берешектері, онда банктер несие беруін тоқтатады деген сөз», – деп атап өтті экономист.
КБК-ны қолдану банктердің жауапты кредит саясатын ынталандыруға, халықтың шамадан тыс қарызға бату тәуекелдерін төмендетуге, қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және кредиттеудің теңгерімді құрылымын қалыптастыруға бағытталған. Мұндай шаралар әлемдік тәжірибеде бар.
«Тіпті, Америка, Ұлыбританияда да бар. Стресс тестер дейді. Яғни, адамдардың төлем қабілетіне қарай отыра, несие беру қалыптасқан үдеріс. Мәселен, Оңтүстік Кореяда несиеге батқан қоғам көбейген. Сол кезде де несиеге 40% аспасын деген талаптар қойылған. Сингапурда 55% аспасын деген талап бар. Яғни, қарыз берешектері табыстың 55% аспауы керек. Бізде қазір 0,5 коэффициенті қойылып отыр. Демек, табыстың тең жартысынан аспауы керек деген сөз. Мұның негізгі мақсаты – қаржы нарығын тұрақтандыру, банктердің тәуекелдерін қысқарту және халықтың несиеге батуын, проблемалық несиенің көлемін азайту үшін жасалып отырған қадамдар», – деді сарапшы.
Айта кету керек, КБК реттеушілік практикаға 2024 жылғы тамызда енгізіліп, қазірге дейін мониторингтік кезеңде қолданылып келеді. Қарыз алушының кірісіне қатысты қарыз коэффициентінің шекті деңгейі бойынша қаулы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
