Бүгінде Қазақстанда транзит көлемі артқан: 2025 жылдың қорытындысы бойынша, транзит көлемі 36,9 млн тоннаға жеткен.
Еліміз халықаралық транзит үшін жай ғана «дәліз» болып қалмауы керек – Әбутәліп Мүтәлі
101
оқылды

Бүгінгі Мәжіліс отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа еліміздегі транзиттік хабтың және толыққанды көлік-логистика мәселесін көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  өз Жолдауларында Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабына және толыққанды көлік-логистикалық державаға айналдыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен. 

Бүгінде Қазақстан транзит көлемін арттыруда: Транскаспий бағдары дамуда, теміржол, автомобиль, теңіз және авиация дәліздері жаңғыртылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, транзит көлемі 36,9 млн тоннаға жеткен.

Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық транзит саласында айтарлықтай өсу әлеуеті бар. Қазіргі уақытта біз жаһандық тасымалдаудан миллиардтаған доллар жоғалтып жатырмыз. Біздің елімізді халықаралық транзит үшін жай ғана «дәліз» болып қалдыруға болмайды. Біздің стратегиялық міндет – «дәлізге өндіріс, цифрлық сервистер және экспортты қосып» қосымша құнды қалыптастыру моделіне көшу болу керек, – деді депутат. 

Әбутәліп Мүтәлі бұл тәсіл еліміздің табысын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Оның айтуынша, іске асырылып жатқан бастамалар, мысалы Smart Cargo, логистикалық паспорт, инфрақұрылымның цифрлық көшірмесі, қағазсыз құжат айналымы бәрі әралуан сипатқа ие және бірыңғай индустриялық-логистикалық экожүйені қалыптастырмайды. 

 – Халықаралық тәжірибе бәсекеге қабілеттілік транзитпен емес, оның айналасындағы қосылған құнды қалыптастырумен қамтамасыз етілетінін растап отыр. Мысалы, Джебель-Али порты (БАӘ), Туас порты (Сингапур) және Дуйсбург порты (Германия) индустриялық-логистикалық экожүйе ретінде жұмыс істейді, мұнда жүктерді өңдеу, жинау, қаптау, таңбалау, сертификаттау, олардың сервисі мен кері экспорты жүзеге асырылады. 

Цифрлық ашықтыққа да ерекше назар аудару қажет: кәсіпкерлердің жолдағы жүктердің қай жерде екенін көруге  толық қолжетімділігі жоқ, ал басқа секторларда мысалы, пошта жөнелтілімдері мұндай мүмкіндіктер бар,  – дейді ол. 

Сондай-ақ депутат төлемдерді алдын ала цифрлық есептеу моделіне көшіру ұсынылатынын қозғап, мұнда кәсіпкер жүк келгенге дейін оның толық құнын – салықты, бажды, алымды, логистикалық шығыстарды төлейді және ресімдеу мерзімдері мен ықтимал тәуекелдерді көретінін тілге тиек етті. 

 – Сонымен қатар қазір бар құралдар — Еркін экономикалық аймақ, индустриялық аймақтар, көлік дәліздері мен цифрлық шешімдер қайтадан бытыраңқы дамып, индустриялық-логистикалық хабтардың бірыңғай моделіне біріктірілмегенін атап өткен жөн.

Қолданылып жүрген тәсілдер сақталса, қосымша құн қалыптастырылмай транзиттік қана мемлекет болып қалып, өнеркәсіптік өсім мен экспорт әлеуетінен қапы қалу тәуекелі сақталады. Басқаша айтқанда, бұл транзит арқылы құрылуы мүмкін мыңдаған жұмыс орындар. Бұл жаңа салықтар, жаңа құзыреттер. 

Халықаралық транзитті дамытуға, жолдарға, инфрақұрылымға бөлінетін миллиардтаған бюджет қаражаты еліміздің игілігі үшін толық көлемде жұмыс істеуге тиіс. Осыған байланысты Үкіметке еркін экономикалық аймақтарды, индустриялық аймақтарды және логистикалық орталықтарды, олардың өңірлік ерекшеліктерін біріктіре отырып, индустриялық-логистикалық хабтардың арнайы реттеушілік режимін енгізуді;

Екіншіден, толық цифрлық интеграцияны Smart Cargo, «бір терезе», логистикалық паспорт, жүктер трекингі және электрондық тасымалдау құжаттарын қамтамасыз етуді және жүктер келгенше барлық төлемнің алдын ала цифрлық есептемесін автоматты түрде салыстыра отырып ендіруді ұсынамыз. 

Төртіншіден, еркін экономикалық аймақтар мен логистикалық объектілердің ревизиясын жүргізуді және Хабтарды дамытудың 2035 жылға дейінгі ұлттық бағдарламасын KPI-мен бірге әзірлеуді. Және үкімет жанында бірыңғай үйлестіруші орталықты айқындауды және тасымалдардың халықаралық цифрлық интеграциясын қамтамасыз ету қажет,  – дейді Әбутәліп Мүтәлі.