Бүгін «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы тілшілерге арналған пресс-тур өткізіп, бір сәтке заңгерлердің кебін киіп, тұрғындардың мәселесін қарастырып, шешілуіне атсалысты.
Боямасыз өмір: «Қарызсыз қоғамның» бір күні
239
оқылды

 «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылдың мамыр айынан іске қосылғанымен, оның заңнамалық тұрғыда көмектесу бөлімі бір жылдан кейін ашылды. Міне, дәл осы кезден бастап халыққа заңнамалық тұрғыда қарыздан құтылуды басты назарға алған. Нәтижесінде, былтыр «Қарызсыз қоғам» орталығының call-орталығы дүниеге келді.

«Қарызсыз қоғам» жобасының атқарушы  директоры Олжас Ордабаевтың айтуынша, call-орталық заңгерлері бір күнде 5 мыңға жуық адамға көмек көрсетеді.

– Әуелде «Қарызсыз қоғам» жобасы тек қаржылық сауаттылық ашумен шектелген. Соңғы екі жыл біз заңгерлік көмек көрсетіп жатырмыз. Былтыр осы жоба арқылы 860 мыңға жуық адамға көмектестік. Оның басым бөлігі қарызға белшесінен батып, банк алдындағы несие төлемі бұзылған, есепшоттары бұғатталған, жалақысы мен жәрдемақысына қайта қол жеткізуіне заң тұрғысынан көмек бердік. Осы мәселенің бәрін реттеп, биылдың өзінде 60 мыңдай адамға көмектесе алдық, – деді «Қарызсыз қоғам» жобасының атқарушы директоры Олжас Ордабаев.

Мамандар өтініш бергендердің жартысына қарызын қайта құрылымдауға көмектесіп, осы аралықта 422 мың азамат несие төлеудің жаңа әрі ыңғайлы кестесіне көше алды.

Бүгінде «Қарызсыз қоғам» жобасы 25 бағытта жұмыс істейді. Заңнамалық көмек қосылғалы  988 885 заңгерлік қызмет көрсетілген. Бұл туралы Заңнамалық бөлімнің жетекшісі Самал Абаева айтып берді.

– Біздің міндет – әр клиенттің тығырықтан шығуына жәрдемдесу. Сондықтан біздің көмекке жүгінген әрбір азаматтың қаржылық әрі әлеуметтік жағдайын зерделей келе, оған барынша оңтайлы жағын қарастырамыз. Әсіресе, сотқа дейінгі реттеу мәселесі бойынша жүгінетіндер өте көп. Өзге де мәселелермен ақыл-кеңес сұрайтыны да жетіп артылады, – дейді Самал Абаева.

Айтуынша, осы орталықтың өзінде 40-қа жуық заңгер жұмыс істейді. Оның он шақтысы сот ісін қарастырса, 30 сотқа дейінгі және кеңесшіден тұрады. Одан бөлек, 20 аймақтың өз үйлестірушісі бар. Олар кеңесші мен заңгердің де жұмысын атқарады. Сондықтан қазір жобаға 60-тай адам қатысады.

 Кеңесші клиентке қандай көмек бере алады?

 Орталыққа қоңырау негізінен тұрғындардың өзінен түседі. Артынан кеңесшілер хабарласып, мән-жайды білуге тырысады. Алайда басым көпшілігі қайта байланысқа шықпайтыны тағы бар.

Жобаға қатысушының қай-қайсысы тұрғындармен жұмыс істеу бойынша екі күн оқытылады. Бізге сол оқыту 10 минут өткізілді. Негізі клиенттің көңіл күйін  қадағалап, сұрағыңды қайталағанға немесе нақтылап сұрағанға тітіркеніп, сіркесі су көтермей тұрса да кеңесші сабыр сақтауы тиіс. Тіпті, сөз қайтарып, дауыс көтерсе де «сізді түсінемін», «жағдайды сабырмен талқылайық» деп тезисте көрсетілген сабырға шақыратын сөздерден аспау қажеттігін ескертті.  

Құдай оңдап ашулы клиентке жолықпадық. Нұрсұлу есімді келіншек баласының жағдайымен хабарласқан. Айтуынша, ұлы «Белый ломбард» бойынша ұялы телефонын өткізіп, ақысын төлемеген. Салдарынан айыппұл салынған. Оған қоса, банк алдында берешегі бар. Сот шешімімен есепшотына тыйым салған. Кепілсіз несиені, микрозаймды реттеу – «Қарызсыз қоғам» жобасының құзырында.

Кеңесші ретінде есепшотына салынған тыйымды шешуге мүмкіндік барын жеткізіп, клиенттің жағдайын анықтайтын сұрақтар жіберілді. Алдағы уақытта оның банк алдындағы төлемі  жаңа кестеге ауысуы әбден мүмкін.  Ал ломбардтағы айыппұл мәселесін өзі реттеп, төлеуі тиіс. Бұл мәселені «Қарызсыз қоғам» жобасы қарастырмайды. Әйтсе де, бұл келіншек осыдан бір жыл бұрын банкроттық жариялап, орталықтың көмегіне жүгінгені анықталды.

Ернар Құдайберген есімді кеңесші бір күнде кем дегенде 70-80 адамға көмектесетінін айтты. Бұл мұнда жұмысқа былтыр қыркүйек айында кірген.

– «Қарызсыз қоғам» жобасы жайында бірі ағайын-туысынан естісе, енді біреуі жарнамадан көрген. Таңертең ғана бір кісі хабарласып, біз жайлы жұмыстағы бас есепшісінен естігенін айтты. Айтуынша, банк оның жалақысының көп мөлшерін ұстап қалып отыр. Мәселесін анықтап жатырмыз.

Жалпы, клиенттер тарапынан қатты агрессия байқамадым. Көбіне өздері көмек сұрап хабарласқанымен, кері байланысқа шыға қоймайды. Сол себепті ватсап арқылы байланысамыз. Оның үстіне, клиенттер төлем графигін қоятын да, бұғаттауды шешетін де біз деп қабылдайды. Тығырықтан шығу жолын көрсетіп, қандай жағдайда не істеу керегін, қандай арызды қайда жіберу керегі жайлы кеңес беретінімізді түсіндіреміз, – дейді кеңесші Ернар Құдайберген.

 Кепілсіз несиені реттеп, жаңа төлем кестесін алу жолы

 Ал заңгер Назерке Қырғызбай көп жағдайда клиенттердің бар мүлкін ашық көрсетпей жататынын сөз етті. Оның айтуынша, соның салдарынан сот шешімін өзгертіп, клиенттің сұраған өтінішін қабылдамай жатады. Мысалы, алдымызға келген банкке 12 миллион теңге берешегі бар мұғалімнің жағдайы қарастырылды. Екі баланы өсіріп отырған келіншектің жолдасы да жұмыс істейді. Екеуінің де кепілсіз несиесі бар. Бұл жағдайда банк алдында төлемін реттеу үшін жаңа кесте қойылу керек.

– Көп адам жағдайын ашық айтпайды. Айтса да көп нәрсеге көз жұма қарайды. Заң бойынша бәрі көрсетілуі керек. Біреуге ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ сол нәрсе сот тарапынан түбегейлі шешімді қабылдауына әсер етеді. Мысалы, оның дүние-мүлкі бар-жоғы, бар болса қай кезде алынғаны: тұрмысқа шыққанда ма әлде одан бұрын ба? Ері-зайыптының ортақ мүлкі бар-жоғы тексеріледі. Біз клиенттің банк алдындағы төлемін біржола жоймаймыз. Біз олардың есепшотының бұғатталуын шешіп, төлем қабілетін қайта қалпына келтіруге көмектесеміз. Банктің пайыздық мөлшерлемесі алынбайды. Көрсетілген қарыз сомасы 60 айға бөліп беріледі. Онда да ол кісінің күнкөріс мөлшері, отбасы жағдайы, қосымша шығыны бәрі есепке алынады. Мысалы, бір клиент бір жылда үш  рет көлігін алып сатқан. Сот алдында оны көрсетпеген. Салдарынан сот төлем кестесін өзгеріссіз қалдырды, – деді заңгер Назерке Қырғызбай.

Оның айтуынша, көмек сұрап келушілердің көбі – несиені бастапқы жарнаға, үйдің ипотекасын жабуға, киім-кешекті бөліп төлеуге алған.

– Азаматтың соттан тыс банкроттық шешімді алу үшін атында дүниесі болмауы тиіс. Онда да салық ұйымының жауабын 6 ай күтіп, олар құптаса ғана шешім қабылданады. Мәселен, осы мәселемен көмек сұраған адамның ауылда бір сиыры бар болып шыққан. Салдарынан сот оған келісім бермеді, – дейді ол.

Орталықтан көмек алған Аягөз ханым жағдайын реттеп алғанын сөз етті. 

– Денсаулығыма байланысты графикке қойып төлеуге де шамам болған жоқ. Соңғы ұсыныс банкроттыққа тапсыру болды. Банкроттыққа тапсырдым. Банкроттық берілді. Қарыздарым кешіріліп, есепшоттарым ашылатын кезде сот орындаушыларынан қысым болды. «Қарызсыз қоғамға» қайта хабарласып, солардың жол көрсетуімен арыз жаздым, есепшоттарымның бәрін ашып берді, – деді  Астана тұрғыны Аягөз Қалиева.

Түйін: Қоғам өзгерді ме,  адам өзгерді ме? Әлде ел-жұрттың ниеті өзгерді ме? Не десек те, соңғы кездері халық жан тыныштығын қалап, қарызсыз әрі несиесіз өмір сүруге көше бастағаны рас. Оған дәлел –  «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы. Осыдан үш жыл бұрын басталған жоба бүгінде 900-ге жуық қаржылық сауаттылықтан өтіп, кәсіби құқықтық көмек алып, белшесінен батқан адам қарыздан құтыла алды. Бұл дегеніміз – санаулы адамның емес, 900-ге жуық әулеттің, бір қауым елдің жағдайын реттеуге көмектесуі.