Сыр өңірінде көктемгі дала жұмыстары жоғары екпінде жүргізіліп жатыр. Биылғы науқанның басты ерекшелігі – дала қосының дүбірі жаңа бағытта қарқын алды. Яғни диқан қауымы бұрынғыдай тек мол өнім алуды мақсат етіп қана қоймай, су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығын әртараптандыруға басымдық беріп отыр.
Сыр диқандарының дүбірі
117
оқылды

Қызылорда облыстық Ауыл шаруа­шылығы және жер қа­тынас­тары бас­қармасының дерегінше, биыл өңірде 185 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Бұл бірінші кезекте Мемлекет басшысының су үнемдеу саясатына орай жүзеге асырылып отырған баянды бастама саналады. Соның негізін­де биылғы меже бойынша күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға азайтылып, 70 мың гектар деңгейінде бекітілген.

Жуырда өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынас­тары басқармасы бас­шысының орынба­сары Дау­летбек Абдирасулов та биылғы тың бастама төңірегінде жан-жақты түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бұл науқанда қыс­қартылған күріш алқап­тарының орнына жүгері, майлы дақылдар мен малазықтық өнімдердің көлемі арттыруға баса мән берілген. 

«Қазір ерте егілетін дақыл­дарды егу жұмыстары толық аяқталды. Оның ішінде картоп 230 гектарға, көкөніс 3,8 мың гектарға және бақша өнімдері 4,9 мың гектарға егілді. Ал нақты уақытта негізгі дақыл саналатын күріштің 49 502 гектары себіліп, оның 41 360 гектары суға бастырылды. Биылғы кезеңге жоспарланған барлық егіс жұмыстары 1 маусымға дейін толық аяқталады»,  – дейді басқарма басшысы­ның орын­басары.

Қазір дала еңбеккерлері өңірде науқанға қажетті тұқым қоры мен техникаға қатысты мәселе жоқ екенін алға тартады. Нақты айтқанда, 2026 жылға қажетті тыңайт­қыштардың 97,6 пайызы сатып алынса, герби­цидтердің 64,1 пайызы жеткі­зілген.

Биылғы маусымның басты ерекше­лігінің бірі су үнемдеу технологияларының кеңінен енгізілуі болып саналады. Бұл тұрғыда биыл облыста күріш алқаптарын лазерлік тегістеу көлемі 65 мың гектарға жеткізілу жоспарланған. Негізінен, нақты уақытта өңірде су үнемдеу тех­нологияларын пайдалану көлемі өткен жылмен салыс­тырғанда екі есеге артып, 16 700 гектарға жеткен. Бұл бүгінде жоспарланған жұмыстың 82,2 пайызы орындалғанын көрсетсе керек. Бұған қоса, шаруаларды қолдау бағыт­ындағы «Кең дала-2» бағдарламасы арқы­лы 59 шаруашылыққа 8,8 млрд теңге көлемінде жеңіл­детілген несие берілген. 

«Қазір Шардара мен Көк­сарайдан төменгі ағысқа секун­ды­на 550 текше метр су жібері­луде. Қызылорда облысына Көктөбе су бекеті арқылы секундына 538 текше метр су келіп жатыр. Мамандар су шаруа­шылығы жағдайын тұрақ­ты бақылауда ұстап отыр. Соны­мен қатар Арал теңізіне секундына 48 текше метр су барып жатыр. Жыл басынан бері теңізге 780 миллион текше метр су жеткен», – дейді «Арал-Сырдария» бассейндік инспек­циясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов.

Жалпы, суды аз қажет ететін дақыл­дарға көшу, заманауи технология енгізу және су ресурстарын тиімді пайдалану тәсілдері алдағы жылдардың да басты бағытына айналады деп жоспарланған.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы