
Салтанатты іс-шаралар бір мезетте Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондарында ұйымдастырылды. Қонаевта 600-ден астам жас десантшы, Алматыда 500-ден астам және Талдықорғанда 500-дей сарбаз ант қабылдады. Еліміздің әнұран әуенімен жас сарбаздар туған-туыстарының, ардагерлер мен қаруластарының алдында Отанға адал болуға, ел тәуелсіздігін ерлікпен қорғауға және әскери қызметті абыроймен атқаруға ант берді.
Олардың әрқайсысы үшін бүгінгі күн белестің шыңы. Кешегі күннің бозбалалары бүгінде нағыз әскери бауырластыққа, көк беретке және аңызға айналған десант ұраны — «Бізден басқа ешкім емес!» деген жолға қадам басты.

– Әскери ант қабылдау – жай ғана салтанатты рәсім емес. Бұл – Отанға қызмет етудің саналы таңдауы, әскери қызметші әрі азамат ретінде қалыптасу жолындағы бастауы. Бүгін жас десантшылар тәртіпке, ар-намысқа, көмекке келуге, кез келген жағдайда тапсырманы орындауды талап ететін жауынгерлік бауырластықтың бір бөлігіне айналып отыр, – деді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, полковник Ұлан Нұрғазиев.

Мерекелік шараның ерекше атмосферасын әскери қызметшілердің көрсетілімі, қоян-қолтық ұрыс элементтері, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың таныстырылымы толықтырды. Салтанатты рәсімге келген ата-аналар мен қонақтар үшін әскери бөлім аумағына экскурсия ұйымдастырылып, жас сарбаздардың жай-күйімен танысты.

Жас сарбаздардың өздерінің толқынысын жасыра алмады. Көбісі үшін бүгінгі күн – балалық арманы.
– Бала кезімнен дәл осы Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет етуді армандадым. Бүгін ант бере отырып ел алдында үлкен жауапкершілік пен мақтаныш сезіндім. Ендігі міндетім – қызметті абыроймен атқарып, ата-анамның сенімін ақтап, нағыз десантшы болу, – деді 61993 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Алмаз Оразалы.

Алда жас сарбаздар қарқынды жауынгерлік дайындық, далалық жаттығулар, парашютпен секіру және әскери мамандықты меңгеру күтіп тұр. Алайда бүгінгі Әскери ант қабылдау күні олардың жадында мәңгі қалды.
