Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесіне қуғын – сүргін құрбандарының ұрпақтары көптеп хат жазып, жазықсыз жазаланған аталары туралы деректер іздейді, аталарының бастан кешкен қасіретін жеткізеді.
Тағдырмен тайталас
101
оқылды

Сол хаттардың ішінде қуғын-сүргіннен зардап шеккен, бір ғасыр өмір сүрген кейуананың хаты ерекше есте қалды.

Жа­сы 100-ді еңсерген  қарт ана та­рихи әділдіктің сал­та­нат құруын ті­леп, қуғын-сүргін мен күштеп кө­шірудің зардабын көрген қан­дастардың толық ақталуы туралы өті­нішін жеткізеді. Бұл хат – бір ада­м­ның ғана емес, өткен ғасыр­дың зобалаңын бастан кешкен тұтас ұрпақтың аманаты еді. 

«Менің аты-жөнім – Көкен Ра­химқызы.  Жасым биыл 100-ге тол­ды. 1926 жылы Сергеев ауда­ны­ның Балуан ауылында (қазіргі Сол­түстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы) дүниеге келдім. Әкем Рахим Жүнісбайұлы Сәбит Мұ­қановпен бірге әскер қата­рын­да қызмет етіп, онымен өте жақын дос болған кісі. Кейін екеуі бірге оқу­ға кетпек болғанында,  әкем ту­ған ауылындағы аштық пен ін­деттен ағайын-туыстары қыры­лып жатқан соң алысқа ұзап шыға алмай қалады. Артында қараусыз қал­ған балалары да көп еді. Әкем­нің немере ағасы Жүністен Жамал мен Шарбан атты екі қызы ғана тірі қалған. Әкем оларды алыс туыс­­­­тарының үйінен әбден жүдеп-жадап, кісі танымастай халге түс­кен сәтінде тауып алады. Ал Сыз­дық­тың отбасынан жалғыз Мажит қа­на аман қалып, балалар үйіне жі­берілген екен. Анамның ай­туын­­ша, әке-шешем оны таба­ны­нан тозып жүріп, әрең тапқан. Әу­­пірімдеп жүріп, үйлеріне алып келген. Тағы бір немере ағасы Саяд­тың қызы Раисаны аштықтан бұ­ралып, өлгелі жатқан жерінен тауып алған. Ата-анам оны да өз қам­қорлығына алып, үстіндегі ескі киімінің бәрін өртеп, киім­дерім­ді кигізіп, бағып қақты.

Әкем жас болса да сауатты, ел­ге сыйлы, белсенді адам еді. Оны колхоз төрағасы етіп сай­ла­ған. Жұмысын адал атқарып, көп­ші­лікке қол ұшын созуға тыры­са­тын мейірімді жан болды. Халық оны қатты құрметтеп жүрген жан­­ның басына бір күні бұлт үйі­рі­ліп, «Халық жауы» болып шыға кел­ді. Өзіне тықыр таянғанын сез­ген әкем бір түнде қашуға бел буып­ты. Әкем жетім қалған бар­лық немере інілері мен қарындас­та­рын ертіп, орманның арасына жасырынып, өмір сүрдік. Өзім кіш­кентай болғандықтан, көп нәр­се анық есімде жоқ. Бірақ ар­ба­ның астында түнеп, суық жаң­быр­дың астында малмандай су бо­лып жүргеніміз, қарнымыздың қат­ты ашқаны ғана жадымда қа­лып­ты. Жолда анам қатты ауырып қалды. Аяғы ісіп кеткен, жүре ал­май қалады. Анамның қатты қи­налып, әкемнің көз жасына ерік берген сәттері көз алдыма ке­леді. Кейін білдім ғой, анам сол жолы түсік тастап, өлім аузынан қалған екен. Сырттағы адамдардан қорқып, қалың орман ішінде ұзақ түнегеніміз есімде. Қайда бара жат­­қанымызды білмейміз. Белгі­сіз­дікке бет алып, орман ішіне те­рең­дей беріп, ақыры Қорған об­­­лы­сына жеттік», – дейді кейуана.

Бөтен жерге жеткен соң тіл біл­­месе де, қолынан келген тір­лі­гін істеп, жұмыстан қашпай, бала-шағаны асыраудың қамына кірісіп ке­теді. Сол ауылда кезінде тәр­кі­лен­ген былғары зауытының үлкен қой­масы болыпты. Іші өңделген са­палы теріге толы екен. Бірақ ауыл тұрғындарының ешқайсысы етік тігуді білмейтін, бәрі шәркей киіп жүрген. Сонда әкесі өз қо­лы­нан іс келетінін айтып, етік тігу­мен айналыса бастайды. Ауыл­да­ғыларға шана мен арба жасап беретін. 

«Қолынан келмейтіні жоқ, на­­ғыз сегіз қырлы, бір сырлы адам еді. Қандай іс атқарса да, аса ұқып­тылықпен, сапалы орын­дай­тын. Біртіндеп тұрмысымыз тү­зе­ле бастады. Алайда ол жақта қа­зақ­тар жоқтың қасы еді. Ата-анам өзге ортада жүріп, балаларының болашағына алаңдай бастайды. Содан жан-жақтан қазақтарды іздейді. Кейін Омбы облысында ашаршылықтан, індеттен және жаппай қуғын-сүргіннен қашып барған қазақ босқындарының көп екенін естиді. Сол жақта әкемнің досы әрі рухани бауырындай бол­ған Хамза Ибраевпен қайта қауы­шады. Ол «Алаш Орда» қозға­лы­сы­на қатысқаны үшін қуғын көр­ген азамат еді. Кейін ол туралы «Арманда өткен асыл тұлға» атты кітап жазылды. Хамза ағай өте ақылды, дарынды, сауатты, ерек­ше қабілет иесі болған. Алайда тағдыр тауқыметі оны да айналып өтпеді. Отбасын аман алып қалу үшін мал бағып, отын дайындап, қандай жұмыс табылса да істеуге мәжбүр болған. Өкінішке қарай, Хамза ағай өмірден ерте өтті. Сол кезде оның бүкіл отбасы әкемнің қам­қорлығына өтті деуге болады. Әкем оларға әрдайым қолдау көр­сетіп, әсіресе алғашқы қиын жыл­дары барынша көмектесті.

Біз тұрған ауыл маңына немесе көршілес аудандарға тағдыр тәл­ке­гімен босып келген қазақ отба­сы­лары да қоныстанған екен. Қа­зір ойласам, олардың бәрі – ел­дің тірегі болған, ұлттың қаймағы саналатын, қайсар да текті жандар еді. Әулеттің, рудың, халықтың сүйе­ніші болған азаматтар бола­тын. Солардың қатарында Ғалым мен Қабдол Сақтағановтар өз отбасы және туған-туыстарымен бірге келді. Тайпақ ақсақал ұлда­ры­мен бірге осында жүрген. Ол бұ­ған дейін отбасымен Челябі об­­­­лысындағы кеніштерге жер ау­да­рылған екен. Тәжен де бауыр­ла­ры және жақындарымен бірге бос­қын күй кешті. Барлығы төрт отбасы болған.

Сондай-ақ Атамбай қажының ұлы Жамбылған, қуғын-сүргінге ұшырап, үлкен ұлы Сағатпен бірге жапа шеккен Бірімжан, бүкіл ағайын-туысымен бірге көшіп кел­ген Үскенбай да осы өңірден па­на тапқан. Керей-Балта руынан Алдабергенов, Қалықов, Мұр­за­новтар да осында тұрақтаған.

Сорокин ауданында Ахме­тов­тер әулеті қоныстанды. Сібірге қа­шуға мәжбүр болған алыс-жа­қын туыстарының бәрін Ахметбай «Ахметов» деген фамилиямен тір­кеткен екен. Сол себепті бүгінгі күн­ге дейін Сорокин ауданында не­гізінен Ахметов фамилиясын ие­ленген қазақтар тұрады.

Ал Абат ауданынан мал-мүлкі тү­гел тәркіленіп, қуғындалған өнер­кәсіп иесі әрі фабрикант Әл­ти Барлыбаевтың отбасы мен ту­ға­нын кездестіруге болатын еді. Бұ­рын болыс болған Қадырма Шай­мерденов, сондай-ақ бұрын­ғы байлар Елен мен Камен бауыр­лар да сол жаққа тағдыр айдап барған», – деп жазады қария.

Бұл кісілер тұрған ауылды  «Ха­лық жауы» атанып, қу­ғын-сүргінге ұшыраған діни қай­рат­керлер, мешіт қызметкерлері мен имамдар да көп паналаған. Ишим ауданына қарасты қайта құрылған Крулинка атты қазақ ауы­лында сол кезеңде елге белгілі төрт имам тұрған екен. Олар – Дәу­­лет молда, Бектас молда, Ға­лым молда және Омар молда. Бұ­­­лар­дан бөлек те діни сауаты жо­­­­­ғары, көзі ашық, білімді аза­мат­тар аз болмаған. Алайда олар­дың көбі түрлі жаламен қуда­ла­нып, басқа баптармен айыпталған еді. Соған қарамастан, олар ел ішін­де имандылықты сақтап, ру­хани тіршілікті жалғастыруға ты­ры­сыпты.

Райхан апа хатында: «Дәулет имам бірнеше күннен кейін НКВД-ның «үштігінің» шешімімен Тұр­ғын молдамен бірге Ишим түр­ме­сінде ату жазасына кесілген. Бү­­­гінде олардың ұрпақтары Ишим ауданында өмір сүріп жатыр. Омар молда өзінің де «Халық жауы» қа­тарына енгенін, ал туған бауыры Ға­лым молданың сырттай өлім жа­засына кесілгенін естиді. Содан бір таңсәріде Ғалым молданы киіз­ге орап, шанаға жатқызып, үс­тіне өзі отырып, туған жерден жа­сырын кетіп қалады. Ауыл ше­тіне шыққанда ат үстіндегі бір бел­сенді кездесіп, Ғалым молда­ның қайда екенін сұрайды. Омар мол­да оның қайда екенін білмей­ті­нін айтады. Әлгі адамның шана­ға күмәндана қарағанын байқап: «Неғып сонша үңілесің? Астымда жатыр деп ойлайсың ба?» – деп жауап береді.Сол сәтте әлгі бел­сен­ді шанаға еңкейіп, Құран кіта­бын көреді. Қолына алып, бір бе­тін жыртып алып, соған насы­бай темекісін орап шегеді де, Құ­ран­ды бар күшімен лақтырып жі­береді. Кейін бұл оқиғаны имам­ның өзі: «Жараланған қыран құс­тай қанатын жайып, Құран алыс­қа ұшып барып, лайдың іші­не түсті» деп еске алған екен. Әлгі дін­сіз белсенді кетіп қалғаннан кейін Омар молда қасиетті кітапты жер­ден көтеріп алады. Беті жұ­лын­ған сол Құран бүгінде Бал­та­бек ұрпақтарының отбасында қа­сиетті мұра ретінде сақтаулы тұр» деп жазады.

Бұл ауылға келген соң да қу­ғын көргендер аз болмаған. Мол­да­лардың отбасылары да зәбір шек­кен. Солардың бірі – Омар имам­ның жары Мейіз ана. Ол ау­қат­ты әулеттен шыққан, қуғын­да­лып жер аударылған бай Тай­пақ­тың қызы екен. Күйеуінің ар­­­­тынан, оны таба аламын ба деген үрей мен күдік құшағында, өзіне ең қажетті заттарын және әкесінің жасауына бер­ген алтын-күмісін алып, үш ұлы мен екі қызын ертіп, орманға қа­шады. Олар әр сыбдырдан се­кем алып, қасқыр ұлығанын естіп, үреймен күн кешкен. Суыққа, аш­тыққа, ауыр бейнетке қыздары шыдай алмайды. Ақзейнеп пен кішкентай қызы Айкүлсім жол үс­тінде ауырып, шетінеп кетеді. Бір күні әбден қалжыраған Мейіз ана балаларымен өзен жағасына аялдайды. Сол кезде сегіздер ша­ма­сындағы Ахметжан балық ұс­тап, анасына көмектеспек болады. Еңбекке ерте араласып, есейіп кет­кен бала орман ішіне қарай ке­­­­теді. Сол сәтте орманнан бір әйел шығып, оған «тамақ пен ба­лық беремін» деп өзімен бірге ер­тіп әкетпек болады. Абырой бол­ғанда, дәл сол маңда жүрген Мейіз ана баласын әлгі әйелдің қо­лынан жұлып алып қалады. Кейін белгілі болғандай, ол әйел адам етін жейтін жыртқышқа ай­нал­ған екен.  Жұрт оның орман ішін­де жалғыз өмір сүргенін айта­тын. Әлгі әйелдің қазанынан ба­ла­лардың  сүйектері табылған. 

«Мейіз ана сол маңда Ишим де­ген қала бар екенін естиді. Ол жақ­тағы музейде алтын-күміс пен ба­ғалы әшекей бұйымдарды қа­был­дайды деген хабар жетеді. Сон­да Мейіз ана барлық асыл бұйым­дарын  өткізіп, орнына жар­ты қап ұн сатып алады да, нан пі­сі­реді. Аштықтан әбден қажыған ба­лалар үшін бұл нағыз мол­шы­лық­тай көрінген. Кіші ұлы Нығ­мет­жан: «Апа, біз қайтадан байы­дық. Енді кедей болмаймыз» деп алақанын шапалақтап,  қатты қуа­ныпты. «Халық жауы» бол­ма­ған жандардың басына түскен қасірет қандай қиын болғанын осы­дан-ақ бағамдай беруге бола­ды. Олар туған жерін өмір бойы аңсап өтті. Бір күні әділдік орнап, ақталатынына сенді. «Халық жауы» деген «қара таңба» маңдай­ларына неге басылғанын түсінген жоқ. Бар ғұмырын халқына қыз­мет етуге арнаған, елдің қамын ойлаған азаматтар еді. Туған жер­дің топырағы, жусанның иісі, сайын даланың самалы олардың жүрегінен ешқашан өшкен жоқ. Қашықта жүрген жандарға  туған өлкенің әр лебі, әр үні бұрынғыдан да ыстық әрі қымбат болып сезі­летін. Даланың баяу самалы мен қоңыр әуені оларды үнемі туған елге шақырып тұрғандай еді. Круг­линка ауылының маңындағы қорымда туған жерінен жырақта көз жұмған талай белгілі азамат жатыр. Олар ұрпақтарына туған елге деген сағынышын аманат етіп қал­дырып кетті. Мен шамам кел­генше өз миссиямды орындадым деп есептеймін. Бірақ менің ата-анам, жолдасымның ата-анасы, өз еркінен тыс Қазақстаннан жырақ­та қалып қойған мыңдаған қазақ секілді менің де өмірбаянымда: «Қа­зақстан Республикасының заңы бойынша толық ақталды» деген бірауыз сөздің жазылғанын қа­лар едім. Ашаршылықты, қу­ғын-сүргінді, туған жерден күш­теп айырылуды бастан өткерген қазақтар толық ақталған жоқ. Ше­телде жүрген біздер, қазақтар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бізге берген «қан­дас» деген сөзін жүрегімізбен қабылдадық. Барлық қандас саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік ко­мис­сияны құрғаны үшін Пре­зи­дентке ризашылығын білдіреді» деп жазады қарт ана.

P.S.

Қуғын-сүргін мен ашаршылық – қазақ халқының жадынан өшпейтін қасіретті кезең. Сол зұлматтың зардабын көрген жандардың тағдыры бүгінгі ұрпақ үшін тарихи сабақ әрі ұлттық жадымыздың ажырамас бөлігі болып қала береді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы өткеннің ақиқатын ашып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам болды. Кейуананың комиссияға жолдаған хаты – жеке адамның мұңы ғана емес, тағдыр тәлкегіне түскен мыңдаған қандастың ортақ үні. Сондықтан өткеннің қасіретін ұмытпай, жазықсыз жапа шеккен жандардың есімін ұлықтау – бүгінгі буынның азаматтық әрі рухани парызы.

Гүлзина БЕКТАС