Бұл жерде көрсетілген пайыздық өлшем бір өнер иесі екіншісінен лайықты дегенді білдірмейді.
Ел аузындағы есімдер: Халық әртісі атағына лайық өнерпаздар
175
оқылды

Соңғы жылдары «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта жаңғыртылып, мәдениет саласындағы ең беделді марапаттардың біріне айналды. Бұл жай ғана атақ емес. Біздіңше, бұл – өнер адамдарының ұзақ жылғы еңбегіне берілетін баға ғана емес, шығармашылық жолын жалғастырып келе жатқан тұлғаларға жаңа серпін мен шабыт сыйлайтын марапат. Осы уақытқа дейін бұл атаққа бірқатар белгілі өнер қайраткерлері ие болды.

Дегенмен марапат жарияланған сайын әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер айтылып жатады. Бірі белгілі бір өнерпаздың лайық екенін жазса, енді бірі басқа есімдерді алға тартады. Бұл қалыпты жағдай. Әр азаматтың өз пікірін білдіруге құқығы бар. Алайда әлеуметтік желілерді қарап отырсаңыз, кейбір есімдердің өзгелерге қарағанда жиірек аталып жүргенін байқауға болады.

Әрине, біз арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізген жоқпыз және кәсіби сауалнама орталығы да емеспіз. Бірақ бүгінде жасанды интеллект технологиялары үлкен көлемдегі ақпаратты талдауға мүмкіндік беретіні белгілі. Сондықтан Facebook, Instagram, TikTok және Threads желілеріндегі ашық жарияланымдар мен пікірлерді жасанды интеллект көмегімен саралап көруді жөн санадық. Нәтижесінде, қай өнер иелерінің есімі халық арасында жиі аталып жүргенін анықтауға тырыстық. Бүгінгі шолуымызда осы талдаудың қорытындысын ұсынамыз.

Алғашқы төрттік төмендегідей шықты:

Бұл төрттікте ешкімді таныстырудың қажеті жоқ шығар. Әуелгісі  «Дос-Мұқасанның» негізін қалаушы, әнші Мұрат Құсайынов. Қайрат Нұртасты да таныстырып жатудың керегі шамалы. Актер Бекжан Тұрыс баяғыдан-ақ халық жүрегінен орын тапқан, тек ресми атақ қана жетіспей тұрғандай. Ал Кәдірбек Демесінов нағыз «аңыз адам». «Тамашаның» тарланында әлі күнге дейін «Халық әртісі» атағының жоқ екеніне өзіміз де аң-таңбыз.

ЖИ әлеуметтік желіні саралап, халық көп айтатын деп келесі төрттікті таңдап берді:

Бұл өнер иелері де көпке белгілі. Мысалы, Нұржан Төлендиев  әзіл-оспақ майданының әккі өкілі. Мейрамбек Бесбаевтың күні кеше ғана «Парасат» орденін алғанын білеміз. Дегенмен сөз басында айтқанымыздай, басқа марапат бір төбе, «Халық әртісі» болу бір төбе. Нұрлан Өнербаев ағамыз гитарасымен талай қазақтың жүрегінен орын алған. Ресми деректерде оның «Еңбек сіңірген әртіс» екені ғана жазылған. Ал Досымжан Таңатаровтың мәңгілік хитке айналған «Аққуым» әнін білмейтін қазақ кемде-кем.

Жасанды интеллекттен ары қарай осылай деді: 

Саят Медеуовті  жас буын көп біле бермесе де, орта буын мен аға буын жақсы таниды. Бүгінде сахнаға сирек шығып жүргенімен, оның өнерін ешкім ұмытқан жоқ. Қыдырәлі Болмановтың да еңбегі ерен. Бүгінгі эстрадада орны ойып тұрып белгіленген «Ұлытау» тобы мен кезінде өзі құрамында болған АБК тобының әуезді әндері әлі есімізде. «Шаншар» театрының негізін қалаушылардың бірі Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора ағаларымыздың да жақын арада «Халық әртісі» атағын алатынына сенеміз.

Бүгінгі шолуымызды жасанды интеллект көмегімен жасағанымызды басында айттық. Әрине, бұл халықтың пікірін 100 пайыз дәл көрсетеді деген сөз емес. Дегенмен әлеуметтік желілерде «Халық әртісі» атағына лайық деп жиі аталып жүрген есімдердің бір парасын осы тізімнен көрдік.

Бұл жерде көрсетілген пайыздық өлшем бір өнер иесі екіншісінен лайықты дегенді білдірмейді. Сондай-ақ кім бірінші, кім кейін алуы керек деген тәртіп те емес. Жасанды интеллектке интернетте және әлеуметтік желілерде «Халық әртісі атағына кімдер лайық?» деген сұраққа байланысты қай есімдер көбірек аталып жүргенін саралау тапсырылды. Соның нәтижесі пайыздық көрсеткіш ретінде берілді.

Әрине, лайықты өнерпаздардың қатары мұнымен шектелмейді. Қазақ сахнасында елдің ықыласына бөленген талай майталман тұлға бар. Ең бастысы, өнерге өмірін арнаған азаматтардың еңбегі дер кезінде еленіп, лайықты атақ өз уақытында берілсе екен деген тілегіміз бар.

Осыған дейін "Марапат алған 308 өнерпаз: “Халық әртісі” атағының бір ғасырлық тарихы " атты шолуымыз жарыққа шыққан.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп,  Аikyn.kz   сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.