Соңғы жылдары Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың ішінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр.
Тегін дәрі халыққа қалай жетеді?
164
оқылды

Бұл бағыт тек медициналық қызмет сапасын арттыру ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әділеттілік, азаматтардың өмір сапасы және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің деңгейін айқындайтын негізгі  көрсеткіштің бірі саналады.

Бүгінде елімізде дәрілік қамтамасыз ету жүйесі ауқымды трансформациядан өтіп, жаңа модельге көшуде. Оның негізгі мақсаты – дәрілік заттардың қолжетімдігін арттыру, қаржылық жүктемені азайту және емдеудің тиімділігін дәлелді меди­цина қағидаттары негізінде қамтамасыз ету.

Статистика не дейді?

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жыл­дары тегін дәрілік қамтамасыз ету жү­йе­сі айтарлықтай кеңейген. Егер 2018 жылы бұл жүйемен 1,9 миллион адам қам­тылса, 2025 жылға қарай олардың саны 3,4 миллионға жеткен. Бұл – ел халқының шамамен әрбір алтыншы тұрғыны мем­лекет есебінен тегін дәрі-дәрмек алады де­ген сөз.

Көрсеткіштің өсуі, бір жағынан, жүйе­нің қолжетімділігінің артқанын білдірсе, екінші жағынан, оның тұрақтылығы мен тиімділігіне қатысты сұрақтарды да туын­датады. Себебі мұндай кең ауқымды қамту үлкен қаржылық және ұйымдастыру­шылық ресурстарды талап етеді. Соған қа­рамастан, бұл өсім кездейсоқ емес. Жүйе тек ауыр науқастарға ғана емес, со­ны­мен қатар созылмалы және әлеу­меттік мәні бар аурулары бар азаматтарға бағыт­талған. Олардың қатарында қант диабеті, гипертония, онкологиялық және сирек кездесетін аурулар бар.

Дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің кеңеюі қаржыландыру көлемінің артуы­мен қатар жүріп отыр. Соңғы жылдары амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету бюджеті үш еседен астам өсіп, 2018 жылғы 87,2 млрд теңгеден 2026 жылы 337,4 млрд теңгеге дейін жетуі жоспарланған. Бұл өсімнің бірнеше себебі бар. Біріншіден, аурулар мен препараттар тізімі кеңейтілді. Екіншіден, қымбат инновациялық емдеу әдістері енгізілді. Үшіншіден, пациенттер саны артқан. Дегенмен қаржыландырудың өсуі әрдайым тиімділікпен қатар жүреді деп айту қиын. Бұл жерде басты мәселе – бөлінген қаражаттың қаншалықты мақ­сатты және нәтижелі жұмсалып жат­қанында.

Реформаның маңызды бағытының бірі – тегін дәрілік қамтамасыз етуге кіретін аурулар тізімін кеңейту болды. Бұрын 48 түрлі аурулар жіктемесі қамтылса, бүгінде олардың саны 121-ге жеткен.

Алайда соңғы жылдары жүйе «саннан сапаға» көшу бағытын ұстануда. 2024-2025 жылдары жүргізілген ревизия нәтижесінде клиникалық тиімділігі төмен 58 препарат тізімнен алынып тасталды. Алдағы уа­қытта жүйені 75 негізгі аурулар жіктемесіне шоғырландыру жоспарланып отыр. Бұл – ре­сурстарды тиімді бөлуге және нақты нәтижеге бағытталған саясаттың көрінісі.

Баға саясаты қалай жүргізілуде?

Дәрі-дәрмек бағасын төмендету – халық үшін ең сезімтал мәселенің бірі. Мемлекеттік реттеу тетіктерін қайта қарау нәтижесінде тегін медициналық көмек және МӘМС аясында сатып алынатын препараттардың бағасы орта есеппен 15%-ға төмендеген.

Ал нарықтың көтерме және бөлшек сегменттерінде бұл көрсеткіш 26%-ға дейін жеткен. Бұл – әрине, оң өзгеріс. Бірақ баға мәселесі толық шешілді деуге ерте. Себебі нарықтағы бағалардың құ­был­малылығы, импортқа тәуелділік және логистикалық шығындар әлі де өз әсерін тигізуде.

Сонымен қатар баға диапазонының өзі жүйедегі теңсіздікті көрсетеді: бір пре­параттың құны 1 теңгеден басталса, екін­шісі 31,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл – әсіресе, сирек ауруларды емдеудегі үлкен қаржылық жүктемені білдіреді.

Деректерге негізделген модель

Қазіргі таңда дәрілік қамтамасыз ету жүйесінде жоспарлау «төменнен жоғары» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Яғни, әрбір медициналық ұйым нақты пациенттер бойынша өтінім береді. Бұл жүйенің артықшылығы – оның дербестен­дірілгендігі. Әрбір өтінім нақты пациент­тің деректеріне негізделеді: диагнозы, қа­былдайтын препараты, тұтыну көлемі және емдеу тарихы ескеріледі.

Сонымен қатар автоматтандырылған есептеу жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл жүйе сұранысты болжауға, артық шығындарды азайтуға және тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Дегенмен практика көрсеткендей, кейбір өңірлерде жоспарлау сапасы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Өтінімдердің дұрыс толтырылмауы немесе кешіктірілуі дәрілердің жетіспеуіне әкелуі мүмкін.

Логистика және цифрландыру

Дәрілік қамтамасыз ету жүйесіндегі негізгі сын көбіне логистикаға қатысты айтылады. Әсіресе, ауылдық жерлерде дә­рілердің кешігуі немесе уақытында жет­кізілмеуі туралы шағымдар жиі кездеседі.

«Жеткізу процесі жоспарлы түрде жүзеге асырылады және барлық өңірлер бір­дей қамтылады. Дегенмен нақты жағ­дайда қиындықтар туындайтыны жасы­рын емес. Осы мәселені шешу үшін мем­ле­кет бірқатар іс-шараларды қолға алды. Атап айтқанда, бірыңғай дистри­бьютор­дың жеке қойма инфрақұрылымы құ­рылуда. Ірі қалаларда жаңа ло­гистикалық орталықтар ашу жос­парланған. Сонымен қатар ци­фрландыру белсенді түр­де енгізілуде. Қоймалар­ды басқару жүйесі (WMS) іске қосы­лып, алдағы уақытта көлік логис­тикасын басқару жүйесі (TMS) енгізілмек. Бұл жүйе­лер дәрілердің қозғалысын нақты уа­қытта бақы­лауға мүмкіндік бере­ді. Яғни, па­ци­ент өзіне қажетті пре­­параттың қай жерде екенін біле алады», – дейді ҚР ДСМ Дәрі-дәр­мек саясаты депар­таментінің ди­рек­­торы Жандос Әділхан.

Мемлекеттік сатып алуда үнем мен ашықтық бар

 Соңғы жылдары мемлекеттік сатып алу жүйесінде де өзгерістер байқалады. Өндірушілерден тікелей сатып алу көлемі үш есеге артты, ал халықаралық ұйымдар арқылы сатып алу 87%-ға өсті. Бұл делдал­дарды азайтып, бағаны төмендетуге мүм­кіндік берді.

2025 жылы 70,5 млрд теңге, ал 2026 жылдың басында тағы 47 млрд теңге үнем­делген. Бұл қаражат қайтадан пациент­терді қамтамасыз етуге бағытталған. Де­ген­мен ашықтық мәселесі әлі де қоғам на­зарында. Сондықтан «Еститін мемле­кет» қағидаты аясында байланыс орталы­ғының тәулік бойы жұмыс істеуі және Telegram-боттың іске қосылуы – осы ба­ғыт­тағы маңызды қадамдар.

Аймақтық теңгерім: жүйе қаншалықты әділ?

Дәрілерді өңірлер арасында бөлу нақты сұранысқа негізделген. Бірақ тәжірибеде кейбір аймақтарда тапшылық, ал басқаларында артық қор қалыптасуы мүмкін. Бұл көбіне жоспарлау қателік­терімен байланысты. Мұндай жағдайда препараттарды өңірлер арасында қайта бөлу механизмі қолданылады. Бұл жү­йенің икемділігін көрсетеді, бірақ бастап­қы жоспарлау сапасын арттыру қажеттігін де дәлелдейді.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы дәрі­лік қамтамасыз ету жүйесі түбегейлі өзге­рістер кезеңін бастан өткеруде. Қолжетім­ділік артты, қаржыландыру көбейді, цифрландыру енгізілді.

Алайда негізгі жоспарлау сапасына, логистикадағы іркілістерге, баға тұрақсыз­дығына және өңірлік теңгерім мәселесіне қатысты сын-қатерлер де сақталып отыр. Соған қарамастан, жүйе оң бағытта даму­да. Ең бастысы, реформалар тек сандық көрсеткіштерге емес, сапа мен тиімділікке бағытталуға тиіс. Өйткені дәрілік қам­тама­сыз ету – жай ғана медициналық қызмет емес, ол – азаматтардың өмір сапасы мен мемлекетке деген сенімінің көрсеткіші.

Айгүл СЕЙІЛ