Қазақстандағы бала құқығын қорғау стратегиясын халықаралық тәжірибемен салыстырған талдауды Aikyn.kz ұсынады.
2026 жылғы 15 наурызда жалпыхалықтық республикалық референдумда қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап ресми күшіне енетін Қазақстанның жаңа Конституциясында балалар құқықтарын қорғау мәселесі де қамтылған. Жаңа Конституция мен еліміздің заңдарында балалар құқықтарын қорғауды заңдық баптардың жай жиынтығы емес, ұлттың рухани құндылықтары мен гуманистік принциптерді қорғайтын биік меже деп түсінген дұрыс.
Қазақстанның жаңа Конституциясының 30-бабында отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені айқын көрсетілген:
1. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.
2. Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.
3. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.
4. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.
Ата Заңға жазылған құқықтық нормалар – қағаздағы құр сөйлем емес, мемлекеттік саясаттың өзегі болуға тиіс алтын арқау. Балаға қамқорлық жасау мен оны тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті болса, мемлекет сол отбасының берекесін бекітіп, баланың қауіпсіз, білімді, дені сау, намысы биік азамат болып өсуіне жағдай жасайды.
Бүгінде Қазақстанда 6,9 миллионнан астам бала бар, бұл халықтың үштен бір бөлігі. Демек, бала құқығы туралы сөз – ұлттың болашағы туралы сөз. 2026 жылғы 29 қаңтарда қабылданған 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы еліміздегі балалардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ұлттық стратегия болып саналады. Бұған дейін білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау салаларында бөлшектеніп кеткен бала құқығы, бала қамқорлығына байланысты мемлекеттік бағдарламалар бір жүйелі стратегиялық құжатқа біріктірілді. Басқа құжаттардан айырмашылығы – тұжырымдама жалпы идеялардан ғана тұрмайды.
Тұжырымдамада нақты бекітілген 158 іс-шарадан тұратын жоспар бар, нақты бюджеті бар. Құжатты жүзеге асыруға мемлекеттен 1,3 трлн теңге (шамамен 2,6 млрд АҚШ доллары) көлемінде қомақты қаржы қарастырылған. Тұжырымдаманы іске асырудың нәтижесін бағалайтын 10 нысаналы индикатор бекітілген.
Қазақстанда Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институты ресми түрде 2016 жылғы 10 ақпанда енгізілді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын бақылайды, балалардың қауіпсіздігін нығайтып, оларды зорлық-зомбылықтан қорғайды. Соңғы жылдары елімізде 111 байланыс орталығының жұмысы, мектептердегі қауіпсіздік сабақтары, психологиялық қолдау орталықтары сияқты нақты механизмдер қалыптаса бастады. Бұның бәрі мемлекеттің қамқорлығын, бала тағдырына бейжай қарамайтын жауапкершілігін және алдын алу мәдениетіне бет бұрғанын білдіреді.Халықаралық тәжірибе бұл мәселеде бізге үлгі болады деп айту қиын. Мысалы, БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын әлемнің 196 мемлекеті қабылдаған. Конвенцияның басты ұстанымы – бала ересектің көлеңкесі емес, дербес құқық иесі. Яғни, бала қорғалуы, дамуы, оның пікір ескерілуі және қадір-қасиеті сақталуы тиіс. Бұл конвенцияны әлемнің барлық 196 мемлекеті қабылдаған. АҚШ – БҰҰ-ның конвенциясын ратификацияламаған жалғыз мемлекет. Оған конвенция АҚШ-тың жекелеген штаттарының егемендігіне нұқсан келтіреді және халықаралық нормалар ата-аналардың бала тәрбиесі мен тәртібіне қатысты америкалық отбасының дәстүрлі құқықтарына араласады деген қауіп себеп болған.
АҚШ Конституциясында бала құқықтарына арналған арнайы бап та жоқ. «Бала» немесе «балалар» деген сөз құжаттың түпнұсқа мәтінінде де, оған енгізілген 27 түзетуде де мүлдем кездеспейді. АҚШ-та балалардың құқықтары Жоғарғы соттың конституциялық құқықтарды түсіндіруі мен федералдық, штаттық заңдар арқылы қорғалады.
АҚШ тәжірибесінің ерекшелігі – бала құқықтары федералдық деңгейде БҰҰ Конвенциясы арқылы емес, ішкі конституциялық және штаттық құқық жүйесі арқылы қорғалады. АҚШ Конституциясы балаларды жеке топ ретінде бөлек қарамайды. Бірақ олар тең қорғалу, тиісті құқықтық рәсім және жеке бостандық сияқты негізгі құқықтарға ие. Ал штат конституцияларында бала мүддесі көбіне білім алу құқығы арқылы көрінеді. Флорида сияқты штаттарда тіпті төрт жасар балаларға тегін әрі сапалы мектепке дейінгі білім беру нормасы бекітілген. Дегенмен АҚШ штаттарында «бала құқығы» деген тұтас конституциялық баптар сирек кездеседі. Баланың қауіпсіздігі, патронаттық тәрбие және әлеуметтік қолдау мәселелері көбіне штаттардың арнайы заңдарымен реттеледі.
Қытай мен Германияда бала, отбасы, ата-ана міндеті тікелей конституциялық деңгейде айтылған. Францияда бала құқығы көбіне 1946 жылғы Конституция преамбуласы арқылы білім, денсаулық, әлеуметтік қорғалу қағидаттарымен бекітілген. Ұлыбританияда біртұтас жазылған Конституция жоқ, сондықтан бала құқығы конституциялық сипаттағы актілер мен арнайы заңдар арқылы қорғалады.
Қытай Халық Республикасының Конституциясында бала құқығы отбасы, ана мен бала, ата-ана міндеті аясында бекітіледі. 49-бапта «неке, отбасы, ана мен бала мемлекет қорғауында болады» деп көрсетілген. Сол бапта ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын өсіріп, тәрбиелеуге міндетті екені және қарттарды, әйелдер мен балаларды қорлауға тыйым салынатыны жазылған. Яғни, Қытай моделі баланы жеке құқық иесі ретінде ғана емес, отбасы институтының ішіндегі қорғалатын тұлға ретінде қарастырады.
Германияның 1949 жылы қабылданған Негізгі заңының 6-бабы «Неке және отбасы» деп аталады. Онда неке мен отбасы мемлекеттің ерекше қорғауында екені айтылады. Баланы күту мен тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті; ал мемлекет осы міндеттің орындалуын қадағалайды. Бұл жерде маңызды тепе-теңдік бар: бала тәрбиесі ата-ана құқығы ретінде мойындалады, бірақ мемлекет бала мүддесі бұзылса араласуға құқылы.
Францияның 1958 жылғы Конституциясының негізгі мәтінінде бала құқығы жеке тарау ретінде кең жазылмаған. Бірақ оның преамбуласы 1946 жылғы Конституция преамбуласына сүйенеді. Ал 1946 жылғы преамбулада ұлт балалар мен ересектердің білімге, кәсіби даярлыққа және мәдениетке тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Тегін, зайырлы және мемлекеттік білім беруді ұйымдастыру – мемлекеттің міндеті деп көрсетілген. Сонымен қатар Францияда бала құқықтарын қорғауда конституциялық мәртебесі бар Құқық қорғаушы / Defender of Rights институты маңызды рөл атқарады: оған бала құқығы бұзылған жағдайда жүгінуге болады.Ұлыбританияда Қазақстан, Германия немесе Франциядағыдай біртұтас жазылған Конституция жоқ. Сондықтан «Ұлыбритания Конституциясында бала құқығы былай жазылған» деп айту дұрыс емес. Бала құқығын қорғаудың басты тіректері – Children Act 1989 және Human Rights Act 1998. Children Act 1989 бойынша сот немесе мемлекеттік орган балаға қатысты шешім қабылдағанда, баланың әл-ауқаты бірінші кезектегі мәселе болуы тиіс. Ал Human Rights Act 1998 Еуропалық адам құқықтары конвенциясындағы құқықтарды британдық құқық жүйесіне енгізеді. Сондықтан балалар да жеке және отбасылық өмірге құрмет, әділдік, кемсітпеу сияқты негізгі құқықтарды сотта қорғай алады.
Бұл елдердегі балалардың құқығы жалпы заңдар мен адам құқықтары актілері арқылы қорғалады. Әлемнің ықпалды мемлекеттерінің тәжірибесі бір ойға жетелейді. Бала құқығын қорғауды тек заң жазу емес, баланың амандығын мемлекеттің, отбасының және қоғамның ең жоғары құндылығына айналдыру деп түсіну керек.
Қазақстан үшін де басты міндет – осындай. Біздегі мемлекеттік саясат пен құқықтық орта баланы қорғауды оқиға болғаннан кейінгі әрекет емес, алдын алатын жүйе деңгейіне көтеруге басымдық береді. Әр мектепте сенімді психолог, әр өңірде қолжетімді дағдарыс орталығы, әр отбасында құқықтық сауат болуы қажет. Баланың ары мен абыройын қорғау – тек ювеналды полицияның немесе мұғалімнің жұмысы емес. Бұл мәселе – әкімнің де, депутаттың да, дәрігердің де, журналистің де, ата-ананың да ортақ парызы.
Жаңа Конституция бізге бір нәрсені еске салады. Мемлекет адам үшін қызмет етеді, өз азаматтарын қорғайды. Ал адамзаттың ең нәзік аманаты – бала. Бала құқығы қорғалған елде қорқыныш азаяды, болашаққа деген сенім күшейеді. Баланың қалауын ескерген, сөзіне құлақ түрген қоғам ертең әділетті, білімді, мейірімді ұрпақтың даусын естиді.
