Оңтайлы агротехникалық мерзімдерде жоғары өнімділік машина-трактор паркінің техникалық дайындығының арқасында қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының қарамағында 133,9 мың трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралы болды. Егістік алқаптарында сервистік қызмет көрсетуді 70 мамандандырылған орталық қамтамасыз етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдағы егіс науқаны қарсаңында Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне техника паркін жаңғырту қарқынын жеделдету міндетін жүктеді. Осы мақсатта Үкімет отандық машина жасау саласын дамытуға бағытталған өзара байланысты қолдау бағдарламаларының кешенін іске қосты.
Солардың бірі – фермерлер арасында жоғары сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы қаржыландыру бағдарламасы. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бағдарламаны қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайтылды. Егер өткен кезеңде отандық өндірістегі техниканы лизингке алуға бюджеттен 250 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа кемінде 300 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Қабылданған шаралар аграршыларды егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік беретін жоғары өнімді техникамен қамтамасыз етіп қана қоймай, сабақтас өнеркәсіп салаларының дамуына да қосымша серпін беруіне мүмкіндік жасады.
