Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты жағдайға түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Михаилмен жасалған келісімшартқа қатысты мәселе шешілді. Бұл – стандартты келісімшарт. Оған тек Олимпиада чемпиондары емес, барлық спортшылар қол қояды. Біз оны БАҚ қысымымен бір адамға арнап жеке өзгерте алмаймыз, – деді министр Үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, екі тарап та тиісті қорытынды жасады.
– Біз Михаилмен бірге келісімшартты қарап шықтық және екі тарап та тиісті қорытынды жасады. Байланыс пен түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Михаилге қатысты мәселе толық шешімін тапты. Қазір оның жаңа маусымға дайындалуына назар аудару маңызды. Екі тараптағы орындаушылар мен менеджерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп жауап берді Ербол Мырзабосынов.
Министрдің айтуынша, Михаил Шайдоровпен жасалған келісімшарттың өзге спортшылардың келісімдерінен еш айырмашылығы жоқ.
– Олимпиада чемпиондары болсын немесе деңгейі төмендеу спортшылар болсын, бәріне бірдей міндеттемелер қарастырылған. Бұл – типтік келісімшарт. Ол қандай да бір қаржыны кері қайтаруды міндеттемейді, – деді Ербол Мырзабосынов.
