Алматыда полицияның жоспарлы оқу-жаттығуы кезінде жарық-дыбыстық граната мерзімінен бұрын іске қосылып, жарылыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға салдарынан бөлімше қызметкерлеріне жедел медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта олардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында.
Аталған дерек бойынша қызметтік тексеру басталды. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Полиция департаменті әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат көздерінде тараған қызметкерлердің жаппай зардап шеккені және ауыр жағдайда екені туралы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Ведомство тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырып, жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
