Тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызы бала тәрбиесі туралы сөз қозғады, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол баланы өмірдің түрлі қиындығына төтеп бере алатындай мықты етіп тәрбиелеу маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар бала жеңіспен қатар жеңіліске де дайын болу керегін айтты.
"Аяушылық сезімін ояту үшін емес. Бұл видеоны жүктеуімнің өз себебі бар. Әкесінің басында Құран оқып отырған Сардар. Бұл мен үшін де, ол үшін де оңай емес сәт. Бірақ үйде ес кіре бастаған бала болса, кей нәрсені жасырмай, саналы түрде айтып отырған дұрыс деп ойлаймын.
- Өмір бар жерде өлім бар.
- Кей адамдар ажырасады.
- Байлық та, қызмет те, атақ та мәңгі емес.
- Өмір әрдайым әділ бола бермейді.
- Ал кейбір ең ауыр сабақтарды өмірдің өзі үйретеді.
Балаларды тек жеңіске емес, жеңіліске де, тек қуанышқа емес, қайғыны көтеруге де, тек алуға емес, қабылдауға да үйрету керек. Өйткені өмірдің өзі сондай. Біз балаларды барлық қиындықтан қорғай алмаймыз. Бірақ қиындық келгенде сынбайтындай етіп тәрбиелей аламыз. Меніңше, нағыз мықтылық - өмірдің ащы-тұщысын көрсе де, жүрегіндегі мейірімін жоғалтпау», - деп жазды тележүргізуші.
Желі қолданушылары тележүргізушіге қолдау білдірді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
