Aikyn.kz мата бетіне жағылған нано бөлшектердің көмегімен киімді оңай тазартуға болатынын zmescience.com материалына сүйеніп түсіндіреді.
Зерттеушілер мата бетіне жағылатын наноөлшемді жабын жасап шығарды. Бұл жабын дақтарды, майды, терді және микробтарды матаға жабыстырмай, оларды қарапайым ағын сумен шайып кетіретін болады.
Бүгінде кір жуу үлкен экологиялық мәселе болып отыр. Бір кір жуғыш машина бір циклде 60 литрге дейін таза су жұмсайды. Бұған электр энергиясы, кір жуғыш ұнтақ, химиялық қоспалар және микропластик қалдықтары қосылады. Сондықтан кір жұқтырмайтын мата тұрмыстық шығынды ғана емес, қоршаған ортаға түсетін зиянды да азайтады.
Жаңа технологияны Оңтүстік-Шығыс университетінің ғалымы Чонглин Чэн мен Цзилинь университетінің зерттеушісі Даян Ван әзірлеген. Олар мақта, жібек және полиэстер сияқты маталарға оң және теріс зарядталған полимерлерді кезекпен бүркіген. Нәтижесінде, мата бетінде өте жұқа қорғаныш қабат пайда болған.
Ғалымдар бұл қабатты «молекулалық су сауыты» деп атайды. Ол ауадан ылғал тартып, жіптердің үстінде микроскопиялық су қабатын қалыптастырады. Осы қабат мата мен кірдің арасында тосқауыл қызметін атқарады.
Зерттеу барысында ғалымдар өңделген матаға кетчуп, чили майы және соя тұздығын жаққан. Кейін оны ешқандай жуғыш зат қоспай, тек таза сумен шайған. Нәтижесінде, майлы дақтар толық кеткен. Кей жағдайда жаңа жабын қарапайым кір жуғыш құралдардан кем түспеген.
Бұл технологияның тағы бір маңызды артықшылығы – микропластиктің таралуын азайтуы. Полимерлі жабын синтетикалық талшықтарды мата ішінде ұстап қалып, жуу кезінде олардың суға бөлінуін тежейді.
Сонымен қатар жабын бактериялар мен саңырауқұлақтардың матаға жабысуын қиындатады. Ол микробтарды химиялық жолмен өлтірмейді, тек олардың матаға бекінуіне жол бермейді. Сондықтан жағымсыз иіс пен көгерудің алдын алады.
Жабынның қалыңдығы небәрі 65 нанометр болғандықтан, киімнің жұмсақтығы, ауа өткізгіштігі және бастапқы құрылымы сақталады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл технология 100-ден астам жуу циклінен кейін де тиімділігін жоғалтпаған.
Дегенмен басты мәселе – тұтынушылардың сенімі. Көп адам көбік пен хош иісті тазалықтың белгісі деп қабылдайды. Ал бұл технологияда киім тек сумен шайылады. Сондықтан ғалымдар оны нарыққа шығару үшін тәуелсіз қауіпсіздік тексерулері, ұзақмерзімді сынақтар және экологиялық бағалау қажет екенін айтады.
Егер бұл технология коммерциялық деңгейде сәтті енгізілсе, болашақта киімді жуу үшін кір жуғыш ұнтақ емес, қарапайым су жеткілікті болмақшы. Жаңа технология туралы толық материал Communications Chemistry журналында жарияланған.
