Мемлекет басшысының айтуынша, Ақ үй әкімшілігіне Дональд Трамп келгеннен бастап Вашингтон Астанамен және Орталық Азия аймағымен ықпалдастықты айтарлықтай жандандыра түскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бен Блэк инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесін талқылады
152
оқылды

Мемлекет басшысы АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мейманға ілтипат танытып, бұл сапар Вашингтонда қол жеткізілген келісімдердің жалғасы, сондай-ақ АҚШ-пен сан қырлы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы маңызды қадам саналатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ақ үй әкімшілігіне Дональд Трамп келгеннен бастап Вашингтон Астанамен және Орталық Азия аймағымен ықпалдастықты айтарлықтай жандандыра түскен.

– Біз АҚШ президентінің дипломатияға деген батыл көзқарасын және прагматикалық ұстанымын толық қолдаймыз. Қазақстан Американың Ибраһим келісімдері, Бейбітшілік кеңесі, TRIPP бастамасы және басқа да негізгі жобаларын ілгерілетуге белсенді атсалысуда. Бірлескен күш-жігеріміз бүгінде бұрынғыдан да беки түскен кеңейтілген стратегиялық серіктестігімізге тың серпін берді. Сіздің сапарыңыз Қазақстандағы ауқымды саяси және экономикалық өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл реформалар елімізді ресурстарға тәуелді модельден білімге бағдарланған әртарапты экономикаға көшіруге бағытталған. Корпорацияңыздың инвестициялық басымдықтары Қазақстанның даму күн тәртібіне сай келеді. Біз нақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа дайынбыз, – деді Президент.

Бен Блэк қонақжайлық көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Алматыда Қазақстанның іскерлік қауымдастығымен өте нәтижелі әрі мазмұнды кездесу өткеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған кездесулердің екіжақты байланыстарды кеңейту тұрғысынан өзектілігіне және қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыру қажеттігіне айрықша назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстан тарапы бірлескен инвестициялық жобаларды қолға алуға дайын екенін растады.

Кездесуде аса маңызды минералдар, өзара көлік байланысы, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды. 

Сонымен бірге Қазақстанда АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі тұрақты өкілдігін ашу мәселесі қаралды.