Тарихтың кілті – табылған жәдігерлерде. Соның бірі – өз бойында жылдар бойы өткен күннен сыр шертетін заттарды сақтап келген Талды алқабы.
Тарих сырын бүккен – Талды
167
оқылды

Қарағанды облысындағы осы жерде «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы даланың құпиялары – Талды» атты халықаралық симпозиум өтті. Ғылыми форумға Қазақстан, Түркия, Германия, Мажарстан және Ресейден келген зерттеушілер қатысты.

Конференция өтетін орын ретінде «Талды» паркінің таңдалуы кездейсоқ емес. Мұнда өңірдегі ең танымал ескерткіштердің бірі – қола дәуіріне жататын бірегей археологиялық нысан Қаражартас пирамидасы орналасқан. Ғалымдар «Талды» кешенін Ұлы даланың бай тарихы мен мәдени мұрасын айғақтайтын маңызды ескерткіштердің бірі деп санайды.

Симпозиумның ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қазіргі заманда тарихи ескерткішті сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінде жасанды интеллект пен жаңа технологиялар өмірімізді қарқынды түрде өзгертіп жатыр. Алайда біздің кім екенімізді және тамырымыздың қайдан бастау алатынын түсінуге тек тарих көмектеседі. Өз өткенін ұмытпаған халық өзінің болмысын сақтап қалады. Егер Мысыр пирамидалары Ніл аңғары өрке-н­иетінің символына айналса, Сары-арқадағы сақ қорғандары Ұлы дала өркениетінің ау­қымы мен тереңдігін әлемге танытты, – деді ол.

Форум аясындағы маңызды оқиғаның бірі халықаралық ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою болды. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі Вен­грияның ARC-heo art-REKO студия­сымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факульте­тімен меморандумдар жасасты. 

Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізуге, тәжірибе алмасуға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға уағдалас-ты.

Ұлы даланы ежелгі дәуірде мекендеген халықтар туралы тың деректерді ұсынған ғалымдар Талды өңірінің әлі де талай құпия мен жаңалықтың кілтін сақтап отырғанын атап өтті.

Түркиялық антрополог Назлы Ақбас қазіргі Орталық Қазақстан аумағында бірнеше мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар туралы сөз қозғады. 

Сонымен қатар Талды тарихи-археологиялық кешенінің аумағындағы Ақ­кезең қорымынан табылған адам сүй­ек­терін зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Ғалымдардың анықтауынша, жерлеу орны ер адам мен әйелге тиесілі болған. Қорым көне дәуірдің өзінде тоналғанына қарамастан, сүйек қалдықтары ғылыми талдау жасауға жеткілікті деңгейде сақ­талған.

– Ер адамның жамбас және омыртқа сүйектерінен үзеңгісіз ұзақ уақыт атқа мінген адамдарға тән өзгерістер анықталды. Сүйек­тердің беріктігі олардың табиғи тағаммен қоректенгенін де көрсетеді, – деді зерттеуші.

Назлы Ақбастың пікірінше, Талды алқабы әлемдік ғылым үшін және мәдени-тарихи дәстүрлерді зерттеу тұрғысынан ерекше құндылыққа ие.

Симпозиумда көтерілген тақырыптар ауқымы кең болды. Қатысушылар антропология, археология, археоботаника және археометрия салаларындағы зерттеулерді талқылады. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологы, профессор Мадияр Елеуов Қазақстанның архео­логиялық мұрасын сақтау мәселелеріне тоқталды. 

Академик Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды зерттеу университеті жанындағы «Сарыарқа» археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин Талды тарихи-археологиялық паркінің аума­ғындағы қола дәуірі ескерткіштерін зерт­теу нәтижелерін таныстырды. 

Мажарстандық мүсінші-реставратор Эмеше Анна Габор Алтын Орда дәуіріндегі адамдардың бет-бейнесін қалпына келтіру тәжірибесімен бөліссе, Макс Планк институтының палеоботанигі Басира Мир археология мен ботаника тоғысындағы зерттеулер туралы баяндады.

Талды аумағында жазғы далалық маусым да басталды. 

Қазба жұмыстары әйгілі Қаражартас пирамидасының маңында жүргізілуде. 

Зерттеушілер орта қола дәуіріне жата­тын қорымды зерттеп, алғашқы нәтиже­лерін ұсынды.

– Қазба барысында палеоан­тро­по­логиялық материалдар – адам сүйектерінің қалдықтары, сондай-ақ құмыра түріндегі керамикалық ыдыстар табылды. Өкінішке қарай, негізгі жерлеу құрылыстары көне заманда-ақ тоналған. Дегенмен анықталған жәдігерлер қолдағы ғылыми деректер қор­ын толықтырып, зерттеушілерге жаңа тұ­­жы­р­ым­дар жасауға мүмкіндік береді, – деді археолог, PhD докторы Айбар Қасен­алин.

Симпозиум аясында Талды алқабынан табылған археологиялық олжалардың көрмесі ұйымдастырылды.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы сақ қазаны, көне қанжар, әшекей бұйымдар мен көшпелілердің тұр­мыстық заттарын көпшілік назарына ұсынды.

Өңірдің басқа мұражайларынан әке­лін­ген жәдігерлер де келушілердің қызығу­шы­лығын тудырды. Шет аудандық архео­ло­гиялық-этнографиялық музейі ұста Әрін Тұрмағамбетұлының домбырасын және Ресейден Қазақстанға қайтарылған, жартылай асыл тастармен әшекейленген ер-тоқымды таныстырды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы